АСАР-2 ЕЛДІ МЕКЕНІ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТЫЛУДА ЖӘНЕ «ЕЛТАЙ» ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ АУДАН ӘКІМІНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА

417

 

Шымкенттегі Асар-2 елді мекенін сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2700-ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапты. Алайда, шағынауданда инфрақұрылым жобаларына енбеген мыңға жуық тұрғын үй бар.

Жыл соңына дейін қалған аумақтарды ауыз  сумен қамту құрылысының ІІ кезеңі аяқталады. Қазіргі уақытта ішкі орам жүйелеріне құбыр тартылуда.

Сондай-ақ, аталған елді мекенде табиғи газбен қамту жұмысы жүргізілуде. Қазіргі кезде құрылыстың  40%-ға жуығы аяқталды. Жоспар бойынша пайдалануға 2023 жылы берілмек.

Бұдан бөлек, Асар-2 елді мекенінде кәріз құрылысы қарқын алуда. Ішкі орамдық кәріз құбырының  жалпы ұзындығы 39,6 шқ құрайды. Бүгінде оның 60%-дан астамы орнатылды. Нысан келесі жылы қолданысқа беріледі.

«ЕЛТАЙ» ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ АУДАН ӘКІМІНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының əкімі Досбол Есілбек «Елтай» тұрғын алабын аралап, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында  туындаған жәйттер мекенжай басында талқыланып, әсіресе тұрғындар көтерген  су мәселесінің  шешу жолдары айтылды.

Атап айтсақ, 60-тан астам тұрғын үйлерге беріліп отырған судың қысымы  өте аз. Оған  жекеменшік есебінен тартылған құбырдың су жеткізу қуаттылығы төмендігі себеп болып отыр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін тұрғын  үйлерге арналып жаңадан орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту  «Су ресурстар-Маркетинг» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында қарастырылуда.

Сондай-ақ, алабтағы орналасқан 4 тұрғын үйге көлік қатынайтын жол ашу қажеттігі де айтылды. Жер телімдері бұрынырақ Төлеби ауданы әкімдігі тарапынан берілген болатын. Жол түсуі тиіс жер телімі «Сарем» ӨК-нің теңгерімінде. Бұл мәселені де оңтайлы шешу үшін тиісті шаралар қабылданатын болды.

Сонымен бірге, тұрғындар осы елді-мекендегі «Ынтымақ» кафесі жанына бейнебақылау орнатуды сұрастырды.  Аталған жерге бейне бақылау орнату бойынша құзырлы мекемелерге  өтінімдер жолданғаны  да атап өтілді.

«Елтай» тұрғын алабының  тұрғындарымен кездесудің қорытындысы бойынша  айтылып, көрсетілген  мәселелер аудан әкімінің тұрақты бақылауында болатын болды.