«Ақылды қала» жобасын іске асыру – Түркістанның жарқын болашағына жол ашатын стратегиялық бастама

30

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймақта халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және қолайлы қалалық орта қалыптастыру бағытында тың жобалар қолға алынып жатыр. Соның ішінде ерекше маңызға ие бастамалардың бірі – «Smart city» тұжырымдамасына негізделген «Ақылды қала» жобасы. «Ақылды қала» жобасының басты мақсаты – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік қатынасын тиімді ұйымдастыру, коммуналдық инфрақұрылымды оңтайландыру және мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету. Бұл жобаның тиімді жүзеге асырылуы – заманауи цифрлық шешімдердің нақты өмірде қолданылуы арқылы өлшенеді.

Өткен жылы Түркістан қаласы «Ақылды қала» жобасын іске асыруда республика арасында 74,6 пайыз көрсеткішпен 12-орынға тұрақтады. Бұл – оң нәтиже, әрі қаланың цифрландыру үдерісіне бет бұрып, көптеген салаларда озық тәжірибелерді енгізе бастағанын көрсетеді. Дегенмен жобаның барлық бағытын толыққанды іске асыру үшін әлі де кешенді жұмыстар атқарылуы тиіс.

Бүгінде «Ақылды қала» жобасы елімізде 19 негізгі бағытты қамтиды. Түркістан қаласында соның 11 бағыты іске асырылған. Қоғамдық қауіпсіздік пен көлік қозғалысы саласында бірқатар оң өзгеріс болған. Мәселен, көшелер мен қоғамдық орындарға бейнебақылау камералары орнатылып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жол-көлік оқиғаларын жедел анықтауға мүмкіндік туды. Сонымен қатар қоғамдық көліктерде жолақыны электронды түрде төлеу жүйесі енгізілді. Бұл – көлік қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Білім беру саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Қаладағы барлық мектеп 100 пайыз бейнебақылау жүйесіне қосылған. Бұл – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, оқу орындарының ішкі тәртібін бақылауға мүмкіндік береді.

Қала бойынша шұғыл жағдайлар кезінде пайдалануға арналған 17 «SOS» батырмасы орнатылған. Бұл – төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін заманауи шешімдердің бірі. Сондай-ақ 800-ден астам көшені қамтитын 845 шақырымнан астам жолдың 92 пайызына жарықтандыру жүйесі орнатылып, қала тұрғындары үшін қауіпсіз және жайлы орта қалыптасты. «Ақылды қала» жобасының қалған 8 бағытын жүзеге асыру 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Бұл қатарда – «ақылды аялдамалар» салу, «ақылды жарықтандыру» жүйесін енгізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын интеллектуалды есептегіштермен жабдықтау, коммуналдық төлемдерге арналған бірыңғай жүйе енгізу, бірегей мобильді қосымша жасау, қоқыс контейнерлерінің орналасуын цифрландыру және облыстық ахуалдық орталық құру сынды маңызды міндеттер тұр.Аталған бағыттарды жүзеге асыру үшін арнайы жол картасы әзірленіп, жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктелген. Бұл жұмысқа жергілікті билікпен қатар, цифрлық шешімдер ұсынатын ІТ-компаниялар да тартылуда. Қазіргі таңда кейбір жобалар пилоттық режимде сынақтан өткізіліп, олардың тиімділігі бағаланып отыр. Жалпы, «Ақылды қала» – бұл тек цифрлық жүйелерді енгізу ғана емес, қала инфрақұрылымын кешенді жаңғырту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған тұжырымдама. Түркістан қаласында осы жобаны іске асыру арқылы инвестициялық тартымдылық артып келеді. Инфрақұрылымдық шешімдердің сапасы – шетелдік және отандық инвесторлар үшін маңызды факторлардың бірі саналады.