ЕСКІ ИҚАННЫҢ ЕЛЕУЛІ ЕСЕПШІСІ

152

Умсин Абдугаппарқызы Муслимованы Сауран ауданы әкімдігінің Ескі Иқан ауылдық округінің үлкен-кішісі жақсы біледі. Ол Ескі Иқан ауылдық округі әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінде бас маман болып қызмет етеді. Өз ісінің маманы болғандықтан оны арнайы іздеп келіп, ақыл-кеңесін алып отыратын тұрғындар күні бойы ағылып жатады.

Умсин Абдугаппарқызы 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы, Ескі Иқан ауылында туып өсті. Ауылдағы ВЛКСМ 50 жылдығы атындағы жалпы орта мектепті 1980 – 1991 жылдар аралығында оқып бітірді. Бала жасынан есеп-қисапқа жүйрік жас қыз алдымен 1994 жылы Ташкент қаласындағы Халық шаруашылығы институтының есеп және аудит факультетін бітірді. Әлі де есеп-қисапты жетік меңгеру үшін аудиторлық білімнің аз екендігін ерте бағамдап, 2002 жылы Шымкент қаласындағы Мирас Университетінің қаржы факультетіне түсіп, ойдағыдай бітірді.

Алғашқы еңбек жолын Түркістан қаласы, Ескі Иқан ауылы, «КПСС ХХІІІ съезі» совхозында жұмысшы болып жұмыс атқарды. Арада бір жыл өткенде Ташкент қаласындағы Бируни Университетіне есепші болып қызметке кірісті. Онда біршама тәжірибе жинақтаған соң, туған ауылы Түркістан қаласы, Ескі Иқанға келіп, ауылдық советте есепші қызметін бес жыл атқарды. Совхоз тарап Ески Иқан кооперативке айналғанда қарапайым қызметкер болып іске кірісті. Жас маманның аяқ алысын тез байқаған басшылардың ұйғарымымен Ескі Иқан әкімшілігінде стенограф-хатшы болып жұмыс атқарып арада көп өтпей, Түркістан қаласы әкімдігінің Ескі Иқан ауылдық округ әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесіне бас маман-бас есепші лауазымына тағайындалды. 2019 жылы ауыл Кентау қаласы әкімдігіне көшкен кезде, қайтадан Ескі Иқан ауылдық округ әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесіне бас маман лауазымына тағайындалды. Сауран ауданы қарамағына ауылдық округ өткен кезде Сауран ауданы әкімдігінің Ескі Иқан ауылдық округ әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесіне бас маман лауазымына қайта тағайындалды. Мұның өзі Умсин Абдугаппарқызының өз ісіне жетік, мамандығының шебері екендігін көрсетеді.

Соның бір белгісі 2006 жылы Түркістан қаласының әкімі Ә.Бектаевтың қолынан Алғыс хат алса, 2013 жылы Түркістан қаласының әкімі Б.Әшірбековтың дипломын, 2014 жылы Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевтың дипломын иеленді.

2007 жылы «Өнегелі азамат» төс белгісін, 2015 жылы «Еңбек даңқы» төсбелгісін иемденді. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Умсин Абдугаппарқызы өнегелі отбасынан шыққан. Әкесі Абдугаппар Урманов Ескі Иқанда ұзақ жылдар бойы зоотехник болып жұмыс атқарды. Қазір зейнеткер. Анасы Халбиби Урманова көпбалалы ана. Умсин Абдугаппарқызы ұлын үйлендіріп, екі немересі бар.

Түркістан облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясы   жанындағы  Сауран аудандық аналар кеңесінің Ескі Иқан ауылындағы аналар кеңесінің төрайымы қызметін атқарып келе жатқан Умсин Абдугаппарқызы былтырғы жылы көптеген  іс- шаралармен қатар  Ескі Иқан ауылында аудан көлемінде  «Үлгілі келін -2022» байқауының жоғары деңгейде өтуіне  атсалысып, өзінің ұйымдастырушылық, елмен тіл табыса алатын  қабілетін көрсетті. Қашанда туған ауылының экономикалық дамуына, ауылдастарының қаржылық сауаттылығына сүбелі үлес қосып келе жатқан Умсин Абдугаппарқызының ісіне құт-береке тілейміз.

 

Ләззат САРЫБАЕВА.