ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ КЕЗІНДЕ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН ҚАТАҢ САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

4

Қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиын барысында күн тәртібіне сәйкес екі мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Жалғас Жақаев алдағы Жаңа жыл мерекесіне дайындық барысы туралы баяндады.

Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы мерекелік шаралар кезеңінде қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалалық полиция бөлімі мен төтенше жағдайлар бөліміне қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауға алуды, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, қаланы мерекелік безендіру жұмыстары бойынша «Жасыл қала» МКМ-не аталған жұмыстарды белгіленген мерзімде және сапалы орындау қажеттігін ескертті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Илхам Азизбаев әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы туралы ақпарат берді. Жиында бірқатар салаларда бекітілген индикаторлардың орындалу қарқыны төмен екені атап өтілді.

Осыған байланысты қала әкімі тиісті сала басшыларына ескерту жасап, көрсеткіштердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін жұмыстарды жүйелендіруді және бақылауды күшейтуді тапсырды.