ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «SAMRUK-KAZYNA TRUST» ҚОРЫНЫҢ ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

15

Түркістан облысының Сарыағаш қаласы мен Т.Рысқұлов ауылында аралас үлгідегі жаңа «Ainala» оңалту орталықтары ашылды. Бұл – «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қаржыландыруымен және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорымен бірлесіп ашылған бес орталықтың алғашқылары.

Орталықтың басты ерекшелігі — «аралас үлгідегі» формат. Бұл әртүрлі диагнозы бар, 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қамтуға мүмкіндік береді. Ал халық көп қоныстанған аудан деңгейінде іске қосылуы қызметтерді халыққа жақын, оңалтуды қолжетімді етеді. «Ainala» орталықтары тек оңалтумен шектелмей, ерте көмек көрсету мен әлеуметтенуге жәрдемдеседі. Бұл балалардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың әлеуетін ашуға және білім мен қоғам өміріне бейімдеуге ықпал етеді. Әр орталықта жыл сайын 70 балаға кешенді қызмет көрсетіледі.

Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Түркістан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында жоба маңыздылығы атап өтіліп, ата-аналар тарапынан алғыс сөздер айтылды.

«Әрбір ата-ана үшін баласының денсаулығы мен дамуы – ең басты құндылық. Ал ауылдық жерлерде тұратын отбасылар үшін сапалы оңалту қызметіне қол жеткізу оңай емес. Осы орталықтар дәл осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. «Ainala» – бұл тек орталық емес, баланың дамуына, ата-ананың үмітіне, отбасының болашағына арналған жүйелі қолдау. Мұнда балалар білікті мамандардың көмегін алады, ал ата-аналар өздерінің жалғыз еместігін сезінеді. Жыл соңына дейін Қордың қолдауымен ашылған оңалту орталықтарының саны 55-ке жетеді», — деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Жобаның көрнекілік стилі де мазмұнымен үйлесіп, ерекше назар аудартады. Орталықтың басты бейнесінде қазақ мәдениетіне жақын қамқорлықтың, сүйіспеншілік пен үміттің символы — қарлығаш. Ол «Ainala» орталықтарының миссиясын айқындап, интерьерден көрініс тапты. Ал бірінші ашылған орталықтар – ауылдық жерлерде оңалтуды дамытуға бағытталған ауқымды жобаның «алғашқы қарлығашы» атанды.

Орталықта невропатологтар, психиатрлар, психологтар, логопедтер, дефектологтар және ЕДШ нұсқаушылары қызмет көрсетеді. Орталықтар АВА-терапия кабинеттерімен, ЕДШ, механотерапия және сенсорлық интеграция залдарымен, сенсорлық бөлмемен, тұз үңгірімен және шунгит бөлмесімен, иммерсиялық ваннамен, сондай-ақ Еңбек және арт-терапия шеберханаларымен, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бөлмесімен жабдықталған. Орталықтарды жабдықтауға арналған жабдықтар мен жиһаздар сараптамалық класс өндірушілері: Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Ресей және Қазақстан арасындағы балалар диагноздарының ерекшелігін ескере отырып таңдалды.

Жыл соңына дейін тағы үш «Ainala» орталығы Ақтөбе облысының Шұбарқұдық ауылында, Шығыс Қазақстан облысының Бозанбай ауылында және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ашылады. Жобаның жалпы бюджеті – 1,7 млрд теңге (әр орталыққа шамамен 346 млн теңге).