ОРТАЛЫҚ СТАДИОН ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТЕДІ

294

Бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы спорттық инфрақұрылымға тікелей байланысты. 2023 жылдың I тоқсанында шаһарда үстел теннисі кешені, жаңа ипподром құрылысы (демеуші есебінен), Металлург стадионы, №20 спорт мектебі спорт ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін №12 спорт мектебінің қосымша корпусы, Sport Life футбол орталығының құрылысы аяқталады.
Сондай-ақ, алдағы уақытта 6 спорт нысаны құрылысын жүргізу жоспарлануда. Тұран шағынауданында «Теннис орталығы», жаңа ипподромға қосымша атқоралар құрылысы, қалалық № 15 спорт мектебінің спорт кешені, Тассай, Тұран және Нұршуақ шағынаудандарында жеке кәсіпкерлер есебінен спорт нысаны салынады.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта тағы 5 әлеуетті спорт нысанының техникалық экономикалық негіздемесі жасалуда. Олар – № 1, №4, № 16 спорт мектептерінің қосымша корпусы, Қажымұқан атындағы орталық стадионды реконстукциялау, Шымкент сити шағынауданында көпфунционалды «Шымкент арена» спорт кешенінің құрылысы.

Шаһарда көптен бері Қажымұқан атындағы Орталық стадионды реконструкциялау мәселесі көтеріліп келеді. Жергілікті «Ордабасы» футбол командасының ҚР Премьер-Лига, ел кубогы бәсекесіндегі ойындарда стадионға жанкүйерлер сыймай қалып жатыр. Басқарма басшысы бұл мәселенің таяу арада шешімін табатынын айтады.
– Бір айта кетерлігі, бүгінде футболға жанкүйерлік ету мәдениеті қалыптасып келеді. Бұрын ойынға тек ер азаматтар келетін. Қазір қала тұрғындары отбасымен келуді дәстүрге айналдырды. Бұл – қуантарлық жағдай. Қазіргі кезде футболдан ел чемпионатын қабылдау үшін бірқатар талаптар енгізіліп жатыр. Бірінші талап – футбол алаңы жылытылатын болу керек. Және де стадион жартылай жабық болуы тиіс. Жарнама беретін тақтайшаларды электронды форматқа ауыстыру сынды бірқатар талаптар енгізілуде. Енді Қажымұқан атындағы Орталық стадион жаңғыртудан өтеді. Ел чемпионаты аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда, – дейді басқарма басшысы.

Басты мақсат – олимпиадаға 15 жолдама алу

Жарты жылдың қорытындысы бойынша қала спортшылары ҚР чемпионаттарынан 445 алтын, 362 күміс, 415 қола медаль жеңіп алды. Азия чемпионаттарында 61 алтын, 45 күміс, 35 қола, әлем чемпионаттарында 6 алтын, 5 күміс, 7 қола жүлдеге ие болды.
Бокстан Махмұд Сабырхан, байдарка және каноэде есуден жастар арасында Руфина Искакова әлем чемпионы атанса, каратэден Софья Берульцева, Қайсар Алпысбай Азия чемпионатында топ жарды.
ҚР 6-шы Жазғы Спартакиадасында да жерлестеріміз жоғары орында келеді. Қазіргі таңда шаһар спортшылары 62 алтын, 55 күміс, 47 қола медальмен Алматы қаласынан кейін жалпыкомандалық есепте 2-ші орында тұр.
Сонымен қатар, есепті кезеңде 1 еңбек сіңірген спорт шебері, 14 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 67 ҚР спорт шебері, 190 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.
Қыркүйек айында Қытайдың Ханчжоу қаласында Жазғы Азия ойындары өтеді. Қала спортшылары жауапты сынға тыңғылықты дайындалуда. Басқарма басшысының айтуынша, Жазғы Азия ойындарына шаһардан 50-ден астам спортшы үміткер болып отыр.
Биыл 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама берер жарыстар басталады. Бұл сында әлемдік додаларда мойыдалған бокстан Махмұд Сабырхан (57 келі), грек-рим күресінен Мейіржан Шермаханбет (67 келі), әйелдер боксынан Жайна Шекербекова сынды саңлақтарымыздан үміт күтеміз. Жалпы Олимпиадаға 15-ке жуық жолдама жеңіп алу мақсаты тұр.