ТҮРКІСТАН: ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

250

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз тегіннен тегін айтылмаған шығар. Ата-анадан кейінгі балаға білім беріп, тәрбие үйрететін ол ұстаз.

Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімдік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын мұғалімді ұстаз атына сай деп айтуға болады.

Ендеше, парасатты, білімді, жылы жүзді Ернар Асановты осындай теңеулерге лайық ұстаздардың бірі әрі бірегейі деп нық сеніммен айта аламыз.

Қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектепті бітірген Ернар ойланбастан балалық арманын орындау үшін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің тарих пәні факультетіне оқуға түсіп, оны 2001 жылы ойдағыдай бітірді. Алғашқы еңбек жолын 2002 жылы қалалық білім бөліміне қарасты кешкі мектепте бастайды. «Дарақ бір жерде көгереді» дегендей, 20 жылдан бері осы мектепте абыройлы еңбек етіп келеді. Еңбек жолының жемісі шығар 2016 жылдан бастап аталмыш мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқаруда. Облыстық, қалалық білім бөлімінің мақтау қағаздарының иесі.

Ернар Асановтың ұжымдастарына әркез айтып отыратын мына бір сөздері әрбір ұстазды ойландырмай қоймайтын шығар. Ұстаз – ғылыми білімнің, мәдениеттіліктің, ұстамдылықтың символы.

Елбасымыз атап өткендей, Қазақстанның алдында бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көріну міндеті тұрғанын үнемі айтады. Бұл өз кезегінде ұстаздарға екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық саяси экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақтарды тәрбиелеу, ұстаздарымыз сіздердің қолдарыңызда дей келе басқа ұстаздарға да үндеу тастайды. Осы айтылған қанатты сөздердің бәріне Ернар лайықты деп айта аламыз.

Біз ұжымдастары және ата-аналар ұлағатты ұстаз Ернар Жидебайұлының біліктілігін, мінезінің жұмсақтығын, оқушылармен тіл табыса білуі мен оқудағы шеберлігін ескере отырып, ізгі ниетпен шексіз алғысымызды білдіреміз.

Ботакөз ЖЕКЕЕВА,

Түркістан қаласы кешкі мектептің тарих пәнінің мұғалімі.