ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН СЕНІМДІ ОРТА

45

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарып келеді. Жангелдин көшесі, №13А мекенжайында орналасқан бұл мекеме І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы қызмет түрлерін ұсынады.

Орталық бір уақытта 70 қызмет алушыны қабылдай алады. Мұнда келушілерге үш мезгіл тегін тамақ ұсынылады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл мекемеден 321 азамат арнаулы әлеуметтік қызмет алған.

Орталықта емдік және оңалту шараларына ерекше назар аударылған. Қызмет алушыларға емдік дене шынықтыру, парафинотерапия, массаж, фито-шай, сондай-ақ физиотерапияның түрлі түрлері – УФО, электрофорез, биоптрон, магнитотерапия ұсынылады. Сонымен қатар, екі арнайы жаттығу залында реабилитолог мамандардың қатысуымен оңалту жаттығулары жүргізіледі. Ғимаратта гидромассаж, тұзды ванна және циркулярлы душ бөлмелері жұмыс істейді.

Еңбек терапиясы аясында 206 қызмет алушы қолөнер және тігін ісімен айналысуда. Көпшілігі өз қолымен жасаған бұйымдарын сатылымға шығарып, қосымша табыс көзін табуға мүмкіндік алуда.

Мәдени-шығармашылық бағыттағы жұмыс та назардан тыс қалған емес. Қызмет алушылар домбыра, гитара, сырнай, вокал және шешендік өнер бойынша үйірмелерге қатысып, концерттер мен түрлі мәдени шараларға белсене қатысуда. Мекеме жанында ұйымдастырылатын шеберлік сабақтары олардың шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал етуде.

Сонымен қатар, орталықта психологиялық қолдау қызметі де жолға қойылған. Жеке және топтық кеңестер, мотивациялық тренингтер тұрақты өткізіліп, қызмет алушылардың көңіл-күйіне, психологиялық жай-күйіне оң әсерін тигізуде.

Бұл мекеме – тек көмек көрсететін орталық қана емес, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың қоғаммен тығыз байланыс орнатып, өз әлеуетін жүзеге асыруына жол ашатын сенімді орта.