БІЛІМ ОШАҚТАРЫНДА АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ
Бүгін Төлеби ауданының барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды. Салтанатты жиындарға аудан әкімі мен орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттар қатысып, ұстаздар мен шәкірттерді Білім күні мерекесімен құттықтады.
Аудан әкімі Төлеген Телғараев қаладағы Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебіне арнайы барып, мерекелік іс-шараға қатысты. Білім күні мерекесі Мемлекеттік Әнұранмен ашылып, алғашқы болып ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен мектеп директоры Ғалымжан Мырзалы құттықтады. Білім ошағының табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге деген ізгі тілегін жеткізген аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алып, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасып, өсе берсін деді.
-Бірінші сынып оқушылары үшін – 1 қыркүйек күні есте сақталатын айтулы мерекелердің бірі. Сондықтан да алдымен осы бүлдіршіндерді құттықтағым келеді. Биылғы оқу жылының басты жаңалықтарының бірі мектептер 5 күндік оқу жүйесі көшіп, оның мерзімі 31 мамырға дейін ұзартылады. Сондай-ақ, бірінші сыныпта барлық оқушы өз ана тілінде білім алса, екінші сыныпта орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі пәндері кезең-кезеңімен оқытылады. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуі бірінші сыныптан басталып, қазақ тілі пәні жүргізіледі. Бұл мемлекеттік тілге деген үлкен құрметтің белгісі. Жалпы аудан аумағында 68 білім беру мекемесі болса, оның екеуі жекеменшік. Бүгінгі таңда білім ошақтары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңа оқу жылына және күзгі-қысқы кезеңге дайын, — деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.
Білім ордасына енді ғана қадам басқан бірінші сынып оқушылары мектепке арнаған тақпақтарын жатқа оқып, өнерпаздар әннен шашу шашып, алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, барша оқушыларды алғашқы сабаққа шақырды.