«ТҮНГІ ҚАЛАДАҒЫ БАЛАЛАР»

Шымкент қаласы аумағында жалпы республикалық «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Қалалық Полиция департаменті мен бес аудан бойынша жергілікті полиция қызметінің өкілдері, ерікті жастар кезекті рейд барысында мейрамхана, ойынхана, саябақтар мен көшелерге бақылау жүргізді. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, білім, денсаулық сақтау басқармалары, жастар ресурстық орталығының өкілдері де қатысты.
ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасы аясында ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер қылмысының алдын алу және профилактикасы, оның ішінде кәмелетке толмағандар тарапынан кешкі және түнгі уақытта жасалатын құқықбұзушылықтардың жолын кесу, құқықтық сауаттылықты арттыру. Іс-шарада тәртіп бұзған, заң талаптарын елемеген ата-аналар мен кәмелетке толмағандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес шаралар қабылданды.
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықовтың айтуынша, шаһарда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен оларға қатысты қылмыстардың алдын алу бағытында тиісті жұмыстар күшейтіліп отыр. Еліміздің заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде және компьютерлік клубтарда, ал 23:00-ден кейін ата-анасының немесе заңды өкілінің ілесуінсіз көшеде жүруге тыйым салынған.
Рейд барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, олардың кешкі уақытта көшеде жүру себептерін анықтады. Іс-шараның бір күндік нәтижесі бойынша ата-анасының қадағалауынсыз жүрген 12 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 10 жасөспірім және кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу міндеттеріне немқұрайлы қарайтын 4 отбасы анықталып, Ішкі істер органының есебіне қойылды. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бойынша 154 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Түнгі сағат 22:00-ден кейін заңды өкілінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарына барған 16 жасөспірім және түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрген 138 жасөспірім анықталды. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»