«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ»: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ ЕСКЕРІЛЕДІ
Еңбекші ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, жол, инфрақұрылым, абаттандыру жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Өткен жылы бесінші ауданның құрылуына байланысты Еңбекші ауданында біршама өзгерістер орын алды. Мәселен, Еңбекшіге Қаратау ауданынан Исфиджап, Орманшы, Достық тұрғын алаптары мен Азат шағынауданы қосылды. Өткен жылы атқарылған негізгі жұмыстар және алдағы жоспарымен аудан әкімі Досбол ЕСІЛБЕК бөлісті.
Ауыз сумен қамту – 94,5 пайыз
Бүгінде Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектарға жетіп, халық саны 228 830-ды құрады. Ауданда 18 тұрғын алап және 11 шағынаудан бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша 2023-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітілген. Аудан аумағындағы 29 елді мекеннің халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтсақ, ауыз су – 94,5 пайыз, электр жарығы – 98,3 пайыз, табиғи газ – 90,7 пайыз, кәріз жүйесімен қамту жағдайы 41 пайызға жеткен.
2023 жылы аудан аумағындағы 6 елді мекенің жаңақұрылыстарын және Қаратау ауданынан қосылған Исфиджап тұрғын алабын ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарын «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізуде. Ал Исфиджаб тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылып жатыр. 2023 жылдың қорытындысымен халық шоғырланған аумақтар тіршілік нәрімен қамтылады. Ал жаңақұрылыс аумақтары 2024-2025 жылдары 100 пайыз ауыз суға қол жеткізеді.
–Аудандағы шағынаудан мен тұрғын алаптардың электр жүйесімен қамту көрсеткіші 98,3 пайызды құрап отыр. Соңғы деректермен айтсам, елді мекендердің жекеменшік жүйемен қамтылғаны 1,2 пайыз, ал, қамтылмағаны 0,5 пайызды (жаңақұрылыс аумақтары) құрады. Өткен жылы 9 елді мекенде жалпы 2013 абонентке сапалы электр желісі тартылды. Олар – Абдулабад (484 абонент), Тұрдыабад (411 абонент), Бадам-1 (153 абонент), Қаратөбе (124 абонент), Тоғыс (11 абонент), Маятас (93 абонент), Айнатас (17 абонент) және Бадам (340 абонент) елді мекендері. 2023 жылы Исфиджабты (1356 абонент) қамту үшін «DIAS Проект» ЖШС мердігер мекемесі анықталды, – деп атап өтті аудан әкімі Д.Есілбек.
Жаңа шекараға сәйкес, табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 87,2 % пайыз, оның ішінде, сапалы жүйеде 78,3 пайыз (36560 абонент) қамтылған, ал жекеменшіктен 8,9 пайызы (4135 абонент) алады. Қалған аумақтарды (5992 абонент) сапалы табиғи газбен қамту 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізілді.
36,8 шақырым көше жөндеуден өтеді
Еңбекші ауданында жол инфрақұрылымын жақсартуға жылдан жылға жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Ауданда ұзындығы 723,35 шақырым 721 көше мен өткел бар. Жолдардың 535,62 шақырымы (74 %) – асфальт, 145,5 шақырымы (20,2 %) – тасжол, 42,23 шақырымы (5,8%) – топырақ жолдар. 2021 жылы 4 магистралдық және 53 қалаішілік көше асфальтталып, жөнделген (57,7 шақырым). 2022 жылы жалпы 86,4 шақырым 132 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Одан бөлек, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен, демеуші есебінен Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам су өзенінен өтетін көпір қайта құрылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Ал 2023 жылы І кезеңмен ұзындығы 36,8 шақырым 53 көшені жөндеу жоспарлануда.
Аудан аумағындағы негізгі және әлеуметтік нысандар орналасқан 121 көше жарықтандырылған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында 2022 жылы 22 көше, ал биыл 28 көшені жарықтандыру жоспарда бар.
Жайлы орта – тұрғындардың ұсынысымен
Қазіргі таңда аудан бойынша 283 көпқабатты үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бұл орайда тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы жергілікті бюджеттің қалыптасуына да өз үлестерін қосып жатыр.
–2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аулаларды абаттандыру 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артты. 2022 жылы 75 көпқабатты үйдің ауласы абаттанып, жеке секторда 11 кешенді балалар ойын алаңшалары халық игілігіне берілді. Биыл 26 көп қабатты үй ауласын және жеке секторда 1 кешенді балалар ойын алаңшасын құруға қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 7 спорт алаңшасын орнатуға қаржы қарастырылды, – деді әкім.
Досбол Күздікбайұлының айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша жоспарды кеңейту мақсатында, қосымша балалар алаңшасын құру, аяқжол, тұрғындарға қажетті жағдайлар жасау бағытында конкурс өткізілуде. Тұрғындар 1 наурызға дейін көпқабатты тұрғын үй, жеке секторды абаттандыру бойынша өз ұсыныстарын жібере алады. Яғни, тұрғындар аудан әкімдігінің сайтына, әлеуметтік желілерге өтініштер қалдыруына болады.
Су жиналатын орындар жойылды
Аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын суларының жиналуын болдырмау, алдын алу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 52 мекенжай анықталған. 2022 жылы су алу қауіпі жоғары 21 мекенжайға ұзындығы 7,3 шақырым ирригациялық арықтар орнатылды.
Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын табады. 2023 жылы су жиналатын 10 мекенжайға, 3,5 шақырым аумаққа ирригациялық жүйелер орнатуға қаржы қаралды. Қазіргі таңда мемлекеттік-сатып алу конкурсы басталды. Қала бюджетін 2023 жылға нақтылау сессиясында бұл мақсатта І-кезеңге 143,8 млн теңге қаржы бағытталған.
Кезекті қала бюджетін нақтылау сессиясында қосымша 26 көшеге ирригациялық арық орнатуға бюджеттік өтінім беріледі.