АВАЗХАН МҰХТАРОВ: «ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖЕТІК МЕҢГЕРУІМНІҢ ПАЙДАСЫ ҚЫЗМЕТІМДЕ БАЙҚАЛАДЫ»

184

Қай мемлекеттің болмасын абыройын асқақтатып, халқының тыныштығын күзетуде елдің ішкі қауіпсіздігінің мәні зор екені белгілі. Азаматтардың құқықтары қорғалып, тәртіп сақталған жерде ғана мемлекеттің болашағы жарқын. Осы ретте қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қазақстан полициясының дамуына аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық екенін айтқымыз келеді. Олардың арасында жүрегі елім, туған жерім — Қазақстаным деп соққан, мемлекеттік тілді өз тіліндей сөйлеп қадірлейтін өзге ұлт өкілдері де бар. Солардың бірі, Авазхан Мұхтаров — Түркістан облысы Полиция департаменті Мақтаарал аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция бөлімшесі учаскелік полиция инспекторы полиция майоры. Авазхан тәжік ұлтының өкілі, Мақтаарал ауданының тумасы.

Авазхан алғаш мектепте өзбек сыныбында оқиды. Тоғызыншы сыныптан соң, соңғы екі жылын орыс сыныбында оқып бітіреді. Ауылда қазақтың қара домалақ балаларымен бірге тай-құлындай тебісіп, ойнап, қазақ тілінде таза сөйлеуді үйрену еш қиынға соқпайды. Сонда қараңыз, екі түрлі тілде білім алса, өзінің ана тілі бар және қазақтардың ортасында тұрғаны бар, қанша тілді меңгеріп шыққаны! Керемет! «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп қадірлі ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, ол бірнеше тілді еркін меңгерген полиглот атанады. Авазхан жастайынан Өзбекстан Республикасы құқық қорғау қызметіне еңбегі сіңген абыройлы ағалары жайлы көріп-біліп өседі. Соларды үлгі тұтып, полицей ағаларындай болуды армандайды.

Осылайша Ақтөбе облысы Ақтөбе заң колледжіне заңгер мамандығы бойынша оқуға түсіп, арманына бір табан жақындай түседі.

«Құқық қорғау қызметіне елеулі үлес қосқан ағаларымның жолын қуып Ақтөбедегі оқуымды аяқтап, полиция лейтенанты шенін иеленген соң, білімімді одан әрі жетілдіру мақсатында Қарағанды қаласына келіп, тағы да үш жыл оқыдым. Мектепті өзбекше, орысша тәмамдасам да, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында қазақша дәріске қатысып, мемлекеттік тілде білім алдым. Қазір соның арқасында қызмет барысындағы барлық іс-құжаттарды қазақ тілінде қиналмай жүргізіп, тұрғындармен тез тіл табысып кетемін.

Алғаш ішкі істер саласына 2006 жылы орналастым. Түрлі сынақтардан өтіп, тәжірибе жинау арқылы әр салада қызмет атқардым. Криминалистика саласында, одан Мақтаарал аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып, ал 2012 жылы Мақтаарал АПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқардым», — дейді Авазхан ағынан жарыла.

Міне, содан бері 10 жылдан астам қызметі аясында полиция инспекторы өз ісінің нағыз білгіріне, білікті маманына айналған. Түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан оңтүстік өңірінде Авазхан секілді өзге тілді меңгерген қызметкерлердің міндеті де, қызметі де жоғары деп білеміз. Ұлты тәжік болса да, учаскелік инспектор барлық іс-қағаздарда қазақ тілін сауатты қолданады және өзгелерге де солай етуді үйретеді. Ел тыныштығы, ұлт тұтастығы, халық бірлігі жолында жұмысы орасан көп болса да, қоғамдық, мәдени іс-шараларға қатысудан бас тартпайды, өйткені жауапкершілігі зор, өз мекемесінің абыройына нұқсан келтірмей, тиісті түрде алып шығу керек екенін басты міндетім деп санайды. Оның облыс көлемінде жыл сайын өтетін «Ұлтым-өзге, тілім-бір» байқауына бақандай 6 рет қатысып, 3 рет бас жүлде иеленгені аталмыш ұжым үшін зор мақтаныш. Тәжік ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қазақтың мәдениетімен ұштастыра білген полицейдің іс-әрекеті жақындарына мақтаныш, өзінен кейінгілерге үлгі екені айқын. Бүгінде жұбайымен 4 баланы өсіріп отырған үлгілі отбасы.

Ұлты өзге болса да халықтың бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етіп жүрген еңбекқор, айналасына жанашыр полицей балаларының туған жері — қазақ еліне пайдасы тиер азамат болып қалыптасуын армандайды. Қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде еңбегі сіңіп жүрген Авазхан Мұхтаровтың қызметіне табыс, отбасына амандық тілейміз.