САУРАНДА КІШІ ФУТБОЛДАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК БАСТАЛДЫ

166

Сауран ауданы әкімі Ғалымжан Үсенбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байысбаевтың бірлескен қолдауымен кіші футболдан ашық біріншілік басталды. Ауыл жастарын алаңда алға шығаруды мақсат еткен сайыста салауатты өмір салты мен ауыл тұрғындарының ынтымағы насихатталды. Ашық біріншілікке 30 команда өтінім берген. Бүгінгі сайыста ауданға қарасты 12 ауыл округінен 24 команда шаршы алаңда өзара бақ сынасып жатыр. Жас аралығына шектеу қойылмаған. Тіпті 60 жасты алқымдаған ардагерлерден құралған «Ардагер» командасы да ойын алаңында бақ сынасады. Сайыста басынан-ақ ойыншылар ерекше ептілік пен өзгеше ойын өрнегін көрсетіп жатыр.

Біріншіліктің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байысбаев пен аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Бұл сайыс — үлкен додалардың бастауы болмақ. Өйткені, қазір ала доп шеберлері, спорттың бұл түріне қызығушылардың саны өте көп. Жарысты ұйымдастырушылар осыны ескере отырып, жас балалардың жігерін шыңдағымыз келеді дейді.

Жарысқа қатысып жатқан командалар бұған дейін️де шаршы алаңда ала доп теуіп жүрген кіл мықтылар. Мұндай ойындар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Нәтижесінде халықаралық, республикалық додаларда ауданның намысын қорғайтын команда құру үшін мықты ойыншылар жасақталынып алынады. Ашық біріншілік екі күнге жалғасады. Жүлдеқоры да қомақты. Айта кетейік, алғаш рет ұйымдастырылып жатқан ашық біріншілікке аудандық мәслихат депутаттары демеушілік жасап жатыр. Ал, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ертең өтеді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі