«МАҚСАТЫМЫЗ – БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРДІ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТПЕН 100 ПАЙЫЗ ҚАМТУ»

236

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев іс-сапармен Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында болып, халықпен кездесу өткізді. «Түркістан музыкалық-драма театры» ғимаратында өткен кездесуге мәдениет және өнер спорт саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, ғалымдар, қоғамдық ұйымдар мен Ассамблеясы, түрлі сала қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Мақсат біреу – жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау, сұрақтарына жауап беру.

Мінбер төріне көтерілген Дәурен Абаев туризм, мәдениет және спорт салаларында атқарылып жатқан көлемді жұмыстарға тоқталып өтті.

— Түркістан облысы адамзатқа ортақ тарихи-мәдени нысандарға өте бай өлке. Облыс аумағында 1754 тарихи-мәдени ескерткіш, оның ішінде Халықаралық маңызы бар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, сонымен қатар Арыстанбаб, Домалақ ана кесенелері, Үкаша ата мазары, Сауран қалашықтары тағы басқа киелі жерлер бар. Соңғы 3 жылда Түркістан облысының туризм саласына инвестиция көлемі 255,8 млрд. теңгеге жетті. Қысқа мерзім ішінде облыста 40-тан астам жаңа қонақ үй мен 30-ға жуық мәдени нысан іске қосылып туристерге қызмет көрсетіп отыр. Олардың бірегейі – «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешені. Бұл нысан өңірдің экономикасын дамытуға елеулі үлес қосуда. Жаңа 600 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, 208 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартып отыр. Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы сомасы 86,9 млрд. теңгені құрайтын 35 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, – деді министр.

— Сонымен қатар, Ұлттық рухани жаңғыру ұлттық жобасы аясында биыл Түркістан облысында 3 нысанның құрылысы және 14 мәдениет нысанның жөндеу жұмыстары, сондай-ақ мемлекеттік тілде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін кітапхана қорын ұлғайту жоспарланған. Мәдениет және спорт министрлігі, сыртқы істер министрлігі және Түркістан облысы әкімдігімен бірлесіп Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталу жағдайы туралы ұйымдастыру іс-шараларының жоспары әзірленді. Спорт саласында біздің негізгі мақсатымыз – мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру және спортпен 100 пайыз қамту. Дені сау ұлт ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай спортпен айналысатын адамдардың көрсеткішін 50 пайызға дейін арттыру көзделген. Қазірдің өзінде нәтижелер жаман емес. Мысалы, 2021 жылы спортпен шұғылданушылардың саны 6,5 млн. адамға жетсе, олардың 2,5-і балалар. Біз спорт төрешілерінің еңбекақысын көтеруге бастамашы болдық. Үлкен жұмыс атқарылды. Бұл көптеген төрешілер үшін қосымша мотивация болады және мамандықтың беделін арттыруға, жаңа мамандардың келуіне ықпал етеді. Сайып келгенде, барлығы спортшылар, жанкүйерлер және жалпы сала жеңетініне сенімдімін. Жарыстар да сапалы жаңа деңгейге шығуы керек екені анық. Осылайша, 2024 жылға қарай спорт төрешілерінің жұмысына ақы төлеу БЛЖ-дан 100% — ға дейін ұлғаяды. Бұл мәселе ұзақ уақыт бойы шешілмей келді, – деді Дәурен Әскербекұлы.

Кездесу барысында жиынға қатысушылар тарапынан министрге сұрақтар көп қойылды. Атап айтсақ, театр қызметкері Ғалымжан Жақишев мемлекеттік наградаларға Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы театр артистері ұсынылып, шалғайда жатқан театр артистері тасада қалып кететінін, жастары 50-ге таяп қалса да ешқандай атақтары жоқ екенін, Түркістан облысы ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов «Барыс» хоккей клубы шетелден шақырған 1 спортшыға 40 млн. теңге айлық беретінін, мұны 300 мыңға бөлсең Қазақстанда 160 бапкер ұстауға болатынын, бокс, күрес, ауыр атлет сияқты спорт түрлерінен спортшыларымыз шетелден бапкер мен ойыншылар шақырмай-ақ дүниежүзін мойындатып отырғанын, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдіретінін, бұған арнайы комиссия құрып зерттеу жұмыстарын шұғыл түрде жүргізу қажеттігін жеткізді.

Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ғалымжан Худияров Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан ашылған Халықаралық туризм және меймандостық университеті бүгінгі таңға дейін жұмыс істеп келгенін, биылғы оқу жылы талапкерлерді қабылдамай отырғанын, осының нақты себебін айтып, шешімін табу қажеттігін тілге тиек етті. Самбодан 4 дүркін әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі төреші, профессор Әбдісадық Халилаев төрешілердің жалақысын көтеру, жалақыны көтермей қазақ спортын дамыту мүмкін еместігін, әдебиетші, сыншы, публицист, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек кесенеге қатысты өлкетану съезін қасиетті Түркістан қаласында өткізу туралы ұсынысын айтып, кезінде қасиетті Тайқазанды құтты орнына қайтаруда сол кездегі мәдениет министрі, Қазақстанның білім-ғылымына, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтың орасан зор еңбегін айтып, шетелде қалып қойған құнды 2 шырағданды да қайтару бойынша бүгінгі мәдениет министрі ретінде белсенділік танытсаңыз деген көпшіліктің ұсыныс-тілегін жеткізді. Мәдениет жанашыры, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі Әлима Пашанова Түркістанда ақыл-ойды дамытатын шахмат спорт түрін дамытуға ықпал етуді, Ырыс Ташметова апамыз келешек жас ұрпақтың санасына ұлттық әдет-ғұрып және салт-дәстүрімізді сіңіру жолында сапалы фильмдер түсіру бойынша ұсынысын жеткізді.Кездесуде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы келіп түскен сұрақтар бойынша нақты жауаптар беріп, ұсыныс-пікірлер ескерілетінін жеткізді. Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары модераторлық етті.

Жұртшылықпен кездесуден кейін Дәурен Абаев БАҚ үшін брифинг беріп, азаматтарға жеке қабылдау өткізді. Биыл 4 жасқа толған облыстың бірқатар мәдени-тарихи, спорттық және туристік нысандарын аралады.