ТҮРКІСТАН-АРЕНАДА АЛҒАШҚЫ ОЙЫН ӨТТІ

591

 

Түркістан қаласында салынған «Түркістан-арена» стадионында алғашқы ойын өтті. Футбол бәсекесі Түркістан облысының 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдері арасында өрбіді. Тартысты өткен жолдастық кездесуде жас жеткіншектер бар шеберліктерін ортаға салды. Ойынның негізгі мақсаты – алдағы Қазақстан Республикасының чемпионатына құраманы жасақтау. Енді жаңа аренаның шымылдығын ашқан түркістандық аяқ доп шеберлері Ел чемпионатында үздіктер қатарынан көрінуді жоспарлап отыр.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Түркістан-арена» орталық стадионы 7000 орынға арналған. Алып кешенде спорттың әр бағыты бойынша жеке-жеке залы бар. «Самрұқ Қазына» ҰӘҚ АҚ Түркістанға тарту еткен стадионның негізі футбол алаңынан, жеңіл атлетикаға арналған жабық аренадан тұрады. Акробатика, бокс, ауыр атлетика, спорттық гимнастика және йога залдары толық талаптарға сай жасақталған.
Бұл жерде алда футболдан Қазақстан Республикасы чемпионатының Премьер-Лига, Бірінші және Екінші Лига командаларының ойындары мен басқарманың жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес, спорт түрлерінен (футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, садақ ату) жас ерекшіліктері бойынша облыс құрамасының оқу-жаттығу жиындары және облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар жоспарға сәйкес өткізіліп тұратын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі