ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДА ЖОСПАРЛАНҒАН ЖҰМЫСТАР ӨЗ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

0
16

Шымкент қаласында жер қатынастары саласында жыл басынан бері бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында қалалық Жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, басқарма бекітілген жоспарлар мен индикаторларға сәйкес жұмыс жүргізіп келеді. Мекеменің 28 қызметкерінің үйлесімді еңбегінің арқасында жобалық кеңсе аясындағы бюджет пен I-komek жүйесіне қатысты көрсеткіштер жоспарға сай орындалуда.

Басқарма басшысының мәліметінше, Шымкент қаласының жалпы жер аумағы 116 мың 280 гектарды құрайды. Қала аумағы бес ауданға бөлінген және жер қорының есебі тұрақты түрде бақылауға алынған.

– Жыл басынан бері басқармаға 4386 кіріс хат түсті. Оның 2140-ы азаматтардың арыз-шағымдары. Барлық өтініштерге уақытылы жауап берілді. 11 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 22 181 қызмет көрсетілді. Ал, I-komek бірыңғай байланыс орталығы арқылы түскен 34 өтінішке тиісті жауап берілді, – деді басқарма басшысы.

Жыл басынан бері қала әкімдігі жер қатынастары саласына қатысты 3406 қаулы қабылдаған. Құжаттар мемлекеттік мекемелерге, кәсіпкерлік субъектілерге және жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беру, жердің нысаналы мақсатын өзгерту мәселелеріне қатысты болған.

Басқарма басшысы А.Рахымбердіұлы жерді сату, жалға беру және жалға алу құқығы бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Аукцион арқылы сатылған жер учаскелерінің есебінен қалалық бюджетке жоспардан артық кіріс түскен.

Жерді пайдалану заңдылығы да – басқарманың басты назарында. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, қала аумағында бұрын салынған құжатсыз 2314 тұрғын үй құрылысы анықталған. Оның 1831-і заңды, 483-і заңсыз деп танылған. Ал, жарамсыз деп танылған 187 құрылыс нысан аудан әкімдіктері және құзырлы органдардың шешімімен сүрілген.

Мемлекет мұқтажы үшін 55 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Соның ішінде 51 жер учаскесінің меншік иелеріне өтемақы төленсе, 4 азаматқа соған тең басқа жер учаскелері берілген. Жалпы өтемақы төленген жердің аумағы – 7,2 гектар.
Ұлжан Көгіл