«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ ШЫМКЕНТТЕ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласында Мемлекет басшысының Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда көтерген бастамасы аясында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» республикалық жобасы ресми түрде таныстырылды. Іс-шараға жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, жастар, педагогтер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жобаны жүзеге асырып отырған «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры жуырда құрылғанымен, бастама Мемлекет басшысының «Ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру үшін кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет» деген ұсынысына негізделген. Бұған дейін де елімізде кітапхана қорларын толықтыру, кітапханаларды жаңғырту секілді бірқатар шаралар жүзеге асырылғанымен, бұл жоба – сол бағыттағы кешенді әрі жаңа қадам болып отыр.
Жоба аясында алты санат қамтылған. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын педагог» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші». Әрбір қатысушы өзінің санатына сәйкес сарапшылар тобы ұсынған 15 кітапты оқуы тиіс. Кітаптардың тізімі министрлік өкілдері, ғылыми институттар мен академиялық орта мамандарынан құралған арнайы сарапшылар тобының зерттеуі негізінде бекітілген. Бұл ретте әртүрлі жастағы және кәсіби бағыттағы оқырмандардың деңгейі мен мүмкіндіктері ескерілген. Кітаптардың ең аз көлемі – 120 бет, ең көбі – 700 беттен аспайды. Орта есеппен әр кітап 300–400 беттік көлемде ұсынылған.
Жоба бағдарламалар тобының жетекшісі Бекарыстан Аманжоловтың айтуынша, бұл бастаманың басты ерекшелігі – халықты кітап оқуға ынталандыру мақсатында қомақты жүлде қорының қарастырылуы. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан әлемдік рейтингте кітап оқитын мемлекеттер арасында төменгі орындарда тұр. Осы көрсеткішті жақсарту үшін қоғамды ынталандырудың тиімді жолдарын қарастыру қажет. Сол себепті жоба аясында жеңімпаздарға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалған.