САУРАНДЫҚТАРДЫҢ ҚОС ҚУАНЫШЫ

148

Шалғайда емес облыс төңірегінде тұрса да бұған дейін үйлерін жылыту үшін от жағып, күл шығарудың бейнетін тартқан, қыстық отынның қымбатшылығы мен тапшылығынан жапа шеккен, бұған дейін құдық суын пайдаланып келген, сапалы ауыз суды тұтыну өзекті мәселеге айналған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.

Олай дейтініміз, құрылғанына 2 жыл толған Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылдық округіндегі 114 үй берекенің бастауы табиғи газбен қамтылса, аудан орталығы Шорнақ ауылдық округіне қарасты, Аша елді мекеніндегі 499 үй сапалы ауыз суға қол жеткізді. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев ауылдағы ағайынның айтулы қуанышына ортақтасты.

Киелі қаланың облыс орталығы атанғанына 5 жыл толуына орай Түркістан облысында ауыл, аудан, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Сыры терең Сауран — өз заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар. Бүгінде Ескі Иқан ауылдық округінде 19000 халық тұрса, соның ішінде 3142 үйге, 27 мекемеге толық газ құбыры жүргізілген. Сондай-ақ, ауылдағы 13 көшеге, 114 үйге табиғи газ берілді. Аудан әкімі өз кезегінде көгілдір отын осы өңірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізетінін атап өтті. Үйіне алғашқылардың бірі болып көгілдір отын кіргізген ғасыр жасаған ауыл тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Закир Мұсаев та қуанып, ауылдағы игі шараға ұйытқы болған жандарға батасын берді. Ауыл ақсақалдары салтанатты шараның ашылу лентасын қиып, аудан әкімі табиғи газды ел игілігіне пайдалануға берілуімен құттықтады.

«Бүгін біздің ауылда үлкен қуаныш болып отыр. Қасиетті айда газ келіп, бәріміз қуанып жатырмыз. Бұрын үйді жылыту үшін көмір жағып, күл шығарып әбігерге түсетінбіз. Отын тасу да оңай шаруа емес. Көмір мен отын да қымбат. Бұған дейін қыстыкүні орта есеппен 7-8 тонна көмір жағатынбыз. Енді міне бұл бейнеттен құтылдық», — дейді ауыл тұрғындары.

Тұрғындарды үздіксіз газбен қамтамасыз етуді «QazaqGaz» ұлттық компаниясына тиесілі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және «Интергаз Орталық Азия» мекемесі жүзеге асырды. Ауыл тұрғындарын құттықтаған газ мамандары тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану ережелері көрсетілген жадынамалар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осы орайда тұрғындарды мазалаған сұрақтарға жауапты маманнан жауап алған болатынбыз.

«Қаншама халықты әуреге салған көмір жағу мәселесі шешімін тауып, Ескі Иқан ауылының тұрғындары көгілдір отынға қолы жетіп отыр. 2017-2018 жылдары басталған жобаның АГТС-і (автомат-тандырылған газ таратушы станция) дайын болмады. Қуаттылығы сағатына 33 мың текше метрді құрайтын газ таратушы станция 2022 жылдың қазан айында іске қосылды. АГТС арқылы Сауран ауданына қарасты 6 елді мекен газбен қамтылып отыр. АГТС-сіз ішкі орамға газ келмейтіндіктен, 2018 жылы біткен жоба-ның былтырғы жылға дейін қандай күйге ұшыра-ғанын нақты айта алмаймыз. Орын алған кемшіліктер жойылып, әзірге 13 көшені көгілдір отынмен қамтама-сыз етіп отырмыз. Көгілдір отын биылғы жылыту мау-сымына дейін толықтай тұрғындар игілігіне пайдала-нуға беріледі», — дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркіс-тан өндірістік филиалы директоры Нұржан Түймебаев.

Дәл сол күні ашалық тұрғындарға тіршілік нәрі жетті. Жоспарға сәйкес ауыз сумен қамту жұмыстарының ІІ ке-зеңі іске қосылып, ауылдың барлық тұрғындарына таза ауыз су тартылды. Қаншама жылдан бері таза ауыз судан тапшылық көріп келген ашалықтардың қуанышы есе-леніп жатыр. Бүгінде тереңдігі 720 метр су ұңғымалары мен сыйымдылығы 200 текше метр су қоймалары халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеру бағытында тағы да 32 үйге қосымша ауыз су құбыры тартылуда. Аудан әкімі елді мекендерді тіршілік нәрімен қамту жұмыстары одан әрі жалғасатынын, алдағы уақытта Ескі Иқан, Ибата, Қосмезгіл, Жүйнек, Қарашық, Шорнақ елді мекендерін де ауыз сумен қамтудың жобалық сметалық құжаттары жасалып жатқанын жеткізді.

«Бұрын құдық суын пайдаланушы едік, су деңгейі жыл сайын төмендей беруші еді. Дәмі де тұзды болатын. Бүгін, міне есігіміздің алдында сарқырап ағып тұрған сапалы тұщы суды көру біз үшін үлкен қуаныш. Әкелеріміз айтушы еді, келешекте көркем бір заман орнайды, сендер соның куәсі боласыңдар деп. Ауданның көркейіп, өркендеуін күнде тілеп отырамын. Енді су тапшылығы болмаса екен», — деген тілегін жеткізді ауыл тұрғыны Бақберген Тұрғынов.

Қос бірдей қуанышқа ортақтасқан аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев тұрғындарды құттықтап, аудан инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жоспарға сай жүзеге асатынын атап өтті.

Азамат ӘЛІБЕК.