ЖАСЫЛ АЛАҢДА – ЖУРНАЛИСТЕР
Өткен ғасырдың 1980 жылдары қазақша күрестен, 2000 жылдары шағын футболдан «Түркістан» қалалық газетінің жүлдесі үшін қала көлемінде жарыстар ұйымдастырылғаны әлі есімде. Міне араға көп жылдар салып мұндай игі бастама қайта қолға алынды. Атап айтсақ, «Түркістан» газетінің жарыққа шыққан күніне және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», 1954-1955 жылдары «Қызыл Түркістан», 1959-1985 жылдары «Коммунистік еңбек», «Коммунистик мехнат» газеттерінің редакторы болған Тұрабай Мырзахметовтің 100 жылдығына орай «Түркістан» қалалық газетінің жүлдесі үшін БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды.
Шаһардағы «Қайрат» спорт кешенінде өткен доп додасына «Түркістан» телеарнасы, «Өнер», «Тұран БАҚ», «Өзіміздің жігіттер» командалары бақ сынасты. Жасыл алаңда барын салған журналистер «дөңгелек жүйе» бойынша жеңімпазды анықтады. Әсіресе, «Түркістан» телеарнасының коман-дасы тыңғылықты дайындықпен келгендігін дәлелдеді. Олар өз қақпаларына бірде-бір гол жібер-мей үш ойында да қарсыласта-рынан басым түсті. Керемет нәти-же. Биыл облыстық спартакиадада 2-ші орынды қанжығасына байлаған алаң иелері «Тұран БАҚ» командасы тағы да сол көрсеткішті қайталады. Олар 3 ойынның екеуінде жеңіске жетсе, бірінші орын үшін болған тартыста телеарна жігіттеріне есе жіберді. Айта кету керек, алғашқы кездесуде «Өзіміздің жігіттер» командасына 1-ші таймда 2:0 есебімен жеңіліп тұрып 2-ші таймда ойынды түбегейлі өзгертіп 4:2 есебімен жеңіске жеткенін ерекше атап өткеніміз жөн. Тартысқа толы жарыс қорытындысы бойынша «Түркістан» телеарнасы бірінші орынды иеленсе, «Тұран БАҚ» командасы жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Ал үшінші орынды жергілікті жас жур-налистерден құралған «Өзіміздің жігіттер» құрамасы қанжығалады.
Доп додасының жабылу салтанатында сөз алған ҚР Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы Мақсат Таңғатаров, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің бас директоры Жанахмет Ағыбаев, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ғаппар Сәрсенбаев, Тұрабай Мырзахметовтің ұлы Марат Мырзахметов, облыстық ақпараттық талдау орталығы директорының орынбасары Қанат Джакешевтер аталмыш турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған «Түркістан МЕДИА» ЖШС меншігіндегі «Түркістан» қалалық газетінің ұжымына өз алғыстарын жеткізіп, мұндай игі шара жалғасын табатынына сенімді екендіктерін тілге тиек етті. Жүлдегер командалар Түркістан қаласы әкімінің Алғыс хатымен, медальдар, кубоктармен ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықпен марапатталды. Бұдан бөлек үздік өнер көрсеткен ойыншыларға да бірнеше аталымдар бойынша қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Түркістан» газетінің ұжымы «Аmanat» партиясы Түркістан қалалық филиалының Алғыс хатымен марапатталды.
Осылайша журналистер арасындағы спорт мерекесі мәреге жетті. Осы ретте аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің әдіскері Бекжан Адамбековке, Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Асилбаевқа, «Яссы» футбол клубының директоры Мэлс Кара-мысовқа, Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ердәулет Асановқа шынайы алғысымызды білдіреміз.
Иә, Түркістан төрінде тағы бір спорттық шара мәреге жетті. Бұл игі шараны жыл сайын өткізуді жоспарлаудамыз. Келесі жылы аталмыш шараның ауқымын кеңейтіп, облыс көлемінде ұйымдастыруды қолға алмақпыз.