ТҮРКІСТАНДА «БЕРЕКЕ БАСТАУЫ – БІРЛІК» ШАРАСЫ ӨТТІ

212

«Керуен сарай» кешенінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай, «Береке бастауы — бірлік» атты іс-шара өтті. Достық пен татулықты паш еткен мерекелік шараға өңірдегі этномәдени бірлестіктердің, еңбек және шығармашылық ұжымдарының өкілдері, сондай-ақ облыс тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Жиынға қатысушылар алдымен іс-шара аясында этнос өкілдері ұйымдастырған қолөнер көрмесін тамашалады.

Салтанатты жиында жиналған жұртшылықты Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

— Халқымызда «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөз бар. Бірлік пен ынтымақ – мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Осы құндылықтардың арқасында Қазақстан іргелі әлеуметтік-экономикалық табыстар мен саяси тұрақтылыққа қол жеткізді. Бүгінде Түркістан облысында 50-ге жуық этностың өкілдері берекелі бірлік пен тату-тәтті өмір сүріп жатыр, өңірімізде 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеген болатын. Ендігі кезеңде бірлігімізді сақтай отырып, ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында Жаңа Қазақстанды өркендетуге атсалысайық! – деді Аңсар Жаңабайұлы.

Мерекелік шарада Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы өнерпаздарының арнайы әзірлеген өнерлері тарту етілді. Думанды шарада өнерпаздар «Бірлігіміз жарасқан» әнін нәшіне келтіре орындады. Сонымен қатар, этномәдени бірлестік өкілдері «Қазақ елі», «Жаса менің халқым» т.б. патриоттық әндерін шырқап, би билеп, мерекенің ажарын аша түсті.

Сондай-ақ, шара барысында облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Жолдас Сұлтанов сөз сөйлеп, еліміздегі бірлік пен бейбітшіліктің мән-маңызына тоқталды. Шара соңында қатысушылар Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін хормен орындап, халқымыз тату-тәтті бірлікте болсын деген игі тілекпен тарқасты.