КИЕЛІ ШАҺАРДЫҢ ҚАМҚОРШЫ ҚАРИЯСЫ

277

Пернехан Саруаров атамызды қала тұрғындары жақсы біледі. Жетпістен асса да, кәнігі велошабандоздардай, даңғыл жолдардың іргесімен құйғытып ұшып бара жатқанын көресіз.  «Бұл ақсақал қайда асықты? Тағы бір нәрсенің ұштығын шығарайын деп әкімдікке қарай ұшып бара жатыр-ау» деп қызыға да, қызғана қарайсыз. Себебі, қырыққа да жетпей жұмысқа құлқы жоқ, үйдің төрт бұрышында қамалып отырған жастарға үлгі. Пернекең бір орнында тұрып қалмай, үнемі ой үстінде жүреді және ойындағы нәрсені билікке жеткізіп, орындатады да.

 

Пернехан Саруаров 1950 жылы 22 қыркүйекте Түркістан қаласында дүниеге келген. 1958 жылы қаламыздағы В.И.Ленин атындағы №1 жалпы орта мектебіне барып, 1969 жылы бітірген. Осы жылы Алматы қаласындағы шетел тілдер педагогикалық институтының француз тілі факультетіне оқуға түсіп, 1973 жылы ойдағыдай тәмамдаған.

Пернехан Саруаровты өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы азамат ретінде жақсы білеміз. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттерінің арқасында қарапайым жас маманнан еңбек жолын бастап, біліктілігі мен іскерлігінің арқасында білім саласында жастарға тәлім тәрбие беруде өзінің сүбелі үлесін қосқан жан. Шынында да адамды, абырой өсіреді, өркендетеді. Ал, ол қалай келеді? Бұл туралы небір өмір тәжірибелері толысқан азаматтар абырой адал еңбекпен келеді деп біледі. Демек, «Ел үшін төккен тер текке кетпейді, ол өзіңе абырой болып оралады» деген халық даналығы тегін айтылмаса керекті.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін Пернехан ағаның еңбек жолдарына тоқталып өтейік. Алғашқы еңбек жолын 1973 жылы өзі оқыған В.И.Ленин атындағы №1 жалпы орта мектебіне француз тілі пәнінің мұғалімі болып орналасып, өзіне тәлім-тәрбие берген ұстаздарымен әріптес болады. Ал, 1981 жылы қалалық атқару комитетінің кәмелетке жасы толмағандар комиссиясының жауапты хатшысы болып, 1984 жылға дейін қызмет атқарады. 1984-2013 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы №38 кәсіптік техникалық училищесінде француз тілінің мұғалімі, оқушылар кәсіподақ комитетінің төрағасы, психолог, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директордың оқу әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, әдіскер болып абыроймен қызмет жасап, зейнеткерлікке шықты.

Ұстаз-жас ұрпақтың рухани сәулеткері. Парасат пен пайымды, ақыл мен білімді, ұлттық және азаматтық құндылықтарды ұрпақ бойына дарытушы тұлға деп білеміз. Пернекең шәкірт тәрбиелеуде өзінің үлесін қосқан ардагер-ұстаз. Осы сөздің ішінде қаншама ұғым жатыр. Өміріміздің бәйтерегі болған мұндай ұғымға кеудесінде жаны бар әр адам өмір бойы ризашылық білдірумен өтетіні жасырын емес. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, оларды қанаттандырып, өмірде өз орындарын табуға күш салып келді.

Пернекеңнің білім саласында атқарған еңбектері жоғары бағаланып, ол Қазақ ССР кәсіптік білім беру ісінің озық қызметкері, ҚР Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының Құрметті мүшесі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, бірнеше мәрте облыстық, қалалық білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Өткен жылы қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің қолынан «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иемденді.

Пернехан ағамыз бүгінде елге сыйлы, үлкен шаңырақтың отағасы, немерелерінің сүйікті атасы. Өмірлік жолдасы Жаңылтай апамыз екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 8 немере, бір шөбере сүйіп, бүгіндері солардың қызығын қызықтап, немерелерінің тәтті қылығына тоймай отырған жайлары бар. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан жандар. Осының барлығы әке өнегесі, ана мейірімі арқасында деп білеміз.

Пернекең зейнет жасында болса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аға буын өнегесін бүгінгі жастарға үлгі етіп, оларды патриоттық, еңбексүйгіштік рухта тәрбиелеуде талмай қызмет етіп келеді.

Пернекең 2011 жылы Төлегенов көшесіндегі №31-үйге көшіп келеді. Ол кезде әрине бұл маң қаланың шеткі жағы. Көктемде, күзде лайсаң, батпақ. Балалардың жүруіне қиын. Сонда көршілерінен ақша жинап, көшеге тас төсетуге кіріседі. Ақырында демеуші тапқан соң, көршілерінен жинаған ақшасын қайтарып береді. Жол жөнделеді әрі асфальттанады. Көшенің жарығының жоқтығы және үйлердегі электр жарығының сығырайып тұрғандығына налып, сол кездегі қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың жеке қабылдауына жазылып, көшенің басына жаңадан трансформатор орнаттырады.

Пернекең 2013 жылы зейнет жасына шықса да қоғамнан қол үзбей, қаланың көркеюіне, абаттануына өзінің үлесін қосып келе жатқан азамат. Олай деуге толық негіз бар. Қаланың олқылықты жерін дер кезінде байқап, дабыл көтеріп, жергілікті газеттерге үн қатып жатады. Мәселен, 2019 жылы қала әкімінің есеп беру жиналасында қаланың жанашыры ретінде орын алып жатқан кемшіліктерді ашық айтып, онда 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлау кезеңінде «Жеңіс» саябағында салынған ғимарат өз дәрежесінде пайдаланылмай, әжетханаға айналғанын, саябақ ішіне әжетхана салынса деген ұсынысын білдіреді. Сонда жиналысқа қатысқан қала тұрғындары қолдау көрсетіп түркістандықтардың көкейінде жүрген мәселесі екенін байқатты. Сонымен қатар, саябақтағы орын алған көптеген кемшіліктерді көтеріп, оның оңды шешілуіне ұйытқы болып келеді.

Бұдан бөлек, қаланың кемшін тұстарын жазып, көтеріп, оның сын мақалалары дер кезінде қала әкімдігінің тиісті бөлімдеріне жетіп, нақты қорытынды шығып келеді. Айталық, базарлардағы қайыршылар туралы, тәртіп сақшылары талапты күшейтсе, қала көшелеріндегі кемшін тұстар, қаладағы аялдамалар қала тұрғындарының сұранысын қанағаттандырмайтынын, қаланың кейбір оғаш көріністерін (қоқыстарды, тастандыларды) фотаға түсіріп, фото айыптау жасап газет бетіне тұрақты жариялап, қаланың өркендеуіне жанашырлық танытып келеді. Оның сыни тұрғыда жазған мақалалары оқырмандарға ой салып, кемшіліктерді дер кезінде қалыпқа келуіне ықпал етуде.

Әсіресе, қаланың көркейіп, абаттануына өзіндік үлесін қосып келетінін біледі жұрт бүгінде. Сонымен қатар, жергілікті «Тұран-Түркістан» телеарнасында ашық сұхбат айдарында да бірнеше рет жастар тәрбиесі және қаланың тазалығына ден қою, көріктендіру, абаттандыру бағытында да өзіндік ой-пікірлерін білдіріпті.

Пернекең жақында қала әкімі Нұрбол Тұрашбековке кіріп, туристік қалаға айналып келе жатқан киелі Түркістанда кез-келген аялдамаға, бағанаға жалбыратып жарнама іліп қою жараспайтындығын, оны тыю керектігін айтып: «Жаңадан ашылып жатқан экобазар, немесе орталық базар маңынан арнайы жер бөліп, жарнаманы жаңа үлгідегі формасымен, табло секілді  берудің тәсілін ойластыруды тапсырыпты. Міне қазір бұл мәселеден де нәтиже шығатын күн жақын. Бұл мәселемен қаланың сәулет және қала құрылысы бөлімі мен тұрғын-үй және коммуналдық қызмет бөлімдері айналысып жатыр. Жақында сметалық жобасы жасалып, енді орнату үшін қаржы қарастыруға Мәслихат сессиясына шығарылмақ.

Жақында қаланың алты секторындағы тұрғындармен кездесуінде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шағын аудандарда орнатылған балалар ойыны алаңы – воркуттардың, футбол алаңдарының жылға жетпей қирап қалатынына қынжылысын жеткізді. «Мүмкін, ол нысандарға қаланың жауапты тұрғындарын бекіткен жөн болар ма еді. Мүмкін ондай жандарға қалалық қордан жалақы төлеуді де ойластыру қажет шығар» деген ойын ортаға тастады. Ал, Пернехан Саруаров ағамыз бұл жұмысты өз қолына алып, ешкімге айтқызбай-ақ үйінің тұсындағы футбол алаңына газон төсеткізіп, қоршауын жаңалатты. Балалар алаңы –воркауттың, темір турникеттердің дұрыс жасалуын қадағалады. Ешкім тапсырма бермесе де,  қазір де көз қырын салып жүреді.  Себебі, бұл маңайдағы тұрғындардың үлкені өзі. Міне, әрбір ақсақал зиялы қауым өкілі киелі шаһарымызға Пернекеңдей жанашырлықпен қызмет етсе,  қаламыздың тез көркеюіне, рухани жаңғыруына даңғыл жол ашылар еді.