КОНГРЕСС ХОЛЛ ҚАЗАН АЙЫНДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

165

Қаламызда салынып жатқан халықаралық деңгейдегі Конгрес-холлдың құрылыс жұмыстары  80%-ға аяқталған. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов Шымсити шағынауданынында бой көтерген заманауи мәдени орталықтың құрылыс барысын қадағалады. Заманауи ғимарат екі блокқа бөлінген, үш қабаттан тұрады. Бірінші блокта мәдени көпшілік іс шараларға, спектакльдерге арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2066 орындық көрермендер залы орналасқан.

Осыған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын тексеріп, жауаптыларға орталықтың сапасы мен мүмкіндігін арттыруда бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бүгінде құрылыс жұмыстарына 250 адам жұмылдырылған. Қазір мұнда әрлеу жұмыстары басталды.Конгресс-холл  жаңаша, көп функциялы мәдени және ойын-сауық нысаны ретінде биыл қазанда пайдалануға беріледі. Мұнда халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге барлық жағдай жасалуда.

Заманауи ғимарат екі блокқа бөлінген, үш қабаттан тұрады. Бірінші блокта мәдени көпшілік іс шараларға, спектакльдерге арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2066 орындық көрермендер залы орналасқан. Сондай-ақ, 190 орындық  конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық пресс кабинет бар. Екінші және үшінші қабаттарда көркемдік және киім-кешек бөлмелері, сахнаға қызмет көрсету үшін техникалық бөлмелер де бірінші блокта қарастырылған.

Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы, қолөнер шеберлерінің шеберханалары, оның ішінде тоқу шеберханасы, керамикалық бұйымдар, ағаш, тері, киіз, зергерлік бұйымдар шеберханалары орналастырылған.

Құрылыс сапасының жайы қашан да өзекті мәселенің бірі болып қала бермек. Сапаға қатысты тұрғындардан шағым көптеп түсіп жататыны да жасырын емес. Осыған орай қазіргі уақытта құрылыс компанияларына қойылар талап күшейген. Қалалық құрылыс басқармасының мамандары құрылысты сапалы орындау, мамандардың біліктілігін арттыруда тиісті жұмыстар қолға алынғанын айтады.
Нарықтық экономикада құрылысқа тікелей қатысатын жауапты мекемелер бар. Құрылысқа қатысушы мердігер мекеме, тікелей сапаны бақылайтын, ЖСҚ-ға сәйкестігін қарайтын техникалық қадағалау мекемесі және авторлық қадағалаушылардың мамандары білім-біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Қалалық құрылыс басқармасы жұмыс тапсырушы ретінде құрылыстың жүргізілуін ұйымдастырады.
Мамандардың айтуынша, егер жауапты мердігер мекеме жүргізген құрылыстың сапасына қатысты сындар, шағымдар айтылса, басқарма өз тарапынан ақаулықты орнына келтіру бойынша тиісті шешімдер қабылдайды. Басқарма мердігер мекемелердің жауапкершілігін арттыру бойынша бес жылдық келісімшарт жасаған. Басқа өңірлермен салыстырғанда, кепілдеме мерзімінің ең ұзағы да Шымкентте екенін айтуға болады. Яғни, бес жылда қандай да бір ақаулар пайда болса, мердігер компания оны өзінің есебінен қалпына келтіреді.
Егер мердігер мекеме өзінің жұмысын дұрыс ұйымдастырмаса, сапаны қатамасыз етпесе, бес жылдың ішінде шығынға ұшырайды. Мамандар соңғы кездері мердігер компаниялар да осы қағиданы түсінгенін алға тартып отыр. Мәселен, Тұран шағынауданындағы көп қабатты үйлерден біршама ақаулар анықталған. Бұл мәселеде тұрғындар тарапынан арнайы штаб құрылыпты. Ақаулықтар, негізінен, есік-терезе, линолеум төсеу, әрлеу, қасбет жұмыстарына қатысты. Қазіргі таңда ақаулар толығымен жойылған көрінеді. Тұрғындармен кері байланыс орнату үшін қалалық құрылыс басқармасының арнайы WhatsApp желісі, сенім телефондары ұйымдастырылған. Қандай да бір кемшіліктер болса, тұрғындар басқармаға уәжін айта алады. Әрі қарай басқарма өкілдері техникалық қадағалау мекемесімен бірлесе мердігер мекемені ақаулық актілерін қысқа мерзімде жоюға міндеттейді. Сол себептен де мердігер компаниялар нысан құрылысын сапалы әрі тиісті мерзімде орындауы қажет.
Иә, Шымкентте құрылыс саласының қарқын алуы өте қуанышты жағдай. Себебі, құрылыс – қаланың бүкіл экономикасының дамуына қозғау салатын, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтуға жол ашатын бірден-бір іргелі сала.