“АНАЛЫҚ МЕЙІРІМНЕН АСҚАН МЕЙІРІМ ЖОҚ…”

663


Ана жүрегі мейірімге толы. Жанға шуақ, көңілге қуат сыйлайтын аналық мейірімінен асқан мейірім жоқ шығар сірә. Бүгін Түркістан облысының бір топ Аналары Төлеби ауданының төрінде жиналды. Ұрпақ тәрбиесін уыстан шығармай, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудің қамын күйттеген аналар келелі ойларын ортаға салды. Ой-пікір алмасты. Тәптіштеп айтсақ… Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысында ҚХА-ның «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» жобасының Түркістан облысында іске асырылуы қаралды.
Аталған бағдарламаның мақсаты — отбасы құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына сіңіруді көздейді, ұлттық дәстүрді қадірлеуге, сақтауға шақыру болып саналады.
Кеңес отырысына Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Жанғазиева Эльмира Ұласбекқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Тоққұлова Гүлсара Төлебекқызы, облыстық, аудандық, қалалық және этномәдени бірлестіктер жанындағы Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Маңыздылығы терең жиында «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» республикалық жобасының Төлеби ауданында атқарылуы туралы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Рахишова Айдаркүл Айтбайқызы баяндады.

Жиында қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін қайта жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесінің үздік үлгілері төңірегінде Төлеби аудандық түрік этномәдени бірлестік жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Адилова Құрбы Керімқұлқызы баяндама жасады.

Сонымен қатар 2022 жылы 7 қыркүйек күні Түркістан қаласында ҚР Президентінің 2022 жылдың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басым бағыттарға назар аударылып, жиынға қатысушыларға кеңінен насихатталып ойлары өз ортаға салынды. Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі осы бағытта түрлі бастамалар жасап, оның жүзеге асуы үшін жұмыстар жалғасын табатындығы айтылды. Аналар бас қосқан жерден бақыт көрем. Өйткені, өмірде ұрпағының бақытын тілемейтін Ана жоқ. Аналық мейірімін шашқан асыл аналардан айналдым. Аналар аман болсын!


Ерсұлтан Әмірбек, журналист