ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ ОРЫНДАЛУДА

268

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар кәсіпкерлермен кездесті. Онда қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту жайы сөз болды. М.Әйтенов әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, өнім көлемін арттыру, егістік жерлерді ұлғайту, өнім сақтайтын қоймалар санын арттыру мақсатында инвесторларды бірге жұмыс жасауға шақырды. Шымкентте бүгінде 14 ірі қойма жұмыс жасайды – 6 климаттық, 8 құрғақ қойма мен базарлар.

Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуға даяр кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынды. Солардың бірі — «KAZAKHSTAN LOGISTICS GROUP» ЖШС. Бозарық шағын ауданында орналасқан қоймада екі кезең бойынша жұмыстар жүргізілуде. 1-кезеңде 40 мың тонна өнімге шақталса, екінші кезең 2025 жылға дейін аяқталса қуаты екі есеге артады. Алғашқы кезең бойынша үй-жайлардың құрылысы толық аяқталған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін кезек-кезегімен жүктеу басталды.

Сонымен бірге «Керемет сапа» ЖШС – климаттық қойма салуды қолға алып отыр. 1 мың шаршы метр аумақта 2 мың тонна көкөніс сақтауға болады. Жобаның құны – 500 млн теңге. Биыл құрылыс жұмыстары толық аяқталса 15 адам жұмысқа орналасады.

Өзге де кәсіпкерлер өз жобаларына жер телімін беруді, кейбірі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді сұрады.  Шаһар басшысы әрбір жобаны толық зерделеп, мемлекеттік көмек көрсету үшін жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге, ірі азық-түлік сауда желілері мен әлеуметтік дүкендер санын арттыруды да тапсырды.

Айта өтсек, Шымкентте 6 айда ауыл шаруашылығы саласында 17 млрд теңгенің өнімі өндірілді, салаға тартылған инвестицияның көлемі 1,1 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылы 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде дәнді дақыл- 13 мың га, майлы дақыл-3,6 мың га, мал азықтық- 9,6 мың га, көкөніс пен бақша- 3,4 мың га, картоп – 0,4 мың га, жүгері -0,1 мың га. Нәтижесінде 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Қазіргі таңда 33,5 мың тонна өнім жиналған.