АУАНЫ ЛАСТАЙТЫН АВТОКӨЛІК ИЕЛЕРІ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТ: АУТИЗМГЕ ШАЛДЫҚҚАН БАЛАЛАРДЫ ЕМДЕУДЕ ОҢ НӘТИЖЕЛЕР БАР

180

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, атмосфераға тарайтын улы заттардың мөлшерін азайтуға бағытталған «Таза ауа» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.  Акция көшедегі автокөліктерді рейдтік бақылау бағытында өтті. Іс шараның мақсаты қаладағы атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендету.

Рейд барысында Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандары, Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің сынақ зертханасы және Шымкент қаласы  патрульдік-бекеттік полиция экипажымен бірлесіп автокөліктен шығатын тыныс алуға зиянды, әрі ауа ластайтын шығарындылар тексерілді.

Рейдте көшедегі автокөліктер тоқтатылып, оның ішінде уыттылық пен түтінділік бойынша тиісті нормалардан асып түскен көлік жүргізушілер ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алдағы уақытта  «Таза ауа» экологиялық акциясы тұрақты түрде жалғасатын болады.

ШЫМКЕНТ: АУТИЗМГЕ ШАЛДЫҚҚАН БАЛАЛАРДЫ ЕМДЕУДЕ ОҢ НӘТИЖЕЛЕР БАР

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты психикалық денсаулық орталығындағы оңалту бөлімшесі осыдан екі жыл бұрын ашылған. Осыған дейін мұнда аутизмге шалдыққан  359 бала оңалту шарасынан өтті.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков емдеу орталығына арнайы барып, емдеу жұмыстарымен танысты. Орталықта ем алған балаларда оң нәтижелер байқалады. Түзету-дамыту бағытындағы кешенді шаралардың нәтижесінде олардың  сөйлеу қабілеті жақсарып, моторлы еліктеулерді түрткі арқылы орындау, дұрыс отыру және көпшілік ортада еркін сезіну сынды жақсы көрсеткіштер байқалған.

Айта кетейік, оңалту бөлімшесінде аутизммен есепте тұратын балаларға  амбулаториялық деңгейде медициналық көмектер көрсетіледі. Бөлімшеде медициналық-диагностикалық қарап-тексеру, түзету жұмыстары, сенсорлық интеграция, психофизикалық жағдайды тұрақтандыруға арналған дене тәрбиесі бойынша жұмыстар жүргізіледі. Алдағы уақытта бөлімшенің жұмысын кеңейтіп, аутизмге шалдыққан балаларға қолжетімді медициналық қызметтерді замана талабына сай жандандыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіледі.