Қажымұқан: ұлы балуанның біз білмейтін құпиялары…
Осы біз біреу намысымызға тимесе, «мәу» демейтін халықпыз. Көрші Ресей «Поддубный» деген фильмді түсірмесе, өзіміздің батыр атамыз Қажымұқанды ұмытып кеткендей екенбіз. «Ойбай, біздің Қажымұқан бабамыз қайда қалды? «Поддубныйдағы» түрік Гаджымукан деген кейіпкер біздің Қажымұқан емес пе?! Ол неге Поддубныйдан оңбастай болып жеңіледі? Қажымұқан кім, Поддубный кім?» – деп қызылкеңірдек болдық. «Қажымұқан кім?» деген сұрақ төтесінен қойылып қалған соң, жас оқырманымызға балуан бабаларының беймәлім қырын әңгімелеп беруді жөн санадық. Алып күштің иесі ғана емес, басқа түрлі қадір-қасиеттері болған екен, қарап отырсақ. Қазақ деген ұлтқа өмір бойы адал болып өтіпті. Сонымен, біз танитын Қажымұқан қандай болған? Ол нендей ерліктер жасаған?
Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы Ақмола облысы, Қараөткел уезінде дүниеге келіпті. Кейбір деректер Қажымұқан Оңтүстік Қазақстан облысында өмір есігін ашты дейді. Әкесінің тұрмыстық жағдайы нашар болғандықтан, күнкөріс қамымен солтүстікке қарай қоныс аударған деседі. Қай өңірде өмірге келді десек те, барлық дерек Қажымұқанның жоқ-жұпыны отбасынан шыққан қазақ балуаны екенін растайды. Кедей шаруаның баласы бай-көпестерге жалданып жүріп жетіліпті. Немересі Перизат Қажымұқанова ол жайында былай дейді: «1977 жылы орыс суретшісі Потехин бала Мұқанның ерлігін суретке таңбалайды. Кедей отбасынан шыққан Қажымұқан алты жасынан бастап жалшы болып жұмыс істеген. 14 жасында Петерборда Масляков деген татардың қолында жалшы болып жүргенде, оншақты орыстың мұжығы көтере алмаған күбі майпіспекті бір өзі көтеріп, шанаға салып береді. Ол майпіспектің салмағы жарты тоннаға жуық екен. Потехиннің картинасында бала Мұқанның алғашқы ерлігі осылай суреттелген».
БІЗ БІЛЕТІН ДЕРЕКТЕР:
Қажымұқан – дүниежүзілік масштабтағы тұңғыш кәсіби қазақ спортшысы. Ол Еуропа, Азия, Оңтүстік Америка елдерін шарлаған. Тек қана Солтүстік Америкаға табаны тимеген екен. Әлемнің 28 мемлекетінде күресіп, 56 медаль иеленген.
Қажымұқан Түркия жерінде күрескенде түрік байларының ризашылығына бөленеді. Сөйтіп олар балуанға құрмет ретінде қасиетті Меккеге қажылыққа апарады. Сол себептен де ол Қажымұқан атаныпты;
Қажымұқан жетпістен асқан шағында да үстінен адам толы жүк көлігін өткізіп өнер көрсеткен.
Ел аузында Қажымұқан айтты деген мынадай сөз бар:
Атандым Мұқан палуан бала жастан.
Ішінде күштілердің болдым астам.
Талай-талай жерлердің дәмін татып,
Өтті дәурен осылай біздің бастан.
Бұл балуанның бала кезден даңққа бөленгендігінің бір айғағы.
Ақын Сырбай Мәуленов Қажымұқанның сыртқы сымбатын:
Саусағы Алатаудың еменіндей,
Жотасы Қаратаудың кемеріндей.
Жүзінен шаттық, қайғы білінбейді,
Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей, – деп суреттейді. Бұл суреттеу балуанның болмысын дөп басатын секілді. Себебі, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың Қажымұқанмен арнайы кездескенде жазып алған дерегі осы өлеңнің шынайылығын растайды. Қоңыратбаев балуанмен кездескенде, оның жасы жетпіс бесте екен. Сол кездегі дене құрылымының өлшемі төмендегідей болыпты: салмағы – 174 келі, бойы – 195 см, кеудесінің аумағы – 146 см, балтырының аумағы – 49 см, мойнының жуандығы – 56 см, бас аумағы – 65 см, ортаңғы саусағының ұзындығы – 14 см, ортаңғы саусағының жуандығы – 10 см, үстіңгі және астыңғы еріндері – 12 см, аяқ киімі 54 өлшемді көрсеткен.
Жадыра Нармаханова
(«Ақ желкен», №8. 2014 жыл)
(Тақырыбы өзгертілді)
Дереккөз: alashainasy.kz