КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫ
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – ауыр интоксикациямен, айқын геморрагиялық синдроммен сипатталатын және иксодты кенелердің шағуы арқылы берілетін табиғи-ошақты трансмиссивті ауру. Латын тілінен аударғанда «геморрагия» қансырау деген мағынаны білдіреді. Аурудың қоздырғышы – арбовирус. Ол төмен температураға төзімді, бірақ қайнатқан кезде тез өледі.
Қырымда алғаш рет Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (бұдан әрі – КҚГҚ) ауруын 1944-1945ж.ж. ресейлік вирусолог М.П.Чумаков анықтады. Конгода 1956 жылы Конго деп аталатын вирус безгегі бар науқастың қанынан табылып, ал 1969 жылы Қырымда табылған вируспен сәйкестігі анықталған.
Қазақстанда бұл геморрагиялық қызба «көкала» деген атпен 1948 жылдан бері белгілі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары Жамбыл, Қызылорда, Түкістан облыстарында және Шымкент қаласында орналасқан.
Республикада тұрғындар арасында 2021 жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен 19 жағдай, оның ішінде Қызылорда облысында – 12, Түркістан облысында – 4 және Жамбыл облысында — 1, Шымкент қаласында – 2 жағдай тіркелген.
Инфекцияның негізгі көзі – иксодты кенелер, олар вирусты трансмиссивті жолмен таратады және вирустың сақтаушылары мен аурудың тасымалдаушылары болып табылады.
Вирустың уақытша резервуары – бұл ауылшаруашылық жануарлары (ірі мүйізді мал,қой, ешкі), табиғи биотопта – қояндар, кірпілер, құстар.
Адам ауруды зақымдалған кенелер шаққан, малды қырыққанда және оларды кенелерден қолмен тазартқан кезде кенелердің ішіндегісінің дененің ашық бөліктеріне түсуі нәтижесінде, науқастарды күткенде және оларға медициналық көмек көрсеткенде жұқтырады. Зертханалық жағдайда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышымен жұмыс жасағанда тамшылы-респираторлық жолмен жұқтыруы мүмкін.
Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 14 күнге дейін созылады. Аурудың басталуы жедел, кейде кенеттен болады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының негізгі белгілеріне теріге қан құйылу, қызыл иек, мұрын, құлақ, жатыр, асқазан-ішек қан кетулері тән және дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда науқастың өміріне қауіп төндіреді.
Қазіргі уақытта Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы сенімді және тиімді вакцина жоқ.
Әрбір адам өзін кене шағудан қорғау үшін келесі ережелерді сақтауы, атап айтқанда:
— кенелердің киім ішіне, терінің ашық жерлеріне ену мүмкіндігін азайтатындай киіну;
-жабысқан кенелерді анықтау үшін өзіне және бір-біріне жиі (әрбір 10-15 минут сайын) бақылау жүргізу;
-тікелей шөпке отырмау және жатпау;
-табиғат аясынан оралғаннан кейін киімді және денені толықтай қарап шығу;
-кенелер болуы мүмкін екенін ескере отырып, тұрғын жай және өндірістік бөлмелерге жаңадан жұлынған гүлдерді және сырт киімдерді кіргізбеу;
-үй жануарларынан кенелерді жинаған кезде қолғап кию;
-кенелерді жасқандыратын арнайы дәрі-дәрмектерді пайдалану;
-денеден кенені байқаған кезде, дереу емдеу мекемесіне жүгіну;
-кенені алып тастағаннан кейін 14 күн ішінде өз денсаулығын жіті бақылып, нашар сезінген жағдайда дәрігерге қаралу қажет.
Осы қарапайым ережелерді орындай отырып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтыру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болатынын есіңізде ұстаңыз.
Назгүл ӘШІРБАЕВА,
Сауран аудандық емханасына қарасты Шаға дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі дәрігері.