«СЕРІНІҢ СЕРГЕЛДЕҢІ»

290

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Ж.Сомжүректің «Серінің сергелдеңі» лирикалық драмасының премьерасы өтті. Қойылым XIX ғасырдағы қазақ даласының жарық жұлдызы, талайлы тағдыр иесі Ақан сері Қорамсаұлының өміріне арналған.

Қасиеті көмейі мен тіліне дарыған қазақ халқының қалың арасынан суырылып шығып, заманының заңғар ұлына айналған Ақан серінің толқымалы тағдыры арқау болған «Серінің сергелдеңі» көрерменнің шексіз ықыласын иеленген қойылымға айналды. Театр ұжымының тынбай еткен еңбегі мен ізденісі, режиссердің өткен мен бүгінгі заман дидарын тап баса тани отырып, қабылдаған сахналық шешімі көрерменін шын толқытты, тебірентті.
Қойылымның қоюшы режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев қойылымның мақсатын түсіндірді.
— Бұл қойылымда театрсүйер қауымға Ақанның қысқаша өмір жолы ұсынылды. Мұнда Ақанның ешбір туған-туыс, бауыры жоқ. Тек қана Ақанның Құлагерді жоқтауы, Ақтоқтыдан айырылуы, Жамалға жете алмай, сарсаңға түскен сергелдең өмірі бар. Сол арқылы біз көрерменге серінің күйінішін, ішкі арпалысын беруге тырыстық. Спектакльдің басты ерекшелігінің бірі — Ақан серінің әндері, олардың шығу тарихы мен туындының шығуына түрткі болған оқиғалардың баяндалуы. Ел ішінде кеңінен таралып, орындалып жүрген әндердің авторын бүгінгі қауымға осылай таныстыруды жөн көрдік, — дейді режиссер.
Көрерменнің құлақ құрышы қанып, көңілі сүйсінген қойылымда Ақан серінің рөлін (есейген шағын) актер Бауыржан Сегізбаев сомдап, дала дүлдүлінің «Маңмаңгер», «Әудем жер», «Ақтоқтының аужары», «Құлагер», «Сырымбет» әндерін әуелетті.
Бекболат Құрманғожаев «Бұл қойылымда жас актерлардың өсуіне, жас таланттардың сахнаға шығуына баса назар аударып отырмыз», деген болатын. Қойылымда Ақан серінің балаң болмысын сомдаған театр таланттары — Еркебұлан Серікбай, Байдос Рахман, Шәкәрім Сағымбай сахнада серінің сырбаздығын танытып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көрермен көңіліне қытық жүгіртіп, сері әуендерін нақышына келтіре орындаған актерлік құрамның шеберлігі де көрерменін елітіп, тәнті етті.
Сахнаның сәтті безендірілуі мен заманауи технологиялардың қолданылуы да қойылымның әсерлі әрі нанымды шығуына мол септігін тигізген жайт. Спектакльде Көкшенің ақ қайыңы сыр мен мұңға тұнған махаббат сазын тербетіп, Ақан сері мен Ақтоқтының серіктесіне айналады. Қоюшы-суретші, ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұловтың бұл сахналық шешімі өзінің ұтымдылығымен көрерменді баурай түсті. Театр репертуарында сценограф алғаш рет кинопроекторді қолданып, көрерменін бәйгеге шапқан Құлагермен бірге додаға түсіріп, Ақан сері мен Ақтоқтының сахнасындағы Көкшенің сексен көлінде қалқыған аққулармен бірге махаббат айдында қалқытты.
— Бұл қойылымды бүгінгі форматқа сай жаңартып, көрерменге қызықты етуге тырыстық. Қолда бар мүмкіндігімізді толық пайдаланып, декорацияға экранды да қолдандық. Сол арқылы көрерменге Көкшетаудың әсем табиғатын, сері заманына тән дала дидарын дәл, әрі анық беруге бар күшімізді салдық, — деді Б.Құрманғожаев.
Театр директоры Қайрат Жайлауұлының айтуынша, қойылымға 3 млн 250 мың теңге қаржы қаралған. «Бүгінгі нарықтық заманда бұл қаражат аздық етеді. Дегенмен, бөлінген қаржыны тиімді пайдалана отырып, көрерменге ұнамды дүние ұсынуда аянып қалмадық», — дейді Қ.Қарғабаев.
«Өнердің мақсаты — адамның көз жасын сүртіп тұру» деген К.Маркстың сөзіне сүйене отырып, жаңа қойылым жайында түйінді пікір білдірсек, «Серінің сергелдеңі» — қалың көрерменін күйіндіре отырып, сүйіндірген сүбелі туынды. Жаңа қойылым арқылы көрерменін көңіл көгінде Қараторғайдай қалықтатып, Құлагердей жүйткіте білген театр ұжымына сәттілік тіледік.