ЕРЕКШЕ  ҚАЗАҚ

2

 «Жақсының аты өшпейді…» де­мекші, Отырар өңірінде қай кезде де артына өнегелі із қалдырған азаматтар аз болмаған. Солардың бірі ауданымыздың әлеуметтік, эко­­номикалық салаларының да­му­ына елеулі үлесін қосқан Рыс­құл Биім­бетов ағамыз болатын. 1994 жылы өмірден өткен Рекең ағамыз көзі тірі болғанда бүгінде  95  жасқа келеді екен.

Осыған орай ардақты ағамызды бір сәт еске алып отырған жайы­мыз бар…

Сонау бір өткен ғасырдың 70-шi жылдарының басында жоғарғы оқу орнын  бітірген соң жолдамамен Ақтөбе облысында  үш жыл қызмет жасап, елге  оралдым.  Аудандық ауыл­шаруашылық басқармасы­ның құрылыс бөлімінің  басшысы қыз­метіне мамандығым бойынша орна­ластым. Қарамағымызда  тоғыз  шаруа­­­­шылық бар.  Солардың құрыл­ыс жұмыстарына басшылық жасаймыз.  Басқарманың бас бухгалтері болып елге қадірлі,  қамқор,  бауырмал  Құ­дай­бергенов Маханбет aғa істейді. Көп мәселені сол  кісімен ақылдасып  шешеміз, отыз жылдың үстінде қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі жан. Сол  aғaғa бір  келгенімде науша бойлы,  насаты келген жарқын жүзді азамат отыр екен.  Мені  таныстырды, әке-шешемді айтып, ол кісіні таныс­тырды, Рысқұл  Биімбетов, аудандық байланыс мекемесінің басшысы деп. Менен 15 жастай үлкен  кісі, барынша ақкөңіл, ынты-шынтымен қарқылдай күлгенде бүкіл әлем жарқын  күйге түседі.  Біраз уақыт өткен соң менімен жайлап әзілдесе бастады. Мен жасы үлкен  кісі деп ыңғайсызданамын. Бір күні Маханбет ағама айттым:

— Рысқұл аға маған неге қалжың айтады?

—  Сен білмейсің бе? Рекеңнің жұбайы сенің анаңның сіңілісі болады.  Сондықтан саған нағашы апайың­ды алып отырған жезде болады.

— Онда маған да қалжың айтуға болады ма?

— Әрине болады. «Жезде» деп құлағынан тартуға  да  саған рұқсат.  Сол кезден бастап Рекеңмен жайлап әзілдесе бастадым.  Әрине, жүрекке  салмақ салуға бармастан. Рысқұл ағамен  отырған отырыс өте көңілді өтетін еді.  Отырысты  гүлдендіріп жіберетін.

Бірер жылдан кейін мен аудандағы жалғыз ПМК-2507 құрылыс ме­кемесіне  бастық болып та­ғайын­дал­дым. Қатар қызметтес болдық. Ол кісі өзінің  іскерлігімен, кісіге ерекше қарым-қатынас жасай білетін қасиеті арқасында  ауданға ҚР Байланыс министрлігінен үш этажды пошта үйін салуға рұқсат алған  болатын. Сол ғимаратты салып бітіру бақыты маған бұйырған еді.

Басшы болған алғашқы жылдан-ақ Рысқұл ағамен бірге жұмыс жасау мен  үшін басшылық өмірдің бастауында таптырмас тәжірибе болды. Кісіге тапсырма  беру, оны қалай қадағалау керек, қай жерде ұрсып, қай жерде жәй айту керек  және т.б. көп қой. Менің басшы болып қалыптасуымда ұстаздарымның бірі  Рысқұл аға болды. Алла разы болсын, деп отырамын әрдайым.  Уақыт өте келе бірге жүріп, бірге қыдыратын болдық.  Әзіл-қалжыңды  күшейтіңкіреп жі­бе­ретін кездер де болды. Бірде мен іс-сапардан келіп,  Рекең ағаны іздестірсем,  «аппендицит» болып Шым­кенттегі облыстық ауруханаға жатып ота жасатыпты. Ат бойы іздеп Шымқалаға келсем, ота сәтті өтіп палатада  жатыр екен.  Қасында отырып  қал-жағдайды біліп, бәрі жақсы болғанына көз жеткен  соң, әдетке басып қалжыңдай бастадым :

— Реке, осы отаны  Шәуілдірде сәтті жасап жатыр, жақсы хирургтер бар.  Неге облысқа кетіп қалғансыз? Мені алдап өтуге болар, мен аңқаулау қазақпын. Сізге арнайы Алла алмақшы болып осы ауруды жіберсе Алланы алдап өтемін  деп келдіңіз бе, Шымкентке?

— Рекең аурухананы басына кө­терердей, ал қарқылдап күлсін… Үйдегі апаң  тыныштау болсын деп  сендердің қамдарыңды ойлап кеттім ғой. «Кәпір тоқ  болса, мұсылман тыныш» деген. Әйтеуір сендер аман-сау болыңдаршы,  деп тағы  күлді.  Ал жауап тауып көр! Осындай жоқ жерден жол табатын, кез-келген  ситуацияда шешім таба білетін ерекше қасиетті, қабілетті жан еді.

Жылдар жылжып өте берді. Мен аудандық атқару комитеті  бас­тығының орынбасары болып сай­лан­дым. Сол бір өткен ғасырдың сексенінші  жылдарының басында ау­данға Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің  бірінші хат­шысы Дінмұхамед Қонаев келетін болды. Ол кісіні қабылдап,  шы­ғарып салатын жай ауданда жоқ.  Қабылдайтын жайды ұйымдастыру маған тапсырылды.  Рекең бәрі­міз  ақылдаса келіп, Автобаза меке­ме­сінің қарсы бетіндегі орман шаруашылығының  жас алма бағы орналасқан жерді таңдадық. Сонау Түркіменстаннан  2 сегіз  қанатты киіз үй алдырдық, қосымша бірнеше алты қанатты киіз үй тіктік, 2  көлеңкелі баспана салдық.

Сол жылы күн ерекше ыстық еді. Сол себепті қонақ күтетін алаңқай­дың үш  жағын қоршай субұрқақ салдық. Бір басынан су жинағыш салып, субұрқақты  іске қоссақ су қоршаудың бас жағында  4 метр биіктікке,  аяқ жағында  2 метр  биік­тікке шашып тұрды. Қонақтар­дың ертең келетінін естіген соң күн-түн жұмыс жасап қосымша екінші насос пен су жинағыш орнаттық. Нәтижесінде  насос суды біркелкі 4 — 4,5 метр биіктікке дейін шашып тұрды. Димекең отыратын  жерге байланыс жүйесін де әкелгенбіз. Біздің жасаған екінші су жинағыш сол  байланыс бағана ағашының жанына жақын орналасатын болды. Мұны көріп  Рекең қарсылық жасады. Бағанаға суды жақындатуға болмайды, топырақ  ылғалданған соң, бағана кұлап кетуі мүмкін  дегенді алға тартты. Жарты күн  ішінде су бағананы кұлататындай жер астына бармайды  деп мен Рекеңді  көндірдім. Солай жасалынды.

Тас түйін дайын отырмыз. Түске жақын қонақтар келді. Күн ыстық,  45°C,  ал біз жасаған қоршауда  25-28°C қоңыр салқын болып тұр. Димаш Ахметұлы  кіріп келіп, «Ой, қандай керемет !  Тыныс кеңіп қалды ғой. Дегенмен Асанбай,  жігіттерді аса қинамау керек еді…» деп облыс басшысы Асанбай Асқаровқа  қара­ды, Асекең аудан басшысына  бұры­лып, «Ұланбек, бізден мұндай тап­сырма  болған жоқ еді ғой» деп  еді,  Ұланбек : «Аға шындығында бұл субұрқақ  жасалынатынын мен де білген жоқпын. Димаш Ахметұлы, бұл халықтың сізге  деген ыстық ықыласынан щыққан өз шешімдері» деді. Шындығы да солай еді.

Қонақтар жайланып шаруа орын-орнына келе бастаған соң мен Рекең­ді  іздей бастадым. Ойым — басшылар­дың сарқытын бірге ішу. Күзетшілер­дің  басшысына барып: «Тамақтанып болған соң қонақтар орталықпен бай­ланыс  жасағысы келуі мүмкін, мен байланыс жүйесінің басшысын ша­қыртайын»  дедім. Ол кісі рұқсат берді. Сол кезде Рекең де байланысқа шықты.

—  Реке, масқара болдық! Кешегі сіз айтқан болды, бағана құлады. Өзінше  құламай Асқаровтың машинасына құлады! Тез жетіңіз!

— Жұмысшыларды іздейін, түскі үзіліс кезі…, —  деді Рекең сасқа­лақ­тап.

—  Жұмысшылар осында бар, өзіңіз тез жетіңіз!

Тездетіп келді, бағана орнында тұр. Рекең «Уһ» деп орындыққа отыра  кетті.

— Сен мені өлтірерсің бір күні. Шалатай-ау, ойнағанда өстіп те ойнай ма  екен?!

— Біріншіден, сіздің мектептен өтіп жатырмын, екіншіден кімнің айтқаны  келгенін сіз өз көзімен көрсін дедім, үшіншіден, қәзір қонақтар кетеді, сарқытын  бірге ішейік, Реке.

Сонда Рекең әдеттегі күлкісіне шамасы келмей:

— Мынадан соң ас бата ма адамға? Өзіме де обал жоқ, сені қалжыңдасуға  үйреткен. Ұстаздан шәкірт озды деген осы болар. Шалатай, қояйықшы осы  қалжыңды…

— Мұндай қалыңдап кеткен қалжың бостан-бос қойыла ма? Бір малды  сойып,  халықты жиып, ел — жұртқа жария ету керек емес пе?

Рекең үнсіз қалды.

Арада біраз уақыт өтті. Бір күні үйден шәй ішейік деп шақырды. Ойымда  ештеңе жоқ. Оқтын-оқ­тын бірге шәй ішіп, преферанс ойнап тұратынбыз. Айту  керек, Рекең­ді преферанстан ұтқан адамды естіген емеспін. Ол кісімен ойнау өз  алдына бір рахат. Ойын барысында ойыңа келмейтін ой-өрнектерді өре­сің. Сол  отырыстың бірі шығар, деп үйіне бардым. Келсем, үйде Ешенқұлов Әліпбек,  Кұдайбергенов Маханбетхан, тағы екі-үш ағалар отыр. Шәй ішіп отырғанда  Рекең: «Мына Шалатаймен екеуміз ағалы-інілі болып сыйласып жүретін  бол­дық, бұрыңғыдай жезде-қайын бо­лып калжыңдаспай.  Бұл шәкіртім  қалжыңдасудан менен оза бастады. Соның куәсі болыңыздар» деді. Сөйтіп, сол  жерде екеуміз қол алыс­тық. Содан Рекеңмен өмірден өт­кенше сыйласып өттік.

Ағамның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, алды пейіш, арты  кеніш болсын!

Арты өте жақсы, ұлы Бақытжан тек Рекеңнің ұлы емес, халықтың ұлы деңгейіне көтерілді. Ғылым док­­­­­торы, профессор, әріптестерінің  ор­та­сында  жоғарғы деңгейдегі, ой­ып алар өз орны бар, мойындалған маман. Оны өз  көзіммен көріп, кеу­демді мақтаныш сезімі кернеді. Әруағыңнан айналайын  Рысқұл  ағам! Сен өмірден озғанмен, артыңда мақ­таныш тұтар ұрпағың қалды.  Сен босқа өмір сүрмеген екенсің! Сен болашақтың туын көтеретін ұрпақ  қалдырыпсың! Сол бір ардақты қасиетің ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!

 

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,

 Отырар, Созақ аудандарының,  Оңтүстік Қазақстан облысының  кұрметті азаматы.

ІVV шақырылымдардағы 

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты.