ПРЕЗИДЕНТ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІ КӨТЕРДІ

170

Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлік белсенділікті ынталандыру, еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру, инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау міндетін қойды. Оған қоса азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру, адам капиталының сапасын барынша арттыру, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау мәселелерін ерекше атап айтты. Адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру де басым бағыт болмақ.

Қазақстанда саяси өзгерістердің аз уақытта жемісін көре бастадық деуге болады. Биылғы сайлау алдыңғы саяси науқандардағыдай емес, қатысқан және парламентке өткен партиялардың көбейгенін көрдік. Көппартиялық жүйенің енгізілгеніне куә болдық. Мұндай өзгеріс саяси алаңда жүрген партиялардың арасындағы бәсекелестікті арттырады. Бәрі өзін көрсетуге, халық сенімін иеленуге барын салатыны қазірден-ақ белгілі. Сайлау кезіндегі пікірталастар, жасалған қадамдар соның айғағы.

Мәжілісте қаралатын заңдар немесе қандай да бір мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, саяси плюрализм орнайды деп сенемін. Осылайша сапалы заңдардың қабылданып, басқару жүйесі тұтастай жаңа форматқа көшетіні анық.

«Енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналады» деді Мемлекет басшысы. Осы төрт жылда соған қажетті алғышарттардың көбі жасалды десек болады. Сөйтіп «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы толықтай жүзеге асырыла бермек.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде еліміздің жастары әрдайым өзінің айрықша назарында екенін жеткізді.

– Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, Президентіміз айтқандай, билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек. Еліміздің білімді жастарға сенімі артып, ел ісіне араласуға мүмкіндік беруі мені қатты қуантты. Біздің Түркістан облысы халқының да жастарға деген сенімі бөлек.

Міне, алдағы уақытта Президент пен халықтың сенімін ақтап, еліміздің дамуы жолында жастарымыздың аянбай күш салатынына сенімдімін.

Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Ол бірер күнде құрылмайды. Президент бұл қағиданы жастар жүзеге асырады деп сенім білдіріп, қазіргі билік жұмысына соларды көбірек араластыруды міндеттеді. Көріп отырмыз, жаңа сайланған Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар көбейіпті. Қазақ «Жас келсе – іске» дейді. Міне, мүмкіндік! Жүйені өзгерту жастардың қолынан келеді.

Президент ұсынған Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданса, онда осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетіліп, оны шешу жолдары ұсынылса, көп түйткіл тарқатылар еді. Президент барлық істің бел ортасында болу, ел мүддесін бәрінен жоғары қою, мәслихаттармен бірлесе жұмыс істеу мемлекет саясатын барынша үйлесімді ететінін айтты. Енді шын мәнінде ықпалды Парламентке айналу жолындағы бағыт-бағдарымыз айқын болмақ.

 

Жанат ШАРДАРБЕКОВА,

Түркістан облыстық

«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры.