САҒЫНДЫРҒАН САРЫ ҚЫЗ…

395
Отбасы ауқымынан шығып кет­кен ұрпақ тәрбиесімен қоғам боп айналы­сатын дә­режеге жеттік. Аталар, әже­лер, ата-ана­лар се­кілді сан­сыз кеңес­тері со­ның ай­ғағы. Әрине, атал­ған ке­ңестердің жұ­мыс­тарын еш­кім жоққа шығара ал­мас. Дегенмен, бұл мәж­бүрлі міндет, амал­сыз­дық­тан туған тір­лік.
Әйт­песе, өз ата-ана­­­-сынан тә­лім алма­ған пер­зентті ке­ңестің кө­мегімен түзеу оңай ма? Осындайда баланы бағудан бастап, бауырмен, ағайын­­мен, абысын-ажын­мен қалай қар­ым-қатынас жасау­дың үлгісін көр­сетіп, санамызға сіңірген әпкем есіме тү­седі. Бір өзі бір тәлім-тәрбие институтына та­титын, өз әулеті­нің ғана емес, елдің анасы атанған Сарықасқа атты Салыбектің Сары қы­зының бақилық болғанына да жылдан асыпты-ау…
Өткен ғасырдың 30-жылдары қылы­шынан қан тамған қызылдар ауқатты­лардың бәрін бай-кулакқа ба­лап, қуғын-сүргінге ұшырата бастағанда бас сауға­ла­ған Сағым­бек атамыз шекара асып кеткен. Мал-мүлкін қорғап емес, ұрпағын жетім­сі­ретпеуді ойлаған. Өйткені, ол әке­ден 7 жасында жетім қалған. Ал, өз кіндігінен өрбіген Құдайдың берген 7-8 ұл-қызы бар еді. Солай Өз­бекстан, Қырғызстан, Тәжікстан ел­дерінен Ауғанстанға дейінгі арал­ықты паналап, 1946 жылға шейін көшіп-қонып жүргенде атамыз­дың тұңғыш не­мересі Рахия әпкеміз 1936 жылы Са­мар­қант маңындағы ауылда дүниеге кел­ген.
Анамыз 17 жасында босаныпты. Әкеміз айтып отыратын еді, «Рахия басқалар сияқты емес, 7 айда жүріп кеткен» деп. Анамыз өзінің қызының атын ата­майтын. «Сары қыз» дейтін… Бұл атасына, тұңғыш немереге деген құрмет, үлкен тәрбие.
Әпкеміз 10 жасқа келгенде Сағым­бек атамыз ас-ауқатын кем­піріне емес, алғашқы немересіне сеніп тапсырған. Бала-шағасын, не­мерелерін тамақтан тарықтыр­ма­ған. Бірақ, өзі ас ішкенде әпкеміз шайын құйып, тамағын дайын­дап қа­сында отырады екен.
Атамыз әже­міз­ге шай құйғызбай қойған. Әпкемізге үлкен сеніммен, жасы кішкентай болса да аса жауап­кершілікпен қараған. Солай ол ерте шаруаға, еңбекке ара­ласқан.
Салыбек әкеміз бен Балыбек кө­кеміздің еңбекке баулуымен өс­кен бізге – іні-сіңлілеріне әпкеміз үл­кен құрметпен, тәлім-тәр­бие­сімен үлгі бола білді. Тұрмыс құрып кеткен соң да қыздарының төркіндеп келуін әке-шешеміз халықаралық дең­гей­дегі делегацияны күткендей қарсы алатын.
Әлі есімде, пәлен уақытта келеді деген хабар келеді. Біздің үйде әр қыздың астына төсейтін көрпе-жастығы болатын. Оларды әке-шешелеріміз еш уақытта біздің астымызға сал­май­тын. «Сары қы­зым­ның көрпешесі, оған тиісуге бол­майды» дейтін.
­
Әпкеміздің 13 жасында анамыз Бибісараны дүниеге әкеледі. Екі күннен кейін әкеміздің 25 жасар інісі кенеттен қайтыс болып, шешеміз «Менің арыс­тай қайным қайтыс бо­лып жатқанда шақалаққа қарамай-ақ қояйын» деп, белін буып, үлкен үйде келім-кетім кісілерді күтіп, қырқына дейін өз шаңырағына бас сұқпаған екен. Сонда нәрестесін екі-ақ күн емізіпті.
13 жасар қыз шақалақ сіңлісіне бірінші күннен бастап қарап, өзі қыр­қынан шығарған. Айтып отыратын, «Түйе сауамын, сүтін ерніме құйып беремін. Сіңлім соны сорады. Сөй­тіп қырқынан шығардым. Қыстың күні еді, жер ошаққа қурай әкеп жа­ғып, күніге шомылдырып май­лайтын­мын. Кейін кө­ке­міздің қырқы өтіп, адам аяғы саябыр­сыған­нан соң үлкен әжеміз келіп қарады» дейді. «Мына үйде бір шақалақ дүниеге келген еді, аман ба екен?» деп кірген ғой. Сөйтсе кішкентай қыз топ-томпақ болып майланып жатыр екен.
Қарап тұрып айтады дейді, «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деп.
Әпкеміз 5 ұл, 4 қызды дүниеге әкелді. Кеңес Одағының алтын құрсақты анасы атанды. Бірақ, «менің балама неге жәрдем ақы бермей­сіңдер?» деп айт­папты. Ұл-қыздарының бар­лығын еңбекке бау­лыды. Аралары екі-үш жас бол­са да «тәте», «әп­ке», «сіз» дегізіп, тәрбие­леп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Еш­кімнен кем қылмады. Тәуелсіз елі­міздің 29 немере, 20 шө­бере сүйген ақ самайлы әжесі еді…
Әкеміз Салыбек елге «Сарық­ас­қа» атымен кеңі­рек танылған. Сол атқа екі-ақ адамға жем-шөбін, суын беруге рұқсат берілген, иесі – әке­мізге, екіншісі – әпкемізге. Се­бебі «Сарықасқаға» қандай бап, жағ­д­ай жасау керектігін екі адам ғана біледі. Аттың ерекшелігі – өзінің астына еш­қашан суын, зәрін төк­пе­ген. Сырт­қа шыққысы келсе, кісі­нейді. Осының бәрін 16 жасар қыз білетін.
Әпкеміз қиыншылықтың ең ауырын көргенін айтушы еді. Бірақ, сол қиын­шы­лық­қа келдім-ау, жағ­дайым болмай жа­тыр-ау деп күйеуі­не міндет қылып, барған жерінен бір ды­быс шықпаған екен. Үлкен аға­ларым әзілдеп жездемізге айтатын еді, «Әй, Ордабек! Ең болмаса бір рет біздің Сары қызды ұрып, көзін кө­гертіп, бала-шағасымен төркіндетіп жібермедің-ау. Іздеушісі болып ба­рып, сені бір тоқпақтай алмай кете­тін болдық қой, өмірден» дейтін.
Жаңадан шаңырақ көтергенде жез­демізді әскерге алып кетіп қа­лып­ты. Ша­қалағымен қалған әпке­мізді «сендер бөлек үйсіңдер» деп же­ке шығарады. Сондағы бас­па­на­сы қазіргі тілмен айтқанда төбесі түс­келі тұрған біреудің тауықханасы екен. Соның бәрін тазар­тып, әктеп, мойымай тіршілігін жал­ғас­тырған. Бір рет те төркініне «жағ­дайым қиын бо­лып жатыр» демеген екен.
Жездеміздің үлкен ағасы екінші рет шаңырақ көтерді. Қайына­ғасы­ның келіншегі әпкеміздің абысыны болады ғой. Дегенмен, екеуінің арасы 13 жас. Сонда жаңа түскен келіншекпен жолығып қалса, жасы үлкен болса да иіліп сәлем салып, қызмет қылады. Бұл – ұлттың қасиеті! Бірақ, бүгінде осы қасиеттен айырылып қалған сияқтымыз.
Ұл-қыздары өскен соң әпкем мен жездем бір ғана мақсат қойды. Ол – балаларды оқыту, сауатты қылу. Оқуға жол-кіресін тауып беру үшін Ташкенттің Алай базарына арты­нып-тартынып барып, киіз-кілем са­татын. Сөйткен перзенттерінің барлығының қызық­шы­­лығын көріп кетті.
«Бала-шағамды жетілдірем, оқытам деп, мыңдап күрке тауық бақ­тым» дейтін. Жыл сайын. Ешкімнен көмек сұрамай-ақ, қа­зір­гідей кредит алмай-ақ, Мырзакент маңын ме­кен­дегенде мыңдап күрке тауық бағып, оны Ташкентке апарып сатып, бала-шағасының киім-кешегін бүтіндеп жетілдірді. 9 бала­сы­ның барлығын еңбекке баулыды. Тауық, қо­зы, бұзау бақтырды, бау-бақша ектірді, нан жап-тырды, тамақ істеткізді… Өмірдің уа­қыт­ша қиындықтарына ешқайсысы мойымады.
Біздің әкеміздің қарындасы бар еді. Оның атын «Қара қыз» деп атап кеткен. Ра­хия әпкеміз – «Сары қыз». Сонда журналист на­ғашым айтатын еді, «Қара қыз бен Сары қыз мықты. Сырдың арғы жағына барса – Қо­ңыратты, бергі жағына келсе Дулатты билейді» деп.
Ең үлкен әпкеміз Рахия Салы­бек­­қызын арулап Жер-Анаға тап­сыр­ғанымызға да жыл өте шығып­ты. Бізге Құдай осындай жылы естеліктермен бөлісуді жазған екен. Әйт­пе­се, бауырға деген сағы­ны­шым­ды сөзбен ай­тып жеткізудің жөні тым бөлек. Ендігі ама­лы­мыз Құран бағыштау ғана… Алланың ісі­не амал бар ма?!
Мекенің жәннаттан болсын, Сарықас­қа атты Салыбектің Сары қызы!
Болатхан САҒЫМБЕКОВ.