ШЫМКЕНТТЕ ОТАНДЫҚ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ІСКЕРЛІК ЖИЫН ӨТТІ

767
Бүгін Шымкент қаласында YPO Forum Shymkent үшінші бизнес-форумы өтті. Жаңа жағдайдағы бизнес мүмкіндіктерін қарастыруға арналған форумға қала әкімі Мұрат Әйтенов және Қазақстанның бірқатар беделді бизнес өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Форумның ашылуында сөз алған қала басшысы отандық бизнесті дамытуда бүгінгі іскерлік жиынның маңызы жоғары екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдау және қорғау ел дамуы үшін маңызды міндет екенін айтты. Отандық бизнесті дамыту, жаңа жағдайдағы іскерлік мүмкіндіктерді ілгерілету бойынша бүгінгі форум жемісті болады деген сенімдемін. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде елімізде оңтайлы бизнес климат қалыптасты. Қазақстандық бизнес ашық және мобильді бола түсті. Кәсіпкерлеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Біз инвесторлар үшін қолайлы бизнес климат қалыптастыру жұмыстарын жалғастыратын боламыз.
Шымкент беделді іскерлік ортамен серіктестікті нығайтуға әрқашан дайын екенін жеткіземін!»,-деді М.Әйтенов.
Сонымен бірге әкім 2018 жылы республикалық қала мәртебесін иемденген Шымкент қаласының өнеркәсіп көлемі 411 млрд. теңгеден биыл 711,5 млрд. теңгеге жететінін атап өтті. Қалаға осы уақыт ішінде 2,6 трлн. теңге инвестиция тартылып, 200-ден аса жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындарының саны 20 мыңнан асқан. Шағын және орта бизнес саласында – 87 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілер тіркеліп, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 41,6%-ға жетті.
Бизнес-форумның модераторы — «Centrasia Group» басқармасының төрағасы Алмас Құдайберген.
YPO (Young Presidents Organization) – әр елде өз бөлімшелері/чаптерлері бар бизнесмендердің жабық халықаралық клубы. Жалпы, әлемде клубтың 25 мың табысты басшылары немесе бизнес басқарушы мүшелері бар. Қазақстанда YPO құрамына 34 кәсіпкер кіреді. Осы клубқа мүше қазақстандық алты жетекші бизнесмен форумның спикерлері және жас кәсіпкерлердің тәлімгерлері.
Форум мінберінде Chocofamily интернет-холдингінің негізін қалаушы және осы ұйымның Бақылаушылар кеңесінің төрағасы Рамиль Мухоряпов, Tan Media тобының құрылтайшысы, «31-арна» телерадиокомпаниясы мен бірқатар тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшісі Арманжан Байтасов, Bilim Media тобының құрылтайшысы әрі жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, Freedom Holding Corp компаниясының Бас атқарушы директоры және Директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, Alageum Electric компаниялар тобының құрылтайшысы Еркебұлан Ильясов, BI Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы, компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевтар сөз сөйлеп, тәжірибесімен бөлісті және дәрістер өтті.
Бизнес кеңістікте табысқа жеткен тұлғалардың тәжірибесін зерделеу, олардан кеңес алу – кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасайды, салауатты бәсекелестік ортаның қалыптасуына ықпал етеді және жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетеді. Форум спикерлері табысқа жетудің жолдарымен бөлісіп, елімізде бизнес жүргізудің ерекшеліктері жөнінде кеңінен ақпар берді.