АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ ҚАРЖЫ ИГЕРУ ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
Бүгін аудан әкімі Уласбек Садибековтің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.
Мәжіліс басталмас бұрын Қайнарбұлық ауылдық округінің әкімі Есбол Дүйсебаевтың жаңа қызметін таныстырып, алдағы жұмыстарына сәттілігін тіледі.
Мәжілісте аудан бюджетінің 2022 жылдың 1 қыркүйегінде орындалуы, 2022 жылғы күзгі әскерге шақыру, аудан аумағында жұмыстарының барысы туралы талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.Айтекееваның баяндамасына сәйкес, бюджеттің орындалуы 2022 жылдың 1 қыркүйегіне аудан бюджетінің кірістер жоспары 2565,3 млн. теңгені құрап, нақты 3202,0 млн.теңге түсім түскен, яғни жоспар 123,4%-ға орындалып, 583,0 млн.теңгеге артығымен түсті.
Ағымдағы жылдың 8 айына шығыстар жоспары 24 492,3 млн.теңгені құрап, нақты 23 987,2 млн.теңге игеріліп, жоспар 97,9%-ға орындалды, 505,2 млн. теңге қаржы игерілмеген.
Сонымен қатар, нысаналы трансферттердің игерілуі, жалақыға қосымша қажеттілік, қоса қаржыландыру, бюджеттік кредитті қайтару, мемлекеттік мүлікті тіркеу бағытында жұмыстар атқарылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Ғ.Балғынбаев 2022 жылдың 17 тамыз — 9 қыркүйек күндері аралығында бекітілген жоспар сәйкес, шақырту бекетіне келуге тиіс 1277 шақырылушыдан, 751 шақырылушы ғана келді, 526 шақырылушы 41 % ешқандай себепсіз келмеді. Атап айтқанда, Жібек жолы, Арыс және Манкент ауылдық округтері тарапынан күзгі әскерге шақырушыларды төмен деңгейде жұмыс жүргізілгені ескертілді.
Мәжіліс барысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан аудан аумағындағы барлық ауылдық округтеріндегі санитарлық-тазалық жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізілгені баяндалды. Тексеру жұмыстары кезінде өткен лездемелік жиналыста көрсетілген кемшіліктер толық жойылмағандығы анықталды. Сонымен қатар, Ақсукент, Ақбұлақ, Манкент, Арыс және Қайнарбұлақ ауылдық округтері әкімдіктері тарапынан санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқандығы рәсімдеп, алайда жұмыс барысында тек қана әлеуметтік қоғамдық жұмысшылар қызмет атқарып жатқандығы анықталды. Ауылдық округі аумақтарында зерделеу жұмыстарын атқару барысында санитарлық-тазалық бойынша жалпы 54 бей-берекетсіз қоқыстанып жатқан орындарды ретке келтіру қажеттілігі айтылды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тапсырмаларды ауылдық округтерінің әкімдері мен сала басшыларына жүктеді.
Күн тәртібінен бөлек, «AMANAT» Сайрам аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы А.Әбдіқадіров аудан әкімдігінің басшыларына партиялық билеттерін табыстады.