АТА ЗАҢНЫҢ АЙБЫНЫ АСҚАҚТАДЫ

23

Өткен аптаның соңын ала бере Шымкент қаласында Конституция күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. «Қызғалдақ» сарайында ұйымдастырылған «Ата Заңым – айбыным» атты бұл жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Биыл еліміздің басты құжаты Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осы тарихи белесті айшықтаған мерекелік кештің негізгі мақсаты да сол, ел азаматтарының құқықтық мәдениетін арттыру, Ата Заңның қоғамдағы маңызын насихаттау және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталды.

Іс-шара Мемлекеттік Ту мен Конституцияны сахнаға алып шығу рәсімімен басталып, Мемлекеттік әнұран шырқалды. Бұдан кейін көпшілік назарына арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылды.

Жиында сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Конституцияның ел дамуындағы орнына тоқталып, барша шымкенттіктерді мерекемен құттықтады.

– Бұл – тәуелсіздігіміздің ең ұлы жетістіктерінің бірі. Өйткені Конституция еліміздің негізгі заңы ғана емес, мемлекетіміздің тірегі, қоғамымыздың тұғыры. Ұлы дала тарихына зер салсақ, ата-бабамыз әділдікке, заңдылыққа әрқашан ерекше мән берген. Елдің тұрмыс-тіршілігін реттеп, дау-жанжалды шешкен билер соты – соның айқын айғағы. Ал Әз-Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» құқықтық мәдениетіміздің асыл қазынасы болды. Бүгінгі Ата Заңымыз сол дәстүрдің заңды жалғасы екені сөзсіз – деді шаһар басшысы.

Бұдан кейін салтанатты жиында ел дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік медаль тағынды. Олардың арасында «№2 Қалалық аурухана» МКК хирургия бөлімінің меңгерушісі Серік Жолдасов, «Космодемьянская атындағы №23» мектеп-лицейінің мұғалімі Шекербек Шахабаев, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев, AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бар. Сондай-ақ Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім прокуроры, 2-сыныпты заңгер Қуаныш Аманбаев, Қарулы Күштер Штаб бастығы 10216 әскери бөлімінің аға маманы Айсұлу Қалдыбекова, Шымкент қаласы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің басшысы Гүлмира Пернебаева, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының заңгері Руслан Шазадаев шаһар басшысының қолынан Алғыс хат алды.

Мерекелік кеш ары қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Қала тұрғындары мен қонақтары патриоттық рухтағы «Ата заң», «Атамекен», «Қазақ елі», «Жаңа Қазақстан» сынды әндерді тыңдап, «Дала даналығы», «Қазына», «Яссы» би ансамбльдерінің өнерін тамашалады. Сондай-ақ, «Көшпенділер», «Қыран бүркіт», «Алаш ұраны» сияқты ұлттық шығармалар көпшілік көңілінен шықты.

Іс-шара соңында сахнаға Ықылас гүлі әкелініп, мерекелік кеш мәресі әдемі аяқталды. Осылайша, Конституциясының 30 жылдығына арналған концерттік бағдарлама қатысушыларға ұлттық рух сыйлап, маңызды құжаттың мән-мағынасын тағы бір ашып берді.

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»