ҚАЛА ӘКІМІ «ШАПАҒАТ» ОРТАЛЫҒЫНДА БОЛДЫ

215

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардағы «Шапағат» бірлестігінің мотивациялық орталығында болып қайтты.

Атаулы орталықтың ем алушыларымен жолықты. Сонымен қатар, кездесуде «Шапағат» қайырымдылық қорының төрағасы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Еркін Шалтан бұл орталықта психологиялық көмекпен қатар, заңды кеңестер де берілетінін, қазіргі таңда облыс аумағынан ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінен азаматтар орталық көмегіне жүгінетінін тілге тиек етті.

Кездесуде  бірлестік мүшелері кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік грант алу, баспана кезегі, көпқабатты үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оңтайлы жағдай жасау, барлық қызмет көрсету мекемелерінде дұрыс көзқарас қалыптастыру бойынша өтініш-тілектерін ортаға салды. Белгілі дінтанушы ғалым Зікірия Жандарбек мектептерде рухани тәлім-тәрбие беруді жандандыру үшін арнайы сағаттар бөлу жөнінде ұсынысын жеткізді.

Өз кезегінде Нұрбол Әбдісаттарұлы орталықты кеңейту мақсатында басталған құрылыс жұмыстарына демеушілерді ұйымдастыруды қолға алатынын, сондай-ақ орталық маңында аллея құрылысы жүретінін айтып, орталық жанашырлары мен игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.

Өтініштер мен ұсыныстар заң аясында зерделеніп, жұмыс жоспарына енгізілетіні де түсіндірілді.

Айта кетейік, демеушілердің қолдауымен ашылып, талай жанның аяққа тұруына септігін тигізген нысан бір мезгілде 16 азаматқа қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Мұнда ағзаның әсіресе тірек-қимыл жүйесін  қалпына келтіруге жаттығу үшін арнайы қондырғылар жасақталған.