Шымкент: Мобильдік топтың жұмыстары қарқынды жүргізілуде

774

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы аудан әкімдерінің қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Абай ауданының әкімі Б.Парманов аудан аумағындағы мобильдік топтардың жұмыстарын баяндады.

– Абай ауданы аумағында осы жылдың 1–26 шілде күні аралығында 3 157 нысанға мониторинг жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде карантиндік режим талаптарын бұзған 109 нысан анықталып, 102-ге тіркелді. Мобильдік топтың құрамына ерікті түрде Қоғамдық бірлестік өкілдері және №13 қалалық емхана мен учаскелік полиция қызметкерлері енгізілді. Сондай-ақ мобильдік топтың құрамы жандандырылып, тиісті қалалық 4 басқармадан (Кәсіпкерлік, Ауыл шаруашылығы, Жолаушылар көлігі және Еңбек инспекциясы) мамандар қосылды, – деді Бұхарбай Рысқұлұлы.

Сонымен қатар, Қаратау ауданының әкімі Абзал Шымкентбайұлы тұрғындарды вакцина алуға шақырды. Оның сөзінше шектеу шараларын сақтап, бетперделік режимді орындау эпидахуалдан шығар бірден-бір жол дейді. Осы орайда аудан басшысы карантин талабын сақтамаған «Royal rose» ресторанының жұмыстары сотпен тоқтатылғанын жеткізді.

Ал Шымкент қалалық Әл-Фараби ауданының әкімі Р.Мыңбаевтың айтуынша, аудан аумағында карантиндік шектеу шараларын орындамаған 416 жеке және заңды тұлға анықталып, хаттама толтырылған. Оның ішінде 18 жеке кәсіпкер, 5 заңды, 12 лауазымды және 388 жеке тұлға бар.

– Әл-Фараби ауданы аумағында 10 мобильдік топ жұмыс жасайды. Осы жылдың 1 шілдесінен бүгінге дейін 4 763 нысанға мониторинг жұмыстары жүргізілді. Ал «Ashyq» жобасына қатысатын субъектілер сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуге тыйым салынады, – деді Рашид Мамытұлы.

Айта кетейік, Еңбекші ауданы бойынша COVID-19 індетінің алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында мобильдік (мониторингтік) топтардың саны (аудан әкімі аппараты, аудандық полиция қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер) 6 дан 10-ға дейін көбейтілген. Бұл ретте карантин талабын өрескел бұзған 8 нысанға айыппұл салынып, 1 ай мерзімге қызметі тоқтатылған.