ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАС ТЕННИСШІ ГРУЗИЯДАҒЫ ТУРНИРДЕ КҮМІС МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

265

 

Тбилисиде (Грузия) үстел теннисінен жасөспірімдер арасында WTT Youth Contender турнирі өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған түркістандық Марлен Жұмағұл күміс медаль иеленді.

Халықаралық турнирде әр түрлі жас топтарында Қазақстанмен қатар Армения, Әзірбайжан, Бельгия, Египет, Грузия, Голландия, Гонконг, Үндістан, Иран, Йемен, Катар, Тайбэй, Сауд Арабиясы, Мексика, Швеция, Біріккен Араб Әмірліктері, Украина, Өзбекстан спортшылары өнер көрсетуде.

Тартысты турнирде Түркістан қаласының тумасы, 11 жасар Марлен Жұмағұл өз шеберлігін көрсетіп, күміс медальді жеңіп алды. Марлен Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тәлім алады. Спорт мектебін Әнуар Амантайұлы Сәрсенбаев басқарады.

Тбилисиде Марленнің ойын өрнегі көпшілік көңілінен шықты. Оның көрсеткішіне назар аударсақ, 3 кіші топта Моххамед Альмусаибты (БАӘ) 3:0 есебімен, 1/4 финалда Мате Гамбарашвилиді (Грузия) 3:1 есебімен, жартылай финалда Юсеф Альхавайды (БАӘ) 3:2 есебімен жеңді. Ал бірінші орын үшін болған кездесуде ирандық Фараз Шакиба басымдық байқатты.

Сондай-ақ аталған бәсекеде тағы бір түркістандық Рамазан Нәзір өз өнерін паш етіп, ширек финалға дейін жетті.

Енді 23-25 қыркүйек аралығында турнирде Қазақстан құрамасы сапында қыздар ойнайды.