БІРІГУДЕГІ МАҚСАТ– КООПЕРАТИВТІ ЖАҢА ТЕХНИКАМЕН ЖАРАҚТАНДЫРУ

174

— Шаруалар кооперативтерге бірігуден не ұтады?

— Міне, нақты сұрақ. Қазір әрқайсысының жеке жері бар. Жұмысын істеп жатыр. Кооперативтерге бірігудің мәселесі бірлесіп қызмет жасау. Яғни, техниканы бірлесіп пайдалану, минералды тыңайтқышты, жанар-жағармайды бір жерден алу жүзеге асырылады. Одан кейін өнімді жинау, өткізу мәселесі де бірге атқарылады. Бұған барлық техника жұмылдырылады. Бұл жерде айта кететін нәрсе. Бірігудегі мақсат – кооперативті заманауи үлгідегі жаңа техникамын жарақтандыру. Мәселен, Жолдауда айтады.

«Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал».

Бұл өте қиын мәселе. Жеке-дара жүрсе, шаруалар техникаларын жаңалай алмайды. Себебі, жаңа техникалардың бағасы шарықтап кетті. Мәселен, 2010 жылдары бес миллион теңге тұратын трактор қазір он миллион теңге тұрады. Бағасы екі есеге өскен. Оны шаруалардың алуға шамасы жоқ. Сондықтан, кооперативтерге бірігіп, оларды техникамен қамтамасыз ету керек. Біздегі майда, ұсақ шаруашылықтарды біріктірудің ең негізгі тетігі осы. Мемлекет техниканы кооперативтерге 50 пайыздық субсидиямен (қайтарымсыз қаржы) береді.

 

— Меніңше қазіргі кооперативтерге берілетін 28 миллион теңге қаржының өзі теңізге құйған тамшыдай ғана емес пе?

— Дұрыс айтасыз. Қазіргі кезде кооперативтерге 28 миллион теңге шамасында қаржы береді. Ол жаңа бір техника, пайдаланылғаны болса, асып кетсе екі техникаға ғана жетеді. Ал, жаңадан құрылған кооператив бір-екі техникамен алысқа ұзай алмайды. Алдымен Сауран ауданындағы жетекші бір ауылда осындай үлкен кооператив құру керек. Мәселен, келесі жылы «Ауыл аманаты» жобасына берілетін қаржыны көбейтейін деп жатыр. Сол кезде осы бастаманы өндіріске батыл енгізу керек. Мен осы мәселе туралы Түркістан облысы әкіміның орынбасары Ермек Кенжеханұлына кіргенімде, ол кісі мені қолдап министрлікпен сөйлескенде, «келесі жылы бөлінетін қаржы еселенеді» деген пікір білдірілді. Осы мәселе созбалаңға салынып кетпесе болғаны.