ЖЕТІСАЙДЫҢ БАС ШЫРШАСЫНЫҢ ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

19

Жаңа жыл – көпшілік асыға күтетін мерекелердің бірі.

Осыған орай Жетісай қаласындағы орталық алаңда аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен жергілікті мәслихат депутаттары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Мұрат Ермеков пен қоғамдық ұйымдардың мүшелері, білім беру мекемелерінің басшылары, тұрғындар мен қонақтар Жаңа жыл мерекесінің шырайын келтіріп, келбетін айшықтай түсетін шырша шамын жағу рәсімін тамашалады.

Салтанатты шарада аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, ауданның өткен жылдағы толағай табыстарымен бөлісті, аудан халқын санаулы күндерден кейін келетін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Бүгiн баршамыз орталық алаңның сәнін кіргізіп тұрған шыршаның шамын жағып, мерекелiк шараларды бастауға жиналып отырмыз. Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін, қуанышқа толы ең жайдары, келер күнге мол сенім артатын ерекше мереке. Жылан жылы бірлік пен татулық сыналған жыл болды. Соның ішінде ауданымыз үшін ел тілегі жүзеге асқан, серпінді жобалардың орындалуымен есте қалды» деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, мерекелік кеште Аяз ата мен Ақшақар бүлдіршіндермен би билесе, аудан өнерпаздары жиналған жұртшылыққа концерттік бағдарламаларын ұсынып көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.