М.ӘЙТЕНОВ ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ 30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ ЖӘНЕ БАҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА БАСТАЛДЫ

301

Биыл ҚР Полициясына — 30 жыл. Атаулы мерекеде қала әкімі М.Әйтенов шымкенттік полицейлерді құттықтап, Мемлекет басшысының алғыс хаттарын табыстады. Салтанатты шараға қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, жергілікті атқарушы мекеме басшылары, ішкі істер органының ардагерлері де қатысты.

Жиылғандар алдымен қызмет бабында ерлікпен қаза болған полицейлерді еске алып, гүл шоқтарын қойды.

Жиында сөз алған қала әкімі Қазақстан полициясы отыз жыл ішінде құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен еліміздің тыныштығын қамтамасыз ететін маңызды құрылым ретінде қалыптасып, дамып келе жатқанын айтты.

 

— Бүгінде Президент тапсырмасымен Тәуелсіздікті нығайта түсу, әділетті қоғам құру және құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер енгізу бойынша көптеген істер атқарылуда. Сіздердің антқа адал болуларыңыздың арқасында қаламызда тұрақтылық пен тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Мемлекет полицейлердің жалақысын көбейту және баспанамен қамтуға баса назар аударып отыр. Қалалық әкімдік материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алдық. Соңғы 3 жылда полицияға 109 автокөлік, былтыр 3 868 дана бейнебақылау камераласы алынды. Алдағы уақытта қолдау әлі де жалғаса береді. Еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!- деп тілек білдірді.

 

50-ге тарта полиция ардагерлері мен тәртіп сақшыларына Президент алғыс хаты мен қала әкімінің алғыс хат, естелік сыйлықтары табысталды.

 

 

БАҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА БАСТАЛДЫ

Бүгін Шымкентте 28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай  ұйымдастырылған  дәстүрлі спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Іс-шара алдымен кеше ғана өмірден озған  оңтүстік журналистикасының атасы, Қазақстанның Құрметті журналисі  Байдулла Қонысбекті бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

БАҚ өкілдерінің спорттық  бәсекесін  Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жалпы, 11 команда болып жасақталған жарысқа қатысушылар спорттың   волейбол, шахмат, футбол, үстел теннисі, бильярд және арқан тарту түрі  бойынша сайысқа түседі.

Бүгінгі жарыс волейбол ойындарынан басталды.

 

Шымкент қаласы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы