АДАМ ЖАНЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ
Өмірдің түрлі қиындығына тап болған отбасылар, қараусыз қалған қарттар мен жетім балалар, ЖИТС-ке шалдыққан науқастар секілді жағдайлармен арнайы санаттағы топ тізіміне кіретін халыққа – медициналық ұйымдардағы әлеуметтік мамандар қызмет көрсетеді. Мұндай отбасымен жұмыс жүргізуде маманның кәсіптік білімі ғана емес, сондай-ақ жеке дайындығы болуы қажет. Қиын жағдайдағы адамдарға ықпал етуі, әлеуметтік жұмыс туралы білімі, тәжірибесі мен қарым-қатынас жасай алуы арқылы ғана өзекті мәселені шеше алады. Әсіресе, интеллектуалдылығы, мәдениеттілігі, адамгершілік қасиеттері ерекше маңызды. Осындай қалыптасқан қабілеттерінің арқасында әлеуметтік қызметкер қызметін кәсіби түрде жүзеге асыра алады. Бүгінгі «Еңбек адамы» айдарының кейіпкері Шымкент қалалық №6 емхананың әлеуметтік қызметкері Бұлбұл Жамбылқызының бойынан жоғарыда атап өткен қасиеттерді байқауға болады.
Бұлбұл Жамбылқызы бұл салада 18 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ісі тиянақты, әрбір пациентінің өміріне бей-жай қарамайтын маман ізденімпаз, өнегелі ісімен ұжымында үлгілі.
–Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университетін 2001 жылы тәмәмдадым. Қазіргі уақытта қалалық №6 емханада әлеуметтік қызметкермін. Мұнда біз психолог мамандармен бірлесе жұмыс жасаймыз. Емханаға 60 885 халық тіркелген. оның ішінде 11 765 отбасы бар. Дәрігерлер мен мейірбикелер үй аралау барысында осы отбасылар арасында әлеуметтік қызметкердің қызметін қажет ететін жоғары топтарды анықтап, бізге тізімін береді. Қазіргі уақытта емханаға тіркелген мұндай 50-ге жуық отбасы бар. Отбасында туындаған әлеуметтік оқиға анықталғаннан кейін оған баға беріліп, нақты қадамдармен жұмыс жүргізіледі. Мәселе анықталған соң біз жоспар құрып, кешенді көмек көрсету мақсатында үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен де жұмыс жасаймыз, – дейді
Б.Жамбылқызы. Бұл салада маман болып қызмет ету жан-жақтылықты талап етеді. Себебі әлеуметтік қызметкер дәрігер де, заңгер де, ұстаз да, психолог та бола алуы қажет. Өйткені көмекке жүгінетін адамдардың жағдайы сан-қилы. Әлеуметтік-медициналық, заңдық, психологиялық, педагогикалық, материалдық және басқа да көмек көрсетумен қатар, қиындық, жанжал жағдайларын тудыратын себептерді анықтау және оны шешуде ықпал етіп, оларды әлеуметтік қорғауға, әлеуметтік-экономикалық көмек көрсетуде әр түрлі қоғамдық және мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге ықпал ете білуі маңызды болмақ.
Бүгінгі кейіпкеріміз Бұлбұл Жамбылқызы әлеуметтік қызметкер болу – адамның мінезі мен ішкі болмысына байланысты екенін айтады.
–Тағдардың түрлі сынағына ұшыраған адамдармен жұмыс істеу әсте оңай емес. Ата-анасынан айрылған балалар, мүгедектер, жалғыз басты аналар, егде адамдармен қарым-қатынас жасауда мейірімділік танытып, олардың сеніміне кіру сабырлылықты қажет етеді. Өз борышымды адал атқару – менің міндетім. Бұл мамандықты таңдауға менің өмірлік ұстанымым себеп болған шығар деп ойлаймын. Қандай жағдай болса да, адамдық қасиеттен аттамауға міндеттіміз. Әрине, қиын сәттер көп болады. Бірақ адамдармен қарым-қатынас жасап, олардың түйткілді мәселесін шешуде қол ұшын созып, жақсылық жасауға тамшыдай болса да үлес қосып жатқаным маған шабыт береді. Бұл мамандық жеке тұлғалық қасиеттің болуын шынымен талап етеді. Меніңше әлеуметтік қызметкердің бойында мейірімділік, әлеуметтік жауапкершілігі, ізгілік пен әділеттілік, шыдамдылық, эмпатия, басқаны түсінуге және оған көмек көрсетуге дайын болу, өзінің бағалауы мен талап етуі, әлеуметтік дағдылануы сынды қасиеттер басым болуы керек. Сонда ғана бұл салада нәтижелі жетістікке жетуге болады, –дейді маман.
Адам болсаң, болғайсың адал жанды,
Жауыздықтан аулақ бол, сүй адамды.
Жақсылықты жақсылық табар іздеп,
Жамандықпен жақсы атақ кім шығарды? – деп Шәкәрім атамыздың қалдырған өсиетті өлеңі бүгінгі кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымы екеніне көз жеткіздік.
Ұлы данышпан Абай атамыз «Еңбек – қуаныш, жалқаулық арылмас азап», «Еңбек ете алмаған елдің бүгіні бүтін, ертеңі берік емес» деген. Президент екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» деді. Еңбекқор, ісіне адал Бұлбұл секілді жандар ғана жетістікке жетеді, құрметке ие болады.
ГҮЛНҰР БАЛАБАСОВА
«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»