“АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ НЫҒАЙМАЙ, МЕМЛЕКЕТ НЫҒАЙМАЙДЫ….”

290

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  ел дамуына ерекше екпін беру үшін, елімізде азаматтық қоғамның рөлін күшейтуді мықтап тапсырып отыр. Азаматтық қоғамны нығайту арқылы, мемлекет дамитынын Президент Қ.Тоқаев әркез айтып жүр. Ашық қоғам орнату арқылы, әділдік орнатуға болады. “Азаматтық қоғам мықты болса, мемлекет те мықты болады”-деп ел газеті “Егемен Қазпқтан” естір құлаққа егжей-тегжей жазды…  Онда бүйдейді:

-Қазіргі заман өлшемімен алғанда азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің заман талабына, уақыт сұранысына сай дамуы қиын. Азат күннің алтын қазығы аста-төк қазба байлығы емес, азаматтық қоғам қалыптастыру екенін түйсінер кез келді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деген болатын. Президенттің бұл сөзінен халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын ұғамыз. Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізгі алғышарттарының бірі. Осы орайда біз бірқатар маманға өз сауалымызды қойған едік.

Елімізде азаматтық қоғамның даму барысына көңіліңіз тола ма?

Сіз азаматтардың қоғам өмірін­дегі белсенділігін қандай мәселе­лерге байланысты бағалайсыз?

Азаматтық қоғамды дамытуға ат­қарушы билік шын мәнінде мүдделі ме?

Қазіргі таңда азаматтық қоғамды дамыту ісіне қатысты мемлекет тарапынан қолға алынып отырған қандай бастамаларды атап көрсетер едіңіз? Бұл бастамалардан жақсы нәтиже күтесіз бе?

1

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Сенат депутаты:

Азаматтық қоғам ешқашан бірден орнамаған. Біз тоталитарлы қоғамнан на­рық­тық қоғамға өттік. Сол кезде аза­маттық қоғамның дамуына үлес қосатын институттардың жұмысы кенжелеп қалды. Азаматтық қоғамның жандануына үлес қосатын бірден-бір құрылым – үкіметтік емес ұйымдар. Біздің елімізде олар 2000 жылдардан бері қарай қалыптаса бастады.

Барлық функциясын орындап, толық орнады деуге ерте, әлі де уақытты қажет етеді. Жалпы азаматтық қоғам дегеніміз мемлекеттің ішкі мәселелеріне азамат­тардың белсене араласуы. Көптеген шетел­де азаматтық қоғам қалыптасқан, сәтті нәтижелерін де көріп жүрміз. Тіпті ауыл-аймақтың жұмысы да халыққа байланысты. Бізде ең алдымен саяси мәдениетті қалыптастыру керек.

2

Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ,

«Қазақстанның азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:

Көңілім толмайды. Біріншіден, біз әлі Кеңес Одағынан қалған саяси жү­­йенің «маңайында» жүрміз. Кеңес Ода­­ғы кезеңінде масылдық идеология қалып­тасты. Біз бәрін мемлекеттен күттік. Мем­лекет асырау керек деп ұғын­дық. Ал қазір – ХХІ ғасыр. Кәсіпкерлік ғасыры. Кәсіп­кер­лік сана-сезім болуы керек. Бұл сана-сезім «мен күштімін, мен бәрін жасай ала­мын. Тек қана, мемлекет маған кедер­гі жасамасын. Көмек керек жоқ» деген қағи­даға негізделген. Міне, сондай сана болуы керек.

Әрине, бізде ондай сана мүлде жоқ дей алмаймыз. Бар. Бірақ толығымен қалыптасты деуге болмайды. Кейбір бизнесмендер осы қағиданы ұстанады да. Алайда олардың үлесі тым аз. Небәрі 5%-дан асар-аспас. Ал дамыған елдер­дегі кәсіпкерлік сана-сезім 30-40%-ды құ­райды. Яғни, біз мұндай адамдар санын он есе көбейтуіміз керек. Көңілім тол­майтындығының бір себебі – осы.

Жұрт биліктен көп нәрсені сұрап жатқаны түсінікті жайт. Одақ ыдырағалы бергі отыз жылға жуық уақытта билік біріншіден адамдарды дұрыс үйретпеді. Екінші жағынан, мүмкіншілік бермеді. Үшіншіден, жақсы мысалдар келтіре алмады. Сондықтан осындай сана-сезім алдымен билікте өзгеруі керек. Солай бола тұра азаматтық қоғам да кей кезде өзін-өзі дамытуы тиіс. Ол ең алдымен білім арқылы келеді. Университеттегі білім мен азаматтық білімнің айырмашылығы – жер мен көктей. Мәселен, жоғары оқу орнындағы профессор бізге жоғары дең­гейдегі ғалым ретінде көрінеді. Ақи­қатын­да, сол профессорлардың өзі аза­мат­тық білімі жағынан деңгейі төмен. Көп жа­ғ­дайда олар өз құқығын қорғай алмай­ды. Тәуелділіктен арылып, өз құқы­ғын біл­гені абзал еді. Бізде бәрі кері­сін­ше. Рек­тор профессорға емес, профес­сор рек­торға тәуелді. Ғылыми атағы ас­пан­­дап тұрған ғалымдарымыз білім ор­дасы бас­шылығынан «еңбекақымды бер, жұмыс істейтін кабинет бер, тұратын пәтер бер» деп төменшіктейді. Ол мүл­де дұрыс емес. Жұмыс істеп отырған ортаң­ды, жағ­дайыңды, құқығыңды өзің дамытуың тиіс.

Міне, көзі ашық, көкірегі ояу, ел көр­ген, жер көрген ғалымдарымыздың аза­мат­тық көзқарасы осындай болса, ауыл­дардағы қарапайым адамдардан не талап етуге болады? Ауыл тұрғындары «білім алсын, дамысын» деп балаларын жоғары оқу орындарына жібереді. Ата-ана үмітін ақтаймыз деп олар да талпынады, оқыған-тоқығанымен профессорлық деңгейге де жетеді. Бірақ азаматтық сезімге жетпейді. Сондықтан біз ең алдымен азаматтық сезімді жоғарылатуымыз керек. Азаматтық қоғам мықты болса – мем­лекет әрқашан да мықты. Егер билік мық­ты болып, азаматтық сезім төмен бол­са, ондай елдің болашағы бұл­ыңғыр бол­­ғаны. Тиісінше қайратты, жігер­лі аза­мат­тық қоғам қалыптастыру – аза­мат­тық қауым­дастықтың басты миссиясы!

Азаматтық қоғам билікке көмекші емес, билік азаматтық қоғамға көмекші болуы керек. Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы айтып жүр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастырып, азаматтық қоғамды дамытуға жол салынбақ. Енді соны әрі қарай дамытатын да билік болуы тиіс. Алайда биліктің ортаңғы немесе төменгі буындарында азаматтық қо­ғам мәселесін түсінбейтіндер мен қол­дамайтындар көп болып отыр.

Бұған дейін билік тарабы «Бізде мұнай көп. Мұнай көп болған соң ақша да көп. Бәрін береміз халыққа» де­ген ұстанымда болды. Сөйте тұра қара алтыннан түскен пайда сыбайлас жем­қорлықтың салдарынан халыққа толық жет­кен жоқ. Мұнай бағасы құлдырай бас­тағанда барып билік азаматтық қо­ғамды дамытудан өзге оң жол жоғын ұғынды. Қазір басқаша ойлай бастады. Барлық дамыған, демократиялық мемлекеттер мұны әлдеқашан түйсінген. Оларда қайратты азаматтық қоғам қалып­тасқан.

Отандастарымыз «атқарушы билік не ананы, не мына істеген жоқ» деп көп мін айтады. Иә, істеген жоқ! Бірақ билікті ешкім, ешқашан бермейтінін қаперімізде болғаны жөн. Билікті әрқашан алу керек. Біз ең әуелі берілген билікті алмай жүрміз. Қалыптасқан мінез болмай тұр. Соның салдарынан «маған зейнетақы бер, жұмысқа орналастыр, балабақшадан орын бер, білім бер» дейміз. Бұл дегеніңіз дұрыс мінез, дұрыс сана-сезім емес. Алға баспай отырғанымыз да содан.

3

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы:

Шындығына келсек, еліміздегі азаматтық институттардың жағдайына көңілім толмайды. Олардың цифрлы көрсеткіштері болуы мүмкін, дегенмен сапалық жағынан әлі де дамытуды қажет етеді. Өйткені азаматтық қоғам – демократия дамуының көрсеткіші. Бұл – халықтың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениеті. Ол белгілі бір жағдайларда, тәжірибеде, қоғамның әлеуметтенуі барысында азаматтардың бойына сіңіп, оларды өзара байланыстыра түседі. Азаматтық қоғамның белгісі – халықтың «мемлекет бізге не береді?» деп күтуі емес, керісінше «біз мемлекеттің дамуы үшін не істей аламыз?» деген сұрақ қоя алуы. Осы идея аясында бірлескен, құрылған қоғамдық ұйымдар – азаматтық қоғамның күре­та­мыры. Егер азаматтық қоғам инс­титуттарының жұмысы дамыған болса, жалпы азаматтық қоғам түсінігі қалыптасқан болса, мәселен, мектептерде әлдеқашан жағдай түзеліп, мектеп ұжымы мен ата-аналардың қатынасы тек іс-шаралар ұйымдастырумен шектелмей, одан да терең байланыстар қалыптасса, білім сапасы мен балалардың сабаққа деген ынтасы мен тәрбиесі мүлдем басқаша болар еді. Азаматтық қоғамның жұмысы кемелденген кезде барлығымыздың өміріміз мазмұнды деңгейге көтеріледі деп есептеймін.

4

Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, «Саяси ғылымдар» мамандығы бойынша PhD. докторы:

 

Елімізде азаматтық қоғам әлі де қалыптасу үстінде. Дегенмен соңғы 5-10 жылдың ішінде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артты, қамтитын бағыттары біршама кеңейді. Азаматтық қоғам институттарына үкіметтік емес ұйымдардан бөлек, саяси партиялар, еріктілер қозғалысы мен қайырымдылық қорлар да жатады. Бұл үрдіс, айтқаным­дай, даму үстінде. Бүгінде ең басты назар­­ға алатын, дамытуды қажет ете­тін мәселе – волонтерлер институты. Со­ны­мен қатар азаматтардың шешім қабыл­дауға белсенді қатысуын қамта­масыз ететін шаралар мен бастамаларды қолға алу керек. Сол кезде азаматтық қоғам мемлекеттің серіктесі ретінде көптеген мәселені шешуге тырысады.

5

Елдос АБАҚАНОВ,

Экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қоғамдық ұйымдардың дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Президент өз Жолдауында ел экономикасын дамытуды күшейту үшін саяси модернизация жасап, сол арқылы осы қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды көбірек тарту қажеттілігін алға тартқан болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан да тиісті іс-шаралар, арнайы тұжырымдамалар қабылдануда.

Соңғы уақытта қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдардың арқасында көп мәселелер әлеуметтік резонанстық тақырып ретінде қарастырылуда. Оған қоғамдық ұйымдардың белсенділігі деп қарауға болады. Сондықтан азаматтық қоғамның бір орында тұрмағанын айтар едім.

Кодексте экология жөніндегі ақпарат­тың ашықтығы мен қолжетімділігі де назар­дан тыс қалмады. Соның ішінде ав­томат­тандырылған бақылау құралдары да бар. Осының барлығы қоғамның қатысу прин­ципін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Аза­маттардың, үкіметтік емес ұйымдардың құқығы бекітілді. Яғни, экология саласына қатысты азаматтық сектордың бел­сен­ділігін ынталандыру мәселесі еске­рі­луде. Нәтижесінде, қоршаған ортаны лас­таушы ірі кәсіпорындар қоғамдық бақылау құралы бар екенін ескеріп, біріншіден заң бұзбаса, екіншіден, сол кәсіпорындарда жаңғырту жұмыстарын жүргізеді.

Түйін: Азаматтық қоғамды алға сүйрейтін тың идеялар екені даусыз. Осы ретте “Егемендік” екі әріптесіміз Рауан ҚАБИДОЛДА, Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ жүргізген сауалнамадан сабақ алар тұсымыз көп.

Жақсы бастаманың баянды болуын киелі қаланың киесі қолдасын. Бұл іске Түркістан қаласының үкіметтік емес ұйымдары, қоғам белсенділері тілекші ғана емес, азаматтық қоғамның нығайуына өз үлестерін қосады деп санаймын.

Батырхан Әмірбек

“ARA-ақпарат”