ҚАЗЫҒҰРТ ШАҒЫН АУДАНЫНДАҒЫ МЕКТЕП КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ ЖӘНЕ ҚЫРКҮЙЕКТЕ ҚҰРСАЙ ШАҒЫН АУДАНЫ АУЫЗСУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

210

Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты Қазығұрт шағын ауданындағы №66 жалпы орта білім беретін мектебі қазіргі уақытта күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов бүгін аталған мектептегі құрылыстың жай-күйімен танысты.

Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың мамыр айынан басталған. Іргетасы осыдан отыз жыл бұрын қаланған ғимарат 1260 орынға лайықтап салынған.

Мұнда қазір екі мыңнан аса оқушы білім алуда.

Үш қабатты нысанның күрделі жөндеу жұмыстары қазір 20 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін жүргізіліп, жаңа жыл қарсаңында мектеп ұжымы мен оқушылар игілігіне беріледі деп күтілуде.

ҚЫРКҮЙЕКТЕ ҚҰРСАЙ ШАҒЫН АУДАНЫ АУЫЗСУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Құрсай елдімекенде жүргізіліп жатқан магистралды суаққы және ауыз су жүйесінің құрылысын аралады.

Абай ауданына қарасты Құрсай елдімекенінің тұрғындары суды кестемен тұтынып отырған шағын ауданның бірі. Сондықтан шағын аудандағы 4900 абонентті құрайтын 25 мыңға жуық халықты сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 2020-2021 жылдар аралығында 2 кезеңдік жоба түзілген.

Олар Құрсайға тартылатын магистралды суаққы және ішкі орамдық ауыз су жүйелерінің құрылысы.

Екі нысанның да жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, бастапқы сатысы мердігер мекеме «Риголит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 2021 жылы басталған. Бірінші кезең бойынша су жүйелерінің ұзындығы 185 шақырым. Қазіргі уақытта бірінші кезеңнің жұмысы 98 пайызға орындалған.

Ал екінші кезең бойынша су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырым, орындалған жұмыс көлемі 97% құрайды.

Қазіргі уақытта Құрсай шағын ауданында жеткізуші магистралды суаққының және ішкі орамдық ауыз су жүйелерінің құрылысы қарқынды түрде жүруде.

Жалпы құрылыс жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек айына дейін аяқталып, Құрсай шағын ауданы толыққанды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарының құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырды.