ОРЫНДАЛҒАН УӘДЕ

4

Мен Түркістан облысы, Оты­рар  ауданы, Маяқұм ауы­лындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мек­тепте білім алдым. Мектепте озат оқу­шының бірі едім. Бізге  жоғарғы сыныпта математика пәнінен Сыздықов Абдулла деген ағай сабақ берді.

Бұл ағай көрші Қызылорда өңірінің азаматы екен. Келісті келген, сұңғақ бойлы, бұйра шашты, жігіттің сым­баттысы еді десем артық болмас. Осы Абдулла ағайым  үнемі сабақтан соң мені алып қалып:

— Абибек, сен техникалық жо­ғарғы оқуға түс, сенде ма­тематикалық білім негізі жақ­сы, – деп айтумен болатын.

Мен ағайымның ұсынысын қолдап, «Мақұл, техникалық жоғарғы оқуға барамын» дейтін едім. Ұстазымыз екеуміздің де фамилиямыз Сыздықов еді.

Абдулла ағай: «Екеуміздің фа­милиямыз бір, атымыз да «А» әрпінен басталады, сондықтан саған жаңа есім беремін.

Бұдан былай сені «Абибулла» деп атаймын» деп, өзінің сұлу күлкісімен маған жымия қара­ды.

Мектепті бітіргенше Абдулла ағай мені Абибулла деп атап кетті. Мен 1973 жылы мектепті бітірген жылы аттестатымды алу­ға барсам, менің аттес­та­тымды Абдулла ағай үйіне алып кетіпті. Сон­­ша оқушылардың іші­нен менің аттестатымды Аб­­дулла ағайдың үйіне алып кеткенін түсінбей, аң-таң болып үйге келдім. Ізімше үйге бір бала келді де, сені Абдулла ағай үйіне шақырып жатыр деді. Ол кезде ағайдың үйіне бармақ түгілі, көшеде көріп қалсақ, бас киімімізді шешіп сәлемдесіп, қашан ағайымыз өтіп кеткенше күтіп тұратын құрметіміз бар еді. Жүрексініп отырып Абдулла ағайдың үйіне келдім.  Ағайдың үйі біздің көшенің бас жағында болғандықтан, әр басқан қа­дамымды санап келемін. Ағай мені үйге кіргізіп, қонақ бөл­месіне апарып, «отыр» деді.

Абдулла ағайым, менің аттес­татымды қолына алып, айқара ашып қойды да, маған қарап:

– Абибек, сені Қызылордаға апа­рып институтқа түсірер едім, бірақ онда техникалық жоғарғы оқу орны жоқ. Саған айтарым, Мекеңмен де сөйлесемін, қалай болғанда да тех­никалық инсти­тутқа барып оқуың керек, – деді ол. Абдулла ағайдың Мекең деп отырғаны менің әкем Сыз­дықұлы Медеубек. Мен Абдулла ағаға «Жарайды, айтқаныңызды орын­даймын» деп уәде бердім. Сол күні Абдулла ағай біздің үйге келді. Аттестатымды әкем Сыздықұлы Ме­деу­бектің қо­лы­на ұстатып тұрып: «Меке, Абибек математикаға өте жақын және «беске» бітіріп шық­ты, сондықтан қалай болмасын тех­никалық оқуға жіберіңіз» де­ген­ді  нығырлап айтты.

Әкем менің аттестатымды қо­лы­на ұстап тұрып:

– «Абдуллажан, енді сені жі­бер­меймін, отыр, қонағым бол, қазан асы­лады», деп маған ана қорадағы семіз тоқтыны шығар деді де,  Абдулла ағай­ым­­ды ертіп үйге кіріп кетті. Сүйегі асылдан жаралған, мар­құм анам Үржан бибі есік ал­дындағы ошақханадағы үл­кен қара қазанға қойдың етін молынан салды. Мен астына от жағып, самаурын қайнатып, екі иығынан ырсылдап, дем алып тұрған сары самаурынды көтеріп үйге кіргізіп, әкем мен Абдулла ағайыма күрең шайды бабымен құйып беріп отырдым.

Дастарханда анамның  қолы­­нан шыққан сары майы мен құр­ты, шұ­жық қосылып пісі­рілген таба нан дереу пісіріліп, дайындаған семіз қой­дың қуыр­дағы, есіктің алдынан теріп әкелген өрік-алма және одан дайындаған тосап дастарханды жай­­натып тұр­ған­дай көрінді маған.

Анамның шұжық қосып пісірген таба нанының дәмін айтып жеткізу мүмкін емес. Қазіргі  пиццалар анам­ның шұ­жық нанының қасында “әді­рем” қалсын. Жүрегім алып-ұшып, шай құйып оты­рып, жанымдай жақсы көретін Аб­дулла ағайым­ды осылай құр­меттеп қарсы ал­ған әкем мен анама ішімнен шек­сіз рахметімді айтып, қуаны­шым қойныма сыймай отыр. Әкем: «Абдуллажан, болды, қолымнан келгенше оқытамын деп ұста­зыма уәде берді.

Ет пісіп, малдың басының  бір құлағын кесіп, қасына жамбас және пышақ қойылған табақты қолыма ұстатып:

«Үйге апар, Абдулла ағайың­нан бата сұра» деді жеңгем. Мен дереу қолыма құман ұстап, иығыма шашықты іліп алып, үйге кіріп, әкем мен Абдулла ағайымның қол­дарына су құйдым да, қайта шы­ғып, табақтағы басты көтеріп үйге кірдім. Абдулла ағайым, екі қолын жайып маған батасын берді. Басты ағайдың алдына қойып едім, Абдулла ағай: «Меке, жасыңыз үлкен, өзіңіз бас­тасаңшы” деді. Әкем, «жоқ, Аб­дуллажан, сен қожасың, өзің басты реттеуді баста» деді. Басты пышақпен кесіп жеп отыр­ған Абдулла ағай, малдың екін­ші құлағын кесті де, маған ұсын­ды, мен “рақмет” деп алдым.

Абдулла ағай құлақты беріп отырып: «Ал Абибек, енді екі құлағым сенде болады, техникалық оқуға кетті ме, әлде кетпеді ме деп отырамын” деп бір өзінің сұлу күлкісімен жымиып қойды.

Осылай бас желініп отырған кезде үлкен табақ тола етті бір жеңгем көтеріп дастарханға әкел­ді. Іле қы­мыран мен анам­ның әдемілеп  ұйыт­қан айраны келді.

Ет желініп, сорпа ішілді, артынша Абдулла ағай бата жа­сап, әкеме қарап: Меке, маған рұқ­сат беріңіз, мен бүгін еліме Жаңақорғанға жүремін деп ор­ны­нан тұрды.

Кетіп бара жатып: Ал Абибек, мен еліме кетемін, аман болып тұр, деді де үйіне қарай бет­теді.

Сол күн  Абдулла ағаймен соң­­ғы кездесуім болды.

Әкем ауылдың дау-дамайын сотқа жеткізбей бітістіріп, ке­лістіріп, елді бірлікке ша­қырып отыратын кемеңгер тұлға еді. Сондықтан ел, әкемді – Ме­деу­бек би деп атап кеткен еді.

Осы күнге шейін ауылға бара қалсам, әкемнің көзін көргендер бидің баласы Алматыдан келіп қалыпты деп сыйлап тұрады.

Сол жылы яғни 1973 жылы Абдулла ағайға берген уәдемді орындай алма­дым.

Ағам мен әпкем студент болды да, мен оқуға бара ал­май, ауылда қалдым. Ол кезде мектепте, орта білімге қоса ме­ханизатор-комбайншы дайын­дай­тын курсты оқытып, он­жылдықты бітіргенде куәлік бере­тін. Оқуға бармағандарды совхоз директоры шақырып ком­сомол бри­га­дасына тартты. Осы ұйымда  меха­низатор бо­лып жұ­мысқа кірістім. Ен­шіме «ЮМЗ» тракторы тиді. Ал менің есіл-дертім оқу, қалай болғанда Абдулла ағайыма берген  уәдемді орындау.

Тракторыма математика-фи­­зи­­ка кітап­тарымды салып ал­дым да, егін алқабында жұ­мыс істеп жүріп, сәл қол қалт етсе  кітаптарды ашып, қайталап оқып жүрдім.

Осылай егін алқабында шаң­қытып жер ай­дап, мал­шы­ларға  жем-шөп тасып жүр­генімде зуылдап  екі жыл жеті ай өте шықты.

Ол кездегі ауыл адамдарының бар түсінігі – баласы жақсы оқыса, жоғары оқу орнында оқытып,  бас зоотехник, бас мал­дәрігер, бас инженер, бас агро­­­ном, бас бухгал­тер, бас экономист болады деп, ұл-қыздарын со­лай  тәрбиелейтін кез еді. Ал техникалық оқу дегенге ешкім көңіл қоя бермейтін. Өйткені қазақтың мәдениеті техника маманы емес, қайткенде жұмсақ крес­лоны  меншіктер бастық болу керек дегеннен аспайтын.

Күз айы болатын. Егін ал­қабында жер айдап жүргенмін.

Бас инженер Шертай аға “Уазик” машинасымен шаң­ғытып келді де, мені шақырып алып:

– Абибек, сені совхоз дирек­торы шақырып жатыр, – деді де кетіп қалды.

Мен тракторымды дырыл­датып-шаңғытып совхоздың кон­­­­торына кел­дім. Үстім шаң-шаң, қолым со­лярка сасып кет­кен, аяғымда керзі етік, аяғымды еппен басып конторға кірдім.

Директордың хатшысы мені ертіп совхоз директоры Тұр­махан Дос­бердиевтің кабинетіне алып кірді.

Маған директор “отыр” деді. Мен шеткі орындыққа отырдым. Директор маған қарап:

Балам, ауданға бір ғана жолдама келіпті, оны біз­ге бер­ді, сені ша­қырғаным, Санкт-Петербург қала­сын­­дағы теле­коммуникация универ­си­тетіне барасың ба? Сразу айт, уақыт жоқ, егер барам десең екі күнде құжаттарыңды дайындап береміз, жолға шығуың керек. Уақыт тығыз, оқу бас­та­латын мезгілі келіп қалды.  Уни­­верситеттің дайындық кур­сына барасың, бір жыл дайын­­дық курсында оқи­сың, со­­сын университеттің сту­денті боласың, – деді совхоз дирек­торы.

Менің есіме баяғы математика пәнінің мұғалімі әрі класс жетекшім, әрі ақылшым болған аяулы ұстазым – Сыздықов Аб­дулла ағайыма берген уәдем сарт етіп түсе кетті.

Мен ойланбастан “барамын” дедім.

Сонымен, совхоз директоры Тұр­махан Досбердиев өзінің қара­­мағындағы кадр бөлімінің басшысы Сырманды, рабочком Темірбеков Мырзахметті және бас бухгалтер Қауымбаевты ка­бинетіне шақырды да, ал­дыңғы екеуіне тездетіп еңбек кітапшасын, мінездемені, ал бас бух­галтерге расчетын дайын­даңдар деп тапсырма берді.

Мен контордан қуанып шық­тым да, ЮМЗ тракторымды гаражға апарып өткізіп, құжат­тарды толтырып, үйге келдім.

Осылайша менің өмір мекте­бімнің нағыз соқпағы басталды.

Сонымен, 1976 жылдың кү­зін­де қолымдағы жол­да­ма бо­йынша әсем қала Санкт-Пе­тербург­тегі профес­сор М.А.Бонч-Бреуевич атындағы теле­коммуникация уни­­вер­сите­тіне Шым­қала әуе­жайынан ТУ-154 деген ұшақпен кетіп барамын. Аспан көкпеңбек, бұлттардың арасында қунышым шексіз. Абдулла ағайымды еске түсіріп отырмын ұшақта. Ішімнен Абдулла ағай, сізге берген уәдемді орындауға ұшып барамын деп те қоямын. Тіпті көңілім сенер емес, кешеге дейін үсті-басы солярка сасып жүрген қазақтың қара домалақ баласы шыттай киініп, ТУ-154 ұшағымен ұшып барамын. Стюардессаның: «Приятного при­л­ета в город Санкт-Петер­бург, аэропорт Пулкова, зас­тегните ремни» деген, жұмсақ дауысы ауаны желпіп өтті.

Сонымен дайындық курсты ой­да­ғыдай бітіріп, бірінші курс­­тың сту­денті болып шыға келдім.

Университетті ойдағыдай бі­­ті­­­ріп, СССР Байланыс Ми­ни­с­­трлігінің бағ­дарламасын алып, Алматы қаласына келіп, Бай­­ланыс Министрлігінде аға ин­женер болып қызметімді бас­тап кеттім.

Айтпақшы, жолдамада бас­панамен қамтамасыз ету деген талап бол­ғандықтан көп қинал­май жатақхана, кейіннен пәтер беріп, таза алматылық болып, тағы да жолым болды.

Өмір өз ағынымен өте береді екен.

“Қазақтелеком” саласында көп жыл лауазымдық қызметтер ат­­­қардым. Өз бетімше өндірістік ко­­­оператив ашып, еліме еңбек сіңірдім.

Телекоммуникация саласында қы­рық жылдай еңбек етіппін.

Өмірімде мен бір-ақ рет мем­лекеттік марапат алдым. «СССР байланыс саласының ше­­бері» деген. Бұл менің ең­бегіме берілген жоғары баға деп есептедім.

Төсбелгіні Мәскеуге арнайы барып  СССР Байланыс Минис­трі Ша­пошников мырзаның қо­лынан ал­дым. Ол төсбелгіні тап­сырды да, қо­лымды қысып тұрып:

“Персональді пенсия иегері бола аласың” деді. Қазір Кеңес үкіметі қай­да, министрдің бер­ген уәдесі қайда?

Ал ұстазымның одан кейін­гі өмір жолы – атамекені Жаңа­­­­қорғанның «Октябрь» кол­­­­­­хозында жалғасыпты. Ұйым­да­с­­тырушылық қабілеті, білім -білігі бағаланып, ол шаруа­шылықта парторг, робочком сынды  басқару қызметінде бо­­лыпты. Сұлу қызға үй­леніп, екеуінен парасатты ұл-қыз өсіп-өніпті.

Сол жылдары оныншыны үш сынып қатар бітірдік. Сол параллель сынып түлектер ара­сында мені ерекше көріп, ықы­ласы ауған Абдулла ағайыма деген мөлдір мұңға тұнған сағыныш менің жүрегімде де мәңгіге сақталып  қалған еді.

Қадірлі ұстазымның кейінгі өмі­рінен бейхабар болғанда да ол кісінің сүйкімді келбетін еш ұмыта алмадым.

Қазір технологияның заманы ғой, ұстазым туралы фейсбук желісіне жазба жүктедім. Осы­ны оқыған ұрпақтары аты­нан Айгүл атты қызы менімен хабарласып, тіпті оны місе тұтпай Алматыдағы үйіме ар­найы келді. Міне, ұстазымның шә­кіртіне деген шынайы сезімі  өзі өмірден өт­се де шалғайда жатқан  жандарды бір-бірімен та­быстырып жатыр.

Ұстазым алпыс үш жасында өмірден озыпты. Өзі болмаса да көзі-өмірінің жалғасы – ұрпағын  көріп, бала кездегі ағайы­ма деген пәк са­ғынышым қай­­та оянды.

Мен өткен өміріме еш өкін­беймін. Ең бастысы, көңіліме тоқ санайтын тағдырдың тартуы – математика пәнінен сабақ берген жүрегі  таза, нағыз ұстаз, сүйікті  ағайым Абдулла Сыз­дықовқа берген  уәдемді орын­­дадым.

Абибек СЫЗДЫҚОВ.