ШЫМКЕНТТЕ БАС ЖОСПАРДЫ ТАЛҚЫЛАУҒА «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСТЫ ЖӘНЕ ШЫҢҒЫС МҰҚАН ЖАС ҚАЛАМГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

496

Шымкент қаласы бас жоспарының жобасын талқылау жұмыстары қызу түрде жүріп жатыр. Бүгін оған қатысты өздерінің ой-пікірін білдіруге Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы Шымкент қалалық филиалының белсенді мүшелері келді. Арасында белгілі сәулетшілер және қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар бар.

–Шымкент қаласының дамуы бәріміз үшін үлкен маңызға ие. Ал, бас жоспар дұрыс жасалса, онда қалада экономика да, өнеркәсіп те, ауыл шаруашылығы да орнықты дамиды. Ең бастысы, бұл құжат халықтың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне ықпалын тигізеді. Сондықтан, жергілікті биліктің бас жоспардың жобасын қоғамның ашық талқылауына шығаруы орынды шешім дер едім. Біз «Ауыл» партиясының атынан осы мәселеге қатысты ой-пікірлеріміз бен ұсыныстарымызды жеткізу үшін жиналып отырмыз, – деді «Ауыл» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев.

Айта кетейік,  Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бас жоспар 2035 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жобаны әзірлеу үшін мамандар қаладағы 117 мың гектар аумаққа түгел топотүсірілім жасап, 1:10 000 масштабпен картаға енгізіпті. Бұл жұмыстардың тағы бір ерекшілігі – барлық сызба заманауи талаптарға сай келетін векторлы форматта жасалған. Осылайша алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылып, Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарланып отыр.

«Шымкент келбеті» – Айдар ҚҰЛЖАНОВ,

Фото: Серік ҚОСАЕВ.

ШЫҢҒЫС МҰҚАН ЖАС ҚАЛАМГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

«Ақын-жазушыларға шығармашылық қолдау көрсету мәселесі жиі сөз болады.  Біздің қоғамда ақындық пен жазушылық кәсіп емес.  Бірақ,  ол — сіздерге қонған дарын.  Дарын сіздердің артықшылықтарыңыз». Жас қаламгерлермен кездескен Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы

Ш. Мұқан осылай деді.

Кездесуге жас ақындар Сүндет Сейітов,  Салтанат Мадиярқызы, Арайлым Мұратәлиева және жазушы Жәудір Нартай қатысты. Еркін форматтағы отырыс барысында жас қаламгерлердің жұмыспен қамтылу мәселесі де назардан тыс қалмады.

 — Ақын-жазушыларға шығармашылық қолдау мәселесі жиі сөз болады. Шетелдерде жазушылар өте бай. Олар шығармасымен елді елітіп, сол туындысына алған қаламақысымен өмір сүреді.  Біздің қоғамда ақындық пен жазушылық кәсіп емес.  Бірақ,  ол — сіздерге қонған дарын.  Дарын сіздердің артықшылықтарыңыз.  Сіздер де өз өнімдеріңізді өткізе білулеріңіз керек.  Әуелі,  шығарма арқылы оқырман жүрегіне жол табу маңызды. Екінші,  шығармашылық маркетингті дамыту қажет. Яғни,  өніміңіз оқырманға өту үшін сіздер олармен жақын болыңыздар,  — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Жиын барысында жас қаламгерлердің алдағы жоспары талқыланды.

— Жуырда замандастарыңыз Сүндетпен сөйлесіп,  біраз мәселенің басын шалдық.  Алайда,  сіздер өз замандастарыңыздың жүрегіне жол тауып,  әуелі осы шымкенттіктерге танылыңыздар. Жуырда өздеріңіз ұйымдастырған «ШАМ» бірлестігінің шығармашылық кешіне қатысып, поэтикалық дуэльдеріңізді тамашаладым. Алайда, аудитория әлі де аз.  Шымкентте 200-ден аса мектеп,  8 ЖОО,  30-дан астам колледж бар. Сіздер арнайы шығармашылық бағдарламамен осы білім ұйымдарындағы замандастарыңызбен кездесіп,  өздеріңізді таныстырыңыздар,  — деді. Ш. Мұқан.

Жас қаламгерлер кездесу барысында өз пікірлерін білдіріп,  бүгінгі поэзия мен проза тілі жайлы әңгіме өрбітті.

«Шымкент келбеті»  —Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Суретті түсірген Серік ҚОСАЕВ.