ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ – МЕЙІРІМ
Жақында әлеуметтік желілерде жасөспірімді ұрып-соғып жатқан бейнеролик таралды. Кейінен құқық қорғау органдары бұл оқиғаның Қызылорда облысы Қазалы ауданында болғанын анықтаған. Оқиғадан кейін таяқ жеген 15 жастағы жасөспірім ауруханаға жатқызылып, оған күш көрсеткен 5 оқушы аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіліпті.
Өкінішке қарай, осындай оқиғалар Қазақстанның әр өңірінде жиі қайталанып тұрады. Сол себепті бүгінде жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік мәселесі қоғамды алаңдатып отыр.
Буллинг – басқа адамға үстемдік ету мақсатында агрессивті мінез-құлық көрсету. Осы мәселеге байланысты ЮНЕСКО есебі бүкіл әлемдегі мектеп оқушыларының 32 пайызы қорланатынын көрсеткен. Ал, еліміздегі статистикаға сүйенсек, 11-15 жастағы әрбір бесінші жасөспірім ай сайын орын алатын буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болады. 2023 жылдың басынан бері қарай Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасында 122 суицид тіркелген. Мамандар жасөсіпірмдер арасындағы суицидтің ең жиі кездесетін себептерінің бірі осы буллинг екенін алға тартады.
Біз оқушылардың бір-біріне күш көрсетуіне не себеп болатынын психолог маманнан сұрап көрген болатынбыз.
–Оқушылардың өз қатарластарына күш көрсетуге әуес болуының әртүрлі себептері бар. Мұндай әрекетті жас жеткіншектер кек алу мақсатында, қызғаныштан жасауы мүмкін. Оған қоса ортада өзін көрсетуді қалайтын немесе үнемі назарда болғысы келетін жасөспірімдер де осындай теріс қадамға барады. Осының ішінде назар аударуға тұратын ең өзектісі – жас жеткіншектердің үлкендерден зорлық-зомбылық көруі және содан туындаған агрессияны әлсіздерге қарсы қолдануы, яғни, кек алу әрекеті. Кейде мұғалімдер немесе баланың өз ата-анасы оған тым дөрекі, тіпті, қатыгездікпен қарым-қатынас жасауы ықтимал. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар жұмысындағы қиындықтар немесе жеке өміріндегі шешілмеген түйіндерден күйзеліп, бар ашуын баладан алып жатады. Баланы болмашыға ұрып-соғу немесе оған тым қатал, әділетсіз жаза беру оның ішінде ашу-ызаның жинақталуына, қоршаған ортаға деген өшпенділіктің туындауына әкеп соғады. Міне, осы жәйт өзі зорлық көрген баланы өзгелерге де солай күш көрсетуге, осы жолмен кек алып, агрессиясын сыртқа шығаруға итермелейді, – дейді Шымкент қаласындағы №66 «Қазығұрт» жалпы орта мектебінің педагог-психологы Динара Сығаева.
Динара Анасқызының айтуынша, әрбір баланың көңілі таза, жүрегі ақ болады. Бірақ, кейде ата-аналар күйбең тіршілікпен жүріп өз перзентінің қандай жағдайда жүргенін аңғармай жатады. Психологтың сөзінше, баламен мүлде байланыс құрмау, оның армандары мен ойын ашық сұрамау, тек агрессивті түрде қарым-қатынас жасау баланың психикасына теріс әсерін тигізеді. Мұндай балалар дөрекілікті, күш көрсетуді, өзгеге зорлық-зомбылық жасауды қалыпты жағдай деп қабылдауы, тіпті, өмірдің қатал заңы деп пайымдайды.
–Бұл – өте жағымсыз құбылыс. Бір жағынан буллингті әдетке айналдырған жасөспірім болашақта ауыр қылмысқа баруы ғажап емес. Екіншіден, бұл әдет оның өміріне тек жасөспірім кезінде ғана әсер етіп қомайды, есейген кезде де ол тек қара күшке ғана бас иетін, тұлғалық қасиеттерден жұрдай адам болуға жетелейді. Отбасына зорлық-зомбылық жасайтындар мен қоғамның тыныштығын бұзатындар осы топтағы жеткіншектердің арасынан өсіп шығуы мүмкін. Үшіншіден, буллингтің құрбаны болған бала да күйзеліске ұшырап, сабақ үлгерімі нашарлап, мінезі тұйықталып, үлкен қиындыққа душар болатын жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан мұғалімдер , ата-аналар баламен үнемі сырласып, оның бойындағы, жүріс-тұрысы мен мінез-құлқындағы өзгерістерге жіті назар аударғаны жөн, – дейді Д.Сығаева.
Қазіргі заманда әлімжеттіктің саналуан түрі бар. Соның ішінде кең таралғандардың бірі – кибербуллинг. Бұл – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Кибербуллингке кез-келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ, бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені, қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды.
Мәселенің маңыздылығын ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс – қимыл кезеңі» атты Жолдауында азаматтарды, әсіресе, балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын. Сөйтіп, өткен 2022 жылы мамыр айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Бұл заңға сәйкес өкілетті органдар мессенджерлер мен әлеуметтік желі және сайттардың иелерінен балаларға кибербуллинг деп танылған контентті алып тастауды талап ете алады.
Алайда, мамандардың айтуынша, мұндай заң қабылданғанымен мәселе толығымен шешіліп кете салған жоқ. Балаларға интернет арқылы төнетін қауіп әлі де сейілмеген.
– Ұстаздар оқушының мінез-құлқында қандай да бір өзгеріс барын байқаса, оны мұқият бақылауға алуы қажет. Ал, кибершабуылға ұшырағанын немесе жоғары сынып оқушыларынан теперіш көргенін анықтаса, бұл жағдайды жасырмай мектеп директоры мен ата-анаға дереу хабар беріп, қысымнан баланы құтқарудың жолдарын іздестіруі керек. Егер мектеп ұжымының оқушыны тығырықтан шығаруға шамасы жетпесе, білікті психологтарға жүгінген жөн. Оқушының мінезіндегі өзгерісті тағы бір ай бойы бақылауда ұстау қажет, – дейді Динара Анасқызы.
Оның айтуынша, ғаламтордағы қауіп-қатермен күресте ата-ананың рөлі маңызды. Сондықтан, ата-аналарға балаларына интернетегі қауіп туралы айтып, мінезіндегі кез-келген өзгерісті бақылауда ұстау ұсынылады. Егер ата-аналар немесе баланың қамқоршылары ұл-қыздарының күмәнді желілерге кіріп жүргенін байқасаңыз оларға ойын дөрекілік танытпай, барынша сабырлылықпен жеткізуі және оны айыптамай, керісінше қандай жағдайда да қолдау көрсеткені жөн. Балаға оны түсінетінін жеткізе отырып, оны жұбатып, мәселені ашық талқылап, қиындықпен бірге күрескені дұрыс.
–Егер перзентіңіз немесе оқушыңыз өз мәселесі бойынша шағымданса, оны бас салып кінәлап, ұрысудың қажеті жоқ. Телефонды да бірден тартып алып қойып, ғаламторға шектеу қоймау керек. Мұндай жағдайда бала ата-анасынан көңілі қалып, екінші мәселесі бойынша ақыл сұрауға беті қайтып қалады. Қамқорлықты сезінген баланың сенімі оянып, тығырықтан шығатынына сенеді. Бізде көп ата-аналар балалармен сөйлеспейді, оларды не мазалап жүргенін байқай бермейді. Ал, білген кезде кеш болады, — дейді Д.Сығаева.
Бүгінде Шымкент қаласында оқушылар арасындағы зорлық-зомбылық, әлімжеттікті болдырмау және кибербуллингтің алдын алу үшін ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Мәселен, қаладағы барлық білім ұяларында бейнебақылау камералары орнатылған. Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметтері бойынша, әрбір мектепке дабыл нүктелері орнатылған. Оны басқан кезде мектептегі оқыс жағдай туралы полициға бірден тікелей хабар түседі. Сондай-ақ, мектептерге турникеттер орнатылып, әжетханалар ғимараттың ішіне көшірілген.
Оған қоса әр мектепте қамқоршылық кеңес құрылып, кеңес мүшелері білім ошағындағы барлық мәселеден хабардар болып, проблеманы жылдам шешу үшін күш салып келеді. Сондай-ақ, психологтар тарапынан сауалнама жүргізіп, әрбір оқушының жауабына талдау жасалып, соған сәйкес шара қабылданып отырады.
Тақырыпты зерттеу барысында ұғынғанымыз балаларға құқықтық тәрбие берудің маңызы зор. Жас жеткіншектер заң үстемдігі орнаған қоғамда өмір сүріп жатқанын, әрбір әрекетің үшін заң алдында жауапкершілік барын сезініп өсуі тиіс секілді. Ал, мәселеге одан да тереңірек үңілсек, біздің қоғам ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі – мейірім екенін түсінуі тиіс. Ата-анасының, ата-әжесінің, туған-туыстары мен ұстаздарының мейірімін көріп, мейірі қанып өскен ұрпақтан тек ізігілік күтуге болады.
Аружан ҚУАНЫШ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ филология факультеті, журналистика мамандығының
ІV курс студенті