Білім беру саласына жаңашылдық қажет

323

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына Жолдауында білім беру саласында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеудің шұғыл міндетін қойды.

 Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, жаһандық өзгерістер мен жаңашылдықтар барлық салаларда, оның ішінде білім беруде де түбегейлі өзгерістерді қажет етеді. Осы тұрғыда, Қ.Тоқаев білім саласында педагогикалық қызметкерлердің жалақысын 25 пайызға өсірумен қатар,  олардың саналы да сапалы білім беруіне алдағы жылдары 1,2 триллион теңге бөлінетінің атап өтті.

Елдің болашағы – жастарымыздың, олардың рухани, интеллектуалдық даму бағыты оқу жүйесіне, білімнің сапасына, білім беру ұйымдарының жай-күйіне тікелей байланысты екенін пайымдай отырып, бәсекеге қабілетті нарықтық ортадағы бүгінгі білім тез ескіретінін түсінген Президент тиісті министрліктен оқу бағдарламаларын өзгерістер мен жаңа жағдайларға тез бейімдеуді талап етті.

Осы орайда, білім беру мен ғылым саласында алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді шешуде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Экономика және кәсіпкерлік» кафедрасының ұжымы өз үлесін қосып келеді. ҚР ЖОО Аккредиттеу және Тәуелсіз рейтинг агенттігі ұлттық деңгейде өткізген рейтинг нәтижелері бойынша, 2020 жылы 6В04-«Бизнес және басқару» — 1 орын, М070-«Экономика» — 2 орын, D070–«Экономика» -1 орынды иеленді. Ал, 2021 жылы  6В04-«Бизнес және басқару» — 1 орын, М070-«Экономика» — 1 орын, D070–«Экономика» — 1 орындарға ие болды.

Біздің үш деңгейде білім беру бағдарламаларының басты мақсаты – ұлттық экономика салалары бойынша жоғары білікті кадрларды дайындау, олар инновациялық кәсіпкерлік аясында жаңа білімдерін іс жүзінде пайдалануға, халықаралық нарықтарда қазақстандық бизнестің мүдделерін ілгерлету бойынша тиімді басқару шешімдерін қабылдауға қабілетті болады.

Алдымыздағы оқу жылында Ресей жоғары оқу орындарымен жаңа бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруды жоспарлап отырмыз: 6М050600 — «Халықаралық сауда»,  6М050600 — «Қолданбалы экономика», 7М04133 — «Мемлекеттік жекешелік әріптестік экономикасы».  Сонымен қатар, EMBA және MBA бағдарламалары әзірленуде.

Білім сапасының жоғары деңгейде болуына, оның ғылыми негізде дамуына ықпал жасау керек. Осы мақсатта Президент іргелі және қолданбалы ҒЗЖ-ң нәтижелі жүргізілуіне басты назар аудару керектігіне және гранттық қаржыландырудың мерзімін ұлғайту мәселесін көтеріп отыр. Бүгінгі таңда кафедра ғалымдарының жетекшілігімен және оқытушылар мен білім алушылардың қатысуымен гранттық қаржыландыру негізінде екі ірі ғылыми жоба іске асырылуда. Атап айтқанда: «Инновациялық логистика тұжырымдамасы негізінде тиімді интеграцияланған ұлттық тауар өткізу желісін қалыптастыру және дамыту (халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мысалында», жетекшісі э.ғ.д., профессор Райымбеков Ж.С.); «Жоғары оқу орындары инфрақұрылымының тұрғын үй және әлеуметтік объектілерін кеңейтуді әлеуметтік-экономикалық бағалау»  (жетекшісі э.ғ.д., профессор Шалболова У.Ж.).

Қорыта айтқанда, білім сапасын арттыру үшін барлық жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылуы қажет. Ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары, ғалымдар мен оқытушылар уақыт талабына сай бірлесе жұмыс атқарып, оңтайлы шешімдерді қабылдап отырғанда нәтижелер мен жетістіктерге қол жеткіземіз деген ойдамын.

 

Сауле ЕГЕМБЕРДИЕВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Экономика және кәсіпкерлік» кафедрасының профессоры