«5-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ ИПОТЕКА РӘСІМДЕГЕН 100 АЗАМАТҚА САТЫП АЛУ КЕЛІСІМ ШАРТЫ ТАБЫСТАЛДЫ
Бүгін Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған және «5-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында ипотека рәсімдеген 100 азаматқа тұрғын үй басқармасының мамандары пәтердің сатып алу келісім шартын табыстады. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері, халықтың әлеуметтік әлсіз тобы санатындағы азаматтар бар. Аталған тұрғын үйлер Нұрсәт шағын ауданында орналасқан №152,153,154,155-ші үйлер.
Аталған тұрғын үйлер бойынша келісім шарт жасаспаған азаматтар болса, қалалық Тұрғын үй басқармасына келіп сатып алу келісім шартын жасаса алады.
Бұдан бөлек Шымкентте жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген 1293 азамат ипотекалық негізде Отбасы банк арқылы баспанаға қол жеткізген болатын. Оның ішінде, 1079 пәтер «5-20-25» бағдарламасы бойынша, 250 пәтер «2-10-20 Бақытты отбасы» бойынша рәсімделген.
Айта кету керек, «5-10-20» бағдарламасымен баспаналы болғысы келетін азаматтардың тұрғын үй кезегінде тұруы міндетті. Несие мөлшерлемесі – 5 пайыз; бастапқы жарна – 10 пайыз, ол үміткердің Отбасы банкі шотында жиналған болуы тиіс; қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін есептеледі.
Жаңа бағдарламаның негізгі шарттары қандай? Бағдарламада кімдерге басымдық беріледі?
Бағдарлама талаптары:
үй алғысы келетін адамның атында баспанасы болмауы шарт;
«5-10-20» бағдарламасымен баспаналы болғысы келетін азаматтардың тұрғын үй кезегінде тұруы міндетті. Қазіргі таңда Қазақстанда үй кезегінде 540 мың адам тұр. Басымдық мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік сала мамандарына беріледі. Қазір кезекте осындай 212 мың қызметкер тұр. Сонымен қатар, кезекте тұрған толық емес, көпбалалы отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да осы бағдарламаға қатыса алады;
табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда 3,1 күнкөріс деңгейінен аспауы қажет (2020 жылы бұл көрсеткіш 96 667 теңгеге тең);
несие мөлшерлемесі – 5 пайыз;
бастапқы жарна – 10 пайыз, ол үміткердің ТҮҚЖБ шотында жиналған болуы тиіс;
қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін;
баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады.
Әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйдің 1 шаршы метрі бойынша төмендегі бағалар белгіленген:
240 мың теңгеге дейін – Алматыда;
220 мың теңгеге дейін – Нұр-Сұлтанда және осы қала маңындағы аймақта;
200 мың теңгеге дейін – Шымкентте және Алматы маңындағы аймақта;
180 мың теңгеге дейін – Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында;
160 мың теңгеге дейін – басқа аймақтарда.