Бауыржан Омарұлы: КӨПЕННІҢ ӨМІРІ

511

Күйін күйттеп ұлтының,
Көрмеді ғой бір тыным.
Көсемсөздің көсемі,
Корифейі күлкінің!
(Журналистік фольклордан)

Көпен ағаны қай кезден бастап білем өзі? Қиыр Шығыстан сықақ өлең жазып тұрғаны өз алдына, бертінде ол кісі туралы миымызға біраз мәлімет жинақтала бастады. Мәселен, мектеп бітірген жылы Нұржан деген кластасым Алматыға барып, оқуға түсе алмай келді. Оқуға түсе алмағанымен, көңілге көп нәрсені түйіп қайтыпты. Кәдімгі Көпен Әмірбекті көріпті. Көрген себебі, ол бізге мектепте әдебиеттен сабақ беретін Шамхан жездесінің жақын таныстарының бірі екен. Дәлірек айтқанда, Нұржан – менің кластасым, Шамхан – оның жездесі, Шамхан – Құлбек Ергөбектің курстасы, Құлбек – Көпеннің інісі. Сонда не болды? Кейіпкерімнің кертолғауындағыдай, «Әбдірахманнан – Айтан, Айтаннан – Байтан, Байтаннан – Байпаң, Байпаңнан – Майтан, Майтаннан – Тайтаң, Тайтаңнан – Жайтаң, Жайтаңнан – Жайпаң» деген секілді жайдақталып кеткен жоқ па?! Болса бола берсін… Бәрібір Қиыр Шығыстан қыңыр сөзін жолдап жүрген ағамыз сонда сенің алыстан қосылатын танысың болып шықпай ма? Енді одан артық не керек?!
Сол Нұржанның астанадан алып келген ең құнды мәліметі мынау еді. Көпен ағам Алматының көшесінде құйғытып көлік айдап жүр дейді. Ол кезде қаламгердің темір тұлпарды тізгіндеуі таңсықтау нәрсе. Демек, жалпақ ел жаяу жүргенде, машина мінсе, мықтының біреуі болғаны. Аспандағы ұшақ пен астындағы қайықтан басқа көлігі жоқ Қаратереңде өскен бала Көпен ағаның машинасының маркасын тап басып айта алмайды. Сірә, біздің топшылауымызша, сатираның сардары Садықбек Адамбековтің өзі мініп-түскен кезде сынап-мінеп кететін атышулы «Ниваның» өзі болуы әбден мүмкін.
Өзіміз студент атанған шақта оның абыройы аспандап тұрды. Шымшыма шумақтарын екінің бірі жатқа айтады. Өлеңдері өткір, өзі тапқыр. Тиген жерін тіліп түседі. Анда-санда түрлі жиындардан көріп қаламыз. Жалпы, Ақбас Алатаудың етегіндегі ару қалаға табаны ілінген бозбала қаламгерлерді алғаш көргенде сан қилы күй кешеді. Жазған-сызғандарына қарап, кездесе қалсам, етене араласып, емін-еркін әңгімелесіп кететін шығармын деп ойлаған адамың түксиген әрі тоңмойын біреу болып шығады. Керісінше, қаққан қазықтай бой-сойы мен түр-әлпеті ұнамай, іргеңді аулақ салғың кеп жүрген жазушың қусаң да кетпейтін ақкөңіл ақылшыңа айналады. Кейбір кісілерді көргенде «Шіркін-ай, кездеспей-ақ, шығармаларын оқып жүре бергенім жақсы еді», – деп ептеп өкінесің.
Ал Көпен ағаны көргенімізде мұндай сезімнің ешқайсысы да бойымызда болған жоқ. Ол оғаш әсер қалдырмады. Ойлы әрі орнықты екенін байқатты. Ұлағатты әрі ұстамды екенін аңғартты. Сатирик екенмін деп, отырған жерін үнемі күлкімен көмкеріп кетуді мақсат етпейтін сияқты. Өзінің позасын, күлкінің дозасын жақсы білетін адам секілді көрінді. Сырын алдырмайды. Жәркелештеніп көп күле бермейді. Бірақ Аркадий Райкин елді қыран жапқандай қылып, мол күлкіге кенелтіп жатқанда қабағын ашпай, томсырайып отыра беретін Әзиз Несиндей тым томаға-тұйық емес, әрине. Анда-санда қалжың айтып, елді дүр еткізеді. Онда да түйеден түскендей қойып қалмайды. Әр нәрсені жөнімен айтады. Әдеп пен әдебиеттің екі арасынан, мақсат пен мәдениеттің шегарасынан аспайды. Осы уақытқа дейін Көпеннің күлкісі түрпідей тиіп, залал мен зардап шеккен адамды көрмеппіз. Сондықтан Көпен көкем бізге баяғыда-ақ ұнады.
Көп-ағамен жақындата түскен тағы бір себеп мынау. Мен ол кісінің туған інісі Базарбекпен қатар оқыдым. Кәдімгі Балапан Базар. Жігіт ағасы болған шағында да ел қойған есімінен бас тартпаған атақты ақын Бала Ораз секілді алпысқа толған Базарбек досым да студент кезінде иеленген Балапан атынан безіне қойған жоқ. Әйтпесе, құжатқа қатталған нағыз ныспысы – Базарбек Түкібай. Жалпы, бұлар тұқымымен түрпі тілдестер. Түрпі тілдес болса да, түркі тілдес секілді тату. Сол Балапан Базарың усойқының өзі. Шабыты тасығанда сеңдей сөгіледі, тотияйындай төгіледі. Жатақхананың жұқалтаң тұрғыны атанған ботатірсек бозбала кезімізде ол «Жақсы көру белгісі» деген өлең жазды.

Әкесін баласы,
Жақсы көреді шамасы.
Кеше әкелген су жаңа
Гарнитурды ойыпты.
Бүйіріне «Папа» деп,
Жазу жазып қойыпты…

Қаршадайымыздан қатар өскен соң қалжыңмен қағыса береміз. Сонау студенттік жылдарымызда Алматы мен Мәскеудің арасына №7 «Қазақстан» жүрдек пойызы қатынайтын. Баяғыда Байбота ағам «Жетінші пойыз бір жарым сағат кешігеді деп есіттім», – деп жырлайтын кәдімгі көкшулан көлік. Бұрын Шу, Луговой, Арыс, Түркістан, Жаңақорған, Шиелі секілді жол бойындағы аудан орталықтарына ғана тоқтап жүрген сол пойыз бір күні Базекеңдердің ауылына жақын Темір станциясына пысылдап келіп маңдай тіресін. Тіпті бұл бекет жол кестесіне де еніп кетіпті. «Мәссаған, мына Базарбек бастаған шымкенттіктер әйтеуір «өйтіп-бүйтіп» асау пойызды Темірге тоқтататын қылды-ау», – дедім жұрттың көзінше оны тұқыртып алғым кеп. Базекем былқ етпеді. «Осындай әңгімені үнемі айта берсең, бұдан да көбірек «өйтіп-бүйтіңкіреп», сенің Аралыңа аялдамайтын қыламыз», – деді жұлып алғандай. Ал, керек болса… Нем бар еді ұрынып… Сөйтіп, ол өршеленіп ұмтылған өзімді ат үстінен оп-оңай аударып тастады. «Ойбай, тоқтай берсін, тіпті анау Ешкіқораларыңа дейін емін-еркін бұрып апарыңдар», – деп әзер құтылдым. Айттым ғой, мықты деймін бұлар шетінен. Сол Балапан Базарды сары уыз сатирик кезінен баптаған кім? Көпен. Сын-сықағының уытты болуына ықпал еткен кім? Көкем.
Сондықтан, өзіміз көріп-білгелі ағайын-туысқа, дос-жаранға, тамыр-танысқа бірдей қадірлі Көпен көкемнің өмірі күлкімен өрілген өмір деп топшылауға толық негіз бар…
/Суретті түсірген Шүкір Шахай/