ПОЛИЦЕЙЛЕР КӨШІ-ҚОН ЗАҢЫН БҰЗҒАН 150-ДЕН АСТАМ АЗАМАТТЫ АНЫҚТАДЫ

183

Заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселелеріне қатысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес ағымдағы жылдың 19-25 маусым күндері Түркістан облысында республикалық «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Бұл шараның негізгі мақсаты- шетелдіктермен немесе оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын-алу, болдырмау, заңсыз жүрген шетел азаматтарына шара көріп, заңсыздықтарды жою.

Мәселен іс-шараның 1 тәулігінде облыс көлемінде жалпы ҚР «Халықтың көші-қоны» туралы Заң талаптарын бұзған — 158 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде: 119-ы шетелдік болса, 39-ы Қазақстан Республикасының азаматтары.

Ал сот шешімімен 15 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Сондай-ақ шетел азаматын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен — 31, шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған — 8 қазақстандық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осы орайда Түркістан облысының полицейлері Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсаттары жоқ немесе еңбекші көшіп-келуші ретінде заңдастырылмаған шетелдіктер жергілікті көші-қон қызметі бөліністеріне барып, заңдастыру қажет екенін ескертеді.